ЖЕМҚОРЛЫҚ БАЛ ЕМЕС, У ЖҰТҚЫЗАДЫ Избранное

Среда, 27 Март 2024 04:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 67 раз

Бүгінде бүкіл әлемге экономикалық қуатының мықтылығымен аты шыққан Сингапур мемлекетінің басшылығына Ли Куан Ю келгенге дейін әлемдегі тақыр кедей елдердің бірі еді. Өзінен шығып жатқан қазба байлықтары жоқ осы мемлекетті Ли Куан Ю ондаған жылдардың ішінде дүние жүзіндегі мықты елдердің қатарына қосты. Шетелден ірі инвестиция тартты. Ең бастысы елдегі сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып, оның орнына халықтың отаншылдық, еңбекқорлық сезімін оятты.

жемқорлық

 

Өкінішке қарай, жас Қазақстан мемлекеті бұл жолмен жүре алмады. Егемендік алған отыз жылдың ішінде мемлекеттен жүздеген миллиард доллар офшорлық аймаққа шығарылып, қазына тоналды. Бүгінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай келеңсіздіктерге барынша тосқауыл қойып, «Әділетті Қазақстанды» орнықтыруға күш салып жатыр. Алайда, қазына қаржысына қол сұққысы келетін шенділер азаймай тұр. Танысып көріңіз...
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау барысында бизнесті қорғау, әкімшілік кедергілерді жою, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.
Шымкент қаласында бір-біріне тым жақын құрылыс салуға жол бермеу мақсатында жеке меншікке заңсыз берілген жер учаскелерін мемлекет пайдасына қайтару бойынша жұмыстар жүруде. Соның нәтижесінде, сот шешімімен кәсіпкерлерге аукционсыз берілген 77 гектар, құны 3 млрд. теңгеге жуық 46 жер учаскесі былтыр агенттіктің араласуымен мемлекеттің меншігіне қайтарылған.
Әкімдік басшылығының және басқа да уәкілетті органдардың көмегімен 1057 кәсіпкердің құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік туып, 28 мәселе оң шешімін тапты. Кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқан 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Мемлекеттік кірістер департаментінің дер кезінде тиісті жұмыстарды жүргізбегенінің салдарынан 2 кәсіпкер бюджетке 109 мың теңгені артық төлеген. Агенттіктің жіті бақылауының арқасында қаржысы қайтарылды.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамағаны үшін департамент пен Шымкент қаласы әкімдігінің бірқатар бірінші басшылары өткен жылы жауапкершілікке тартылды. Олар активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынбаған тұлғаларды жұмысқа қабылдаған. Анығын айтқанда, олардың қатарында энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары мен мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының бұрынғы басшысы бар. Олар өз кінәларын толық мойындауларына байланысты ӘҚБтК-нің 680-бабы бойынша әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар қысқартылған тәртіппен қаралды.
Сонымен қатар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы төтенше жағдайлардың салдарын жою тәсілімен Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын конкурссыз 4,8 млрд теңгеге тікелей сатып алуды жоспарлаған. Осыған ұқсас тағы екі лот бойынша сатып алу тәсілін таңдағаны үшін уәкілетті орган осы басқарманың басшысы Е.Жолдасовты да әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыруға мемлекеттік қызметшілер де атсалысуда. Мәселен, сот отырысының хатшысына азаматтық іс бойынша құжаттарды жедел рәсімдегеніне алғыс ретінде бес мың теңге ұсынған азаматшаның іс-әрекетін мемлекеттік қызметші дереу тікелей басшысына хабарлаған. Нәтижесінде, сыйлық берген азаматша кінәсін мойындап, ҚР ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша сыйлықтың алпыс тоғыз есе мөлшерінде, яғни 345 000 теңге айыппұл төлеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары Өртке қарсы қызмет департаментінің басшысын ұстаған болатын. Ол өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған. Тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасасу жолымен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеп, олар бойынша уақтылы ақы төледі деп көрсеткен деп күдіктенген. Соңғы екі жылда өрт қауіпсіздігі саласында пара алу бойынша 12 қылмыс тіркеліп, 7 адам сотталған.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысын мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға жәрдемдескені үшін ЖШС өкілінен 13 млн. теңге алу кезінде ұсталған еді. Лауазымдық өкілеттерін теріс пайдаланғаны үшін қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы оған 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы жылдың басында сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексерулер жүргізіп жатыр.
Осындай тексерулердің нәтижесінде Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының м.а. азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүруде.
Лауазымды тұлға қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаржысын адамдар тобымен алдын-ала сөз байласып, жымқыру бойынша күдікке ілінді. Бұл залалдың алдын-ала сомасы 120 млн. теңгеге жетіп отыр.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Ол «Бастау Бизнес-2023» ұлттық жобасы шеңберінде гранттардың нысаналы пайдаланылуына мониторингті жүзеге асыру кезінде жалпы қамқорлығы үшін делдал арқылы 200 мың теңге сомасында пара алу бойынша күдікке ілінген азамат, тергеу сотының санкциясымен қамауға алынған.
Естеріңізде болса, 2023 жылдың тамыз айынан бастап белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту мақсатында агенттік тарапынан «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы қолға алынды.
Қазіргі таңда Шымкентте 100-ден аса жемқорлыққа қарсы белсенді тіркелген. Белсенді волонтерлардың араласуымен қаладағы мониторингтік топтың кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз баруы тоқтатылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке медициналық ұйымдардың мониторингі бойынша негізсіз бұйрық шығарған. Уақтылы әрекет ету нәтижесінде бұйрықтың күші жойылды. Сондай-ақ, волонтерлер «Қазпошта» кассаларында жүргізуші куәлігі үшін мемлекеттік бажды негізсіз алу фактілерін анықтады.
Салық кодексінің 615-бабына сәйкес жүргізуші куәлігі үшін мемлекеттік баж салығы 1,25 АЕК (4312,5 теңге) құрайды.
Көрсетілген мемлекеттік баж салығын «Қазпошта» кассаларында төлеу үшін жеке тұлғалардан 200 теңге көлемінде комиссия ұсталады. Алайда, іс жүзінде кассирлер қызмет алушылардан Kaspi.kz қосымшасындағы жеке шотқа аудару арқылы 4850 теңге сомманы талап еткен.
Нәтижесінде, осы фактіні негізге ала отырып, «Казпочта» АҚ франчайзингтік компаниямен келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат департаментке жүгіне алады немесе тәуліктің кез келген уақытында Call-орталыққа 1424 нөмірі бойынша қоңырау шала алады.

Өзипа МАҚҰЛБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.