«Қансонарда бүркітші шығады аңға...» Избранное

Пятница, 02 Февраль 2024 08:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 411 раз

Сондай сонар күні болды. Шымкентте Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бар. Оңтүстік өңірде ғана емес әзірге Қазақстанда жалғыз орталық десе де болады.

burkit-1

 

Африка көсемі, өле-өлгенше екі қолы отаршылардың жағасында кеткен Нельсон Мандела деген айбозым бар.
Сол кісі айтар екен. «Отаршылар келгенде жерің үшін қасық қаның қалғанша күрес. Кіргізбеуге тырыс. Ал, олар сені тіл, салт-дәстүр мәдениетіңнен айырса, онда жеріңді қорғамай-ақ қой. Өйткені, ол жер сенікі емес».
Ойының нобайы осы. Сол сияқты қай халықты да өзгелердің алдында айдындандырып тұратын қасиеті –оның ұлттық болмысы.
Саятшылық өнері қазақ даласында бағзы кезеңдерден бері қалыптасып, дамығаны белгілі. Бүгінде осы ұлттық саятшылық дәстүрімізді ұмыт қалдырмай, салт-дәстүрді берік ұстанып, дәріптеп жүрген, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің өнерін насихаттау мақсатында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен Төле би ауданы, Кеңесарық ауылында «Өмір салты – саятшылық» атты ауқымды этнотанымдық шара өткізілді.
Бұл шараның саятшылардың шеберлігін арттыруда, құсбегілік, тазы жүгірту секілді саятшылық өнерін насихаттауда маңызы зор. Шара барысында шырғаға тазы жүгіртіп, бүркіт салу, баптау жолдары және «Сыралғы» дәстүрі көрсетілді. Құсбегі, тазы баптаушы Жомарт Кеуенов, атбегі Сейдолла Жомартұлы, Мұхаммед Талғатұлы шараға қатысқан көпшілік пен «Төле би отбасылық үлгідегі» балалар ауылының тәрбиеленушілеріне, Кеңесарық ауылының, Б.Биболатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларына саятшылық өнері мен ондағы ырым-тыйымдар жайында әңгіме өрбітіп, өнерлерін көрсетті. Жасөспірімдерді батылдылыққа, ептілікке, жомартыққа, ер жігітке тән жеке қасиеттерін жетілдіруге үйрететін аталмыш іс-шараға Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Бақтияр Спанов және орталық қызметкерлері, белгілі журналистер Әбдімәлік Ағыбай, Бейсенкүл Нарымбетова, Ерсұлтан Әмірбек және режиссер Батырхан Дәуренбеков, «Айғақ», «Ontustik», телеарналарының, «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті» газетінің тілшілері және жергілікті Қасқасу ауылдық округінің әкімі Мейіржан Сейфоллаұлы қатысты.

burkit


Аспанмен амандасқан Алатаудың қолтығында орналасқан Төле би ауданының Кеңесарық ауылы, Өгем жазығында өткен «Саятшылық» іс-шарасынан осыны тағы да ұқтық.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйытқы болған бұл мереке жыл сайын лайықты түрде аталып өткізіліп келеді. Бақтияр Спанов бастаған орталық қызметкерлері ұлттық болмысымызды айшықтайтын саяшылық мерекесіне айтатындай дайындалыпты.
Қырға Абылайша қос тігілген. Текемет, сырмақпен жабылған. Аңшылық қосы. Мосыда қара шәйнек қайнап тұр. Қазақтың ырысы қара қазан. Ауылдың атсейіс, құсбегі, шырғаға тазы жүгіртетін бапкерлері жиналған.
Бізді қатты қуантқаны, осы мерекеге Төле би ауданындағы отбасылық үй балаларының келуі болды. Отбасылық дегеннің ар жағы тағдыр тезінде қалған жетім балалар ғой. Тұлдыр, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандары да бар.
Оңтүстікте қалың қар көп жата бермейді. Шәйға салған қанттай тез еріп кетер еді. Бұл жолы жауғаны керемет. Тау жақ бозаңытып, шаңғытып тұрды. Айнала аппақ дүние...
Күн желкем, аяздау болса да осы балалар қатты қуанды. Олардың жайнаған жүздеріне қарап біз қуандық,
Қанаты далпылдап, көкке ұмтылған бүркіт. Топшысы қаздың белін үзіп жіберетін ителгі. Ине жұтқандай белі бір уыс, қоян, түлкіні аттатырмайтын сүлік тазы... Оған қазақтың пырағы, белді аттарды қосыңыз. Олар түгілі, қала балаларының өзі көре бермейтін саятшылық өнер.
Қазақтың сөзін ұстаған арқалы ақын, талай халықаралық айтыстарда бас жүлде алған Нұрлан Есенқұлов баяғының билеріндей сөз саптап, саятшылық өнердің жай-жапсарын бүркітші, аңшылармен бірлесе баяндап берді. Оған облыстағы мықты этнографтардың бірі, қазақ салт-дәстүр, әдеп-ғұрпының білгірі Гүлшат Жақанқызының сүбелі әңгімесін қосыңыз.
Тағдыр тезін тартудай тартып жүрген балалардың үлкен олжа тапқаны анық еді.
Саятшылық, құсбегілік, шырғаға тазы жүгірту нағыз ер жігітке лайық асыл өнер. Кезінде елде ашаршылық болып, халық қырылар болғанда тұтас ауылды аң-құс етімен қарық қылып, жоқшылыққа ұрындырмаған аңшылар қазақ тарихында көп.
Бұл ата кәсіп жігіттерді батырлыққа, қиыннан қиыстырар ептілікке, серілікке, жомарттыққа баулиды.
Оңтүстіктің қарға қарқ бола бермейтінін айттық. Әлеуметтік желі дегеніңіз ештеңені қағыс қалдырмайды ғой.
Түркістандық әріптестер қалалық баспасөз қызметінің жетекшісі Гауһар Қабылбекқызына наз айтып жатыр. «Түркістанға бес-алты түйір қар жауып еді, іскер әкіміңіз Нұрбол Тұрашбек сыпырып, сиырып тазалап жатыр. Аппақ қар жата тұрсыншы, тиіспесінші...» дейді.
Әзіл болғанымен Оңтүстік жұртының мынау аппақ әлемді сағынатындығы хақ. Талай жаңа жылдар қарсыз қарсы алынды. Қаңтарда қар борағаны түгіл ағыл-тегіл жаңбырмен қарсы алғанымыз кеше ғана.
Осындайда, басын мәңгі сіре қар басқан Алатау әлдилеген Өгем жазығында саятшылық, сыралғы дәстүр тамаша өткендігі көпшіліктің көңіліне жылылық ұялатты.
Әсіресе, өз ата-анасы емес, мемлекет қамқорлығының арқасында өсіп жатқан балалардың қуанышын көру бір керім екен.