ЖОЛ САПАСЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА Избранное

Пятница, 15 Март 2024 06:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 360 раз

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалында «Ашық есік күні» өтіп, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Жол саласындағы бірқатар мәселелер талқыға түсті. AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, партияның бақылау комиссиясының мүшелері мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.

joll

 

Мекеме басшысы Мұхтар Дүйсембеков атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысын баяндады. Мекеменің құрылғанына биыл 5 жыл толады. Мұндағы зертхана республика деңгейінде алдыңғы қатардағы зертханалардың бірі.
Қалада тұрақты жұмыс істейтін 14 асфальт-бетон зауыты болса, оның үшеуінің ғана зертханасы бар. Олар жол құрылысына пайдаланатын құрылыс материалдарын осында келіп тексертеді.
Цифрландыру бойынша да бірқатар оң нәтижелер бар. Инженерлер жолға тексеріске шыққан кезде оның қорытындысын жолдың басында жазып, базаға енгізеді. Оны тиісті мекемелер көріп отыратындықтан, оған ешқандай өзгеріс енгізе алмайсыз. Сонымен бірге, қазір зертханада бейнебақылау камерасынан бөлек материалдың бәрі бірден базаға түсетін жағдай жасалды.
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ж.Бектаева жол құрылысы саласында бақылауды күшейту, басқармалармен тығыз байланыс жұмыс істеу қажет екенін айтты.
– Жолдардың сапасына қатысты шағым көп айтылады. Ендігі ретте жол құрылыстарын стандартқа сәйкестендіріп, нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, жалпы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет. Зертхананың, құрал-жабдықтардың әлеуетімен таныстық. Мұнда барлығы бар екен. Енді осы жұмыстардың нәтижесінде қалада сапалы жолдардың үлесі артуы тиіс, – деді партия филиалының атқарушы хатшысы.

joll-1


Зертхананы, заманауи құрал-жабдықтарды аралап көрген партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жол құрылысында диагностикалау, паспортизациялаудың маңызы зор екенін атап өтті. Ендігі ретте диагностика мен паспортизация жасауды тезірек қолға алу қажет. Жолды түгендеу (паспортизация), жолдарды уақтылы жөндеу, салаға көңіл бөлу – өзекті мәселе. Жолдың өзінің жөнделу мерзімі бар. Оны тұрғындарға жеткілікті түрде түсіндіру керек. Сонымен қатар, техникалық қадағалаушылардың жұмысын бақылау да назардан тыс қалмауы тиіс.
Сапалы жолдар – экономиканың күретамыры. Қалада орташа жөндеу, қайта құру, жалпы жол құрылыстарында сапаны арттыру бағытында партиялық қадағалаумен бірлесе атқаратын жұмыс көп.
Айта кетсек, 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағатттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетті. Қаланың автомобиль жолдары мен көшелерінің құрылысы кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасын тексеру барысында 233 нысанға іріктеме сараптама жасалған. Орташа жөндеуде 171 нысанның негізі тексеріліп, 102 нысанда жол-құрылыс материалдарының сапасына бақылау жүргізілген.
Осыдан төрт жыл бұрын қаладағы жол құрылысында жылына мыңнан астам ақау анықталса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш
4 есеге кеміген.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.