Жер сілкінісі: Шымкентте жағдай қалай?

Среда, 31 Январь 2024 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 384 раз

Алматы қаласында 23 қаңтарда жер сілкінісі тіркеліп, жерасты дүмпуі Астана, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Қарағанды облыстарында да сезілді. Сейсмологтар екі күннен кейін, 25 қаңтарда түнде және таңға жуық Алматыда болған 2 балдық жер сілкінісін тіркеді.

pojar

 

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Президент ел аумағының үштен бір бөлігі сейсмикалық қауіпті аймаққа кіретінін, сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам жер асты дүмпуін тіркегенін атап өтті.
Ресми БАҚ-тан да, әлеуметтік желілерден де кейбір алматылық тұрғындардың күннің суықтығына қарамастан далаға жалаңаяқ әрі желең қашып шыққанын көрдік. Бұл, әрине, күлетін нәрсе емес. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, адамдар қауіп төнген кезде өз басының амандығын ойлайтыны сөзсіз.
Хош, Алматыда болған төтенше жағдайдан кейін еліміздің аймақтары қандай сабақ алуы керек? Әрине, барлық өңірлер «айтып келмейтін апатқа» техникалық жағынан да, моральдық жағынан да дайындығын күшейте түсуі тиіс. Тосыннан келетін төтенше жағдайға Шымкент қаласының дайындығы қалай? Апат кезінде тиісті органдар мен құтқарушылар, арнайы мамандар шұғыл әрекет етуге дайын ба? Қала тұрғындары мұндай жағдайда не істеуі қажет? ТЖД мамандары түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізіп жатыр?

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өткізген жиында халықты эвакуациялау мен құлақтандыру жүйесі, «қауіпсіздік чемоданы», жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы, көлік пен медициналық көмек, ғимараттар мен нысандардың сейсмикалық орнықтылығын күшейту қажеттігіне т.б. өзекті жайттарға ерекше тоқталған болатын.
Осыған орай, біз Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, майор Шыңғыс Зиядиновпен сөйлескен болатынбыз. Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар департаменті өткен жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 4017 оқу-жаттығу өткізген, оның 1140-ы сейсмо жаттығулар. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловпен бекітілген «2023-2025 жылдарға арналған жер сілкінісі кезінде халықты даярлау және насихаттау» жоспарына сай, қаладағы 4 шағынауданда сейсмикалық жаттығу өткізіліпті.
– Оқу-жаттығуларды әр тоқсан сайын жедел құтқару жасағы, медициналық апаттар орталығының мамандарымен бірлесіп өткіземіз. Білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелерінде сабақ түрінде өткізіп, мұғалімдерге, оқушыларға, персоналдарға жер сілкінісі кезінде кім қандай іс-әрекет жасау керек, қай жер қауіпсіз және қай жер қауіпті екендігін түсіндіреміз. Арнайы даярланған бейнероликтер бар. Ал оқу-жаттығу кезінде адамдардың қауіпсіз аймаққа шығуын қадағалаймыз, апат кезінде құлап қалу, біреудің үстіне жиһаздың құлауы, жарақат алған кезде қандай іс-қимыл жасау керектігін арнайы мамандар түсіндіреді, – дейді майор Шыңғыс Өмірұлы.

pojar-2


Сонымен қатар, Департамент өкілі жер сілкінісі туралы оқу-жаттығуларды әр санатқа өз тілінде жеткізетінін атап өтті. Мәселен, балабақшада бүлдіршіндерге жер сілкінісін ойын ретінде өткізіп, үстелдің астына қалай тығылу керектігін көрсетеді.
Жалпы, қалада 21 азаматтық қорғау қызметтерінің түрі бар екен. Атап айтқанда, азаматтық қорғаудың өрт сөндіру қызметі, азаматтық қорғаудың қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі, сауда қызметі, көлік қызметі, ақпарат қызметі, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қорғау қызметі т.б. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде су, жарық, газ автоматты түрде орталық пульттен өшіріледі. Ш.Зиядиновтың сөзінше, жергілікті атқарушы органның басшылық құрамы мен мамандардың біліктілігін арттыру үшін жылына 500-дей адамды ТЖ департаменті өздері оқытады.
– Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдайдың салдарын жоюға арналған құрылымға кіретін 10 мыңға жуық адам бар. Осы құрылымдардың басшыларын, мүшелерін дайындаймыз. Командирлер жұмыс орнына барып департаменттен алған білімді сол кісілерге үйретеді. Бұдан бөлек, Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы бар. Былтыр Шымкенттен 42 адам оқып келді, – деді аға офицер.
Қала әкімімен бірлесіп жасалған жоспарға жыл сайын түзетулер енгізіліп тұрады. Шымкент сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылған. Себебі, біздің республикамыздың 40 пайызы сейсмикалық қауіпті жер болып саналады.
– Қалада әрбір мекеме Төтенше жағдайлар департаментіне арнайы хатпен шықса, біз арнайы мамандармен барып түсіндіру сабақтарын өткізіп береміз. 2023 жылы 9 мекемеде сабақ ұйымдастырылып, 885 тыңдаушы оқытылды. Онлайн режимде 208 мектепті қамтып, 21 мың оқушының қатысуымен 103 интерактивті сабақ өткізілді, – деді Шыңғыс Зиядинов.
Жалпы, жер дүмпулерінен кейін кез келген тұрғынның тынышы кетіп, үрейге бой алдыратыны сөзсіз. Ол жер сілкінісі түн ішінде болса, қорқыныш тіпті екі есе үдей түседі. Мұндай кезде азаматтар нені білгені жөн? Маманның айтуынша, қазіргі кезде үлкен де, кіші де телефон ұстағандықтан «ҚАУІПСІЗДІК ӘЛІППЕСІ» деген қосымшаны жүктеп алғаны жөн дейді. Қосымшада жер сілкінісі кезінде жасауыңыз қажет «10 қарапайым қағида» бар. Сондай-ақ камераны суретке жақындатсаңыз арнайы видеолар көрсетіледі.

pojar-1


Маманның кеңесіне жүгінсек, жер сілкінген кезде сасқалақтап, қажетті заттарды іздеп жүрмес үшін есіктің шыға берісінде әрдайым «Қауіпсіздік чемоданы» дайын тұруы керек. Оның ішінде құжаттың көшірмелері, ақша, су, дәрі-дәрмектер, құрғақ бұзылмайтын тамақтар, сізді тезірек табу үшін ысқырық, фонарик, жылы киім, телефон зарядкалары мен пауэрбанк болуы қажеттігін айтады.
– Сондай-ақ, адамдар жер сілкінісі болмай тұрып, алдын ала өзіне қауіпсіз жер дайындауы тиіс, лифтіге мінбеуі керек. 1-2 қабатта тұратындарға сыртқа шығып үлгеріңіздер деп айтамыз. Ал жоғары қабатта тұратындар қатты заттың астын паналағаны дұрыс. Көпқабатты үйлерде тұратын адамдар автокөлік тұратын жер мен ғимараттан, электр желілерінен, жолдан, тал-ағаштардың қасында емес, далада барынша ашық алаңда тұру қажет. Қауіпсіз аймаққа шыққан соң балаларға, қарттарға көмектесу керек, – дейді аға офицер.

Біле жүріңіз...

Айта кетейік, қаламызда 123 эвакуациялық орын бар екен. Оны телефоныңыздағы 2ГИС бағдарламасына кіріп, іздесеңіз шығады. Яғни өз үйіңізге қай жер жақын, сол жерге бара аласыз. Бұл орындар бейбіт уақытта басқа қызмет атқарады, ал төтенше жағдай кезінде екінші функциясы іске қосылады. Интернет жоқ болса да мекенжайды іздеп табу қарастырылған. ТЖ кезінде денсаулық сақтау басқармасынан арнайы топтар алғашқы көмек көрсету үшін осындай эвакуациялық орындарға барады.
Әрине, Төтенше жағдайлар департаментінің, азаматтық қорғау саласының мамандары өз жұмыстарын істеп жатыр. Десе де, біздегі халықты ақпараттандыру жүйесі, жер сілкінісі кезінде қалай сақтану керектігін, тұрғындардың жеке дайындығын әлі де пысықтай түсу қажет екендігін байқадық.
Ал Шымкенттегі нысандардың сапасы жер сілкінісіне төтеп бере ме?
Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, мемлекеттік маңызы бар ғимараттардың сапасы қандай? Олар жер сілкінісінен туындаған дүмпулерге төтеп бере ала ма? Алматыда болған жағдай Шымкентте болмайды, бізді айналып өтеді деп айта аламыз ба? Шаһардағы құрылысқа қатысты қауіпсіздік шаралары қалай жүргізілуде?

Шымкент қаласында 1991-2022 жылдар аралығында шамамен 1900 көпқабатты тұрғын үй салынған яғни 7,7 млн шаршы метрді құрайды. 1991-2017 жылдары сейсмикалық аймақтардағы құрылыс нормаларына 7 балл, 2018-2022 жылдары сейсмикалық аймақтардағы құрылыс нормаларына байланысты 7-8 балл бекітілген екен.

Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев жобалық-сметалық құжаттама әзірленген кезде бірінші зерделеу жұмыстары жүргізілетінін айтады.
– Құрылысты салғалы жатқан жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сейсмикалық аймақтардағы құрылыс нормаларына сәйкес жобалық-сметалық құжат дайындалады. Мұның бәрі экспертизадан өтеді. Жаңағы 1900 тұрғын үй сол нормаларға сәйкес жасалған. Жобалық-сметалық құжатты әзірлейтін мекемелердің жауапкершілігі болуы тиіс. Алдағы уақытта инженерлік жүйелерді толыққанды бітіріп, қоспайынша біз ол үйлерді қабылдауға жол бермейміз. Жалпы нормалық құжаттарға сәйкес, 7-8 баллға төзімді үйлердің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген соң құрылысы басталады, – деді Олжас Пердебайұлы.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, қатты жер сілкінісі болған жағдайда қалада шымкенттіктер барып паналайтын бункер жоқ екен. Басқарма басшысы ҚР Президентінің тапсырмасынан кейін қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, «төтенше жағдай кезінде ауруханада төсек тартып жатқандарды қайда көшіреді? Ондай орындар бар ма?» деп сұрадық.
– Алматыдағы жер сілкінісінен кейін болашақта сіз айтқандай апат болған жағдайда баратын жерлерін қарастыру мәселесі назарға алынып жатыр. Шыны керек, Алматының өзінде қай жерге баруды ешкім білмейді. Оған ешқайсымыз яғни халық өзіміз де дайын емеспіз, – деді құрылыс басқармасының басшысы. Сондай-ақ, ол қаладағы құрылыс нысандарының сейсмикалық төзімділігін тексеретін анализ де жоқтығын алға тартты.
– Болашақта осы мәселе бойынша кейін төтенше жағдай өкілдерімен бірігіп, жұмыс істейміз. Бізде әзірге құрылыс нысандарының сейсмикалық төзімділігін тексеретін ондай мәлімет жоқ. Әрі қаладағы ескі үйлер мен жаңа үйлерді мынау төзімді, мынау төзімді емес деп бөлуге болмайды. Өйткені олар әр кездегі сейсмикалық қаупі ескеріліп салынған үйлер, – деді Олжас Тәжібаев.

Ал осы кезде...

Мақаламызды жазып жатқан кезде 30 қаңтарда Алматыда тағы да 2 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Сонымен қатар, Шымкентте жаңа сейсмологиялық станция ғимараты салынатын болды. 1927 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бекеттің ғимараты бүгінде әбден тозығы жеткен. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шымкент» сейсмологиялық станциясының жұмысын тексеріп, жауаптыларға жаңа ғимарат салуға тапсырма берді.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.