Азат басың болмасын құл Избранное

Среда, 07 Февраль 2024 04:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 303 раз

Мемлекеттің ең басты құндылығы ол – адам және оның өмірі, құқығы мен еркіндігі. Әрбір азаматтың құқығы еліміздің Конституциясымен қорғалған. Ал, Конституция талаптарының сақталуын әрбір өңірдегі арнайы өкіл қадағалайды. Біз ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан ӘБДЕЗОВПЕН өткен жылы атқарылған жұмыстар жайлы тілдестік.

sot

 

– Нұржан Әлібекұлы, адам құқығының сақталуы бойынша шымкенттіктер жиі шағымдана ма?

– Былтыр қала тұрғындарының 200 өтініш-шағымы қаралды. Оның 93-і, яғни 46,5 пайызы сотқа дейінгі тергеу амалдарына және олардың заңдылығын қадағалауға қатысты, ал 26-сы (13,9 пайызы) күшіне енген заңнамалық актілер (үкімдер) бойынша түскен. Ал, қылмыстық істер бойынша сот үкіміне қатысты түскен 19 шағымның алтауы азаматтық істер бойынша, біреуі әкімшілік істер бойынша сот шешіміне қатысты қаралды. Сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты 16 өтініш, медициналық көмек көрсетуге қатысты да сонша өтініш түсті. Жалпы, азаматтардан түскен 56 өтініш-шағым бойынша жұмыс нәтижелі аяқталды. Ал, 39 пайызы, яғни 78 өтінішке қатысты азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмысы жүргізілді.

sot-1

 

– Қараған өтініш-шағымдардың арасынан оң шешімін тапқан іске мысал келтірсеңіз...

– Иә, әрине. Ерекше балалардың ата-аналарынан келген өтініштер бойынша атқарылған жұмыстардан мысал келтірейін. Қыркүйек айында өкілдіктің офисінде 18 жастан асқан мүгедек балалардың ата-аналарына ашық қабылдау өткіздік. Бұл жиынға әкімдік қызметкерлері, мемлекеттік уәкілетті органдар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты. Қабылдауда азаматтардың 8 ұжымдық өтініші қаралды. Оның алтауын туғаннан 2-топ мүгедектігі бар балалардың ата-анасы жазған. Олар медициналық-әлеуметтік сараптама мен куәландырудан өту үшін ауруханадан бес жылдан аса «ф.31» жолдамасын ала алмаған. Қалған 2 өтініш 1-топ мүгедектігі бар балалардың ата-анасынан түсті. Олар балаларының мүгедектігін растау үшін әр белгіленген мерзімде комиссиядан өткізу үшін әкеліп отыруға мәжбүр. Бұл жағдайда балаларды тасымалдау біршама қиындық туғызып келген. Ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін үйден тыс іс-шараларға араласу – үлкен күйзеліс. Қамқоршылары кәмелетке толған мүгедек балаларына 1-топ мүгедектіктігін мерзімсіз тағайындау жөнінде өтініш білдірді. Қабылдау кезінде ата-аналар өздерін толғандырып жүрген барлық сұраққа жауап алды.
Өтінішке арқау болған сауалдар бойынша мән-жайды анықтау үшін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне сұрау салдым.
Ұжымдық шағымды қарастыру нәтижесінде 2-топ мүгедектігі бар 6 жанның бесеуіне 1-топ мүгедектігі берілді. Олар екі жылдан кейін қайта комиссияның тексеруінен өтеді. Ал, бір балаға мерзімсіз 1-топ мүгедектігі берілді. Осылайша мүгедектігі бар балалардың құқығы қорғалып, мәселе шешімін тапты.
Өткен жылдың қараша айында өкілдіктің офисінде ҮЕҰ жетекшілері мен 17 ерекше баланың ата-анасымен кездестік. Ол кезде кәмелетке толмаған балалардың жайы қаралды. Бұл балаларға «муковисцидоз» диагнозы қойылған. Кездесудің бастамашысы өзім болдым.
Кездесу барысында ата-аналар «Флуимицил» және «Окистар» дейтін қымбат дәрілік препараттар қажет екенін жеткізді. Алайда, бұл дәрілер кепілдендірілген тегін дәрілік препараттар тізіміне енбеген. Тұрақты қабылдауы тиіс бұл препараттарды ата-аналардың сатып алуға жағдайы жоқ. Кездесу барысында ата-аналар ҚР Адам құқықтары бойынша уәкіліне хат жүзінде өтініш жасады. Олар мәселені Шымкент қаласының мәслихат отырысында қарауды және дәріні 2024 жылғы бюджет жоспарына қосуды сұрады.
Осы ұжымдық өтінішті қарастыру барысында қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы мен муковисцидозбен ауыратын ерекше балалардың ата-аналарының кездесуіне себепкер болдық. Бұл мәселе нәтижелі шешілді.
Өткен жылдың қараша айында Шымкент қаласы мәслихатының отырысында жоғарыда аталған дәрілік препараттарды 2024 жылдың бюджетіне енгізу туралы шешім шықты. Осылайша, ұжымдық өтініш толықтай қанағаттандырылып, ерекше балалардың құқығы қорғалды.

– Өтініш-шағымдар бойынша мәселелерді шешу кезінде Сіз мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқарасыз. 2023 жылы мемлекеттік ұйымдарға қандай сұрақ бойынша жүгіндіңіз?

– Мемлекеттік органдарға азаматтардың өтініш-шағымдары бойынша 145 сұрау жолданды. Олардың ішінде прокуратураға – 39 (26,9%), полиция департаментіне – 26 (17,9%), Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне – 20 (13,8%) хат жібердік. Ең көбі, яғни 51 (35,2%) хат жергілікті атқару органдарына жолданды. Өзге мемлекеттік органдарға 9 (6,2%) сауал жіберілді.

– Уәкіл өкілі қосымша қандай әрекет жасай алады?

– Біріншіден, ұсыныстарды мемлекеттік органдарға бағыттап отырамыз. Әдетте, олар кемшілік анықталған мониторинг нәтижесіне сүйенеді. Ұсыныстар мониторинг жүргізілген мекеме басшысына қатысты одан жоғары органдар тарапынан тәртіптік немесе әкімшілік іс қозғау сипатында болуы мүмкін. 2023 жылы түрлі органға 65 ұсыныс жолдадық. Ол құжаттарда орын алған құқық бұзушылықтар мен азаматтардың бостандығын қалпына келтіруді сұрадық. Ұсыныстардың 60 пайызы қолдау тауып, тағы 5 ұсыныс қаралып жатыр.
Уәкілдің қолдаухат дейтін құралы бар. Өткен жылы азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға қатысты тәртіптік және әкімшілік іс жүргізу, қылмыстық заң бұзушылықтар бойынша 11 қолдаухат жіберілді. Нәтижесінде 2 адам қылмыстық, 1 адам әкімшілік және 8 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Дайындаған
Азамат ОРАЗАЛИЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.