СОТ ТӨРЕЛІГІ ТӘУЕЛСІЗ ӘРІ БЕЙТАРАП БОЛАДЫ Избранное

Среда, 27 Март 2024 05:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 67 раз

Қазір елімізде ашық және әділетті қоғам құру басты назарда тұр. Мемлекеттің әлеуметтік рөлін және құқық қорғау әлеуетін нығайту мақсатында елімізде бірқатар құқықтық реформалар жүзеге асырылуда. Бұл реформалау процесінен сот жүйесі де қалыс қалған жоқ. Жалпы, сот жүйесіндегі реформалар, ең алдымен, сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың судьяларға деген сенімін арттыруға бағытталған.

SOT155

 

Сот жүйесінде атқарылған бірқатар оң өзгерістерді, саладағы мақсаттар мен міндетті атап көрсетсек. Атап айтқанда, еліміздің басты заңы – Конституцияда соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі мәртебесі бекітілді. Заңның үстемдігі сот билігінің негізгі міндеті екендігі, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы айқындалды. Соттардың істерді қараған кезде Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерін тікелей қолдануы алға қойылып отыр.
Сот құрылысы және сот ісін жүргізу туралы заңнамаға халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидаттары мен нормаларын іс жүзінде іске асыру, олардың ұлттық заңнама алдындағы басымдығы белгіленді. Судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа талаптары мен критерийлері қойылды. Сот жүйесінің материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және кадрлық дербестігі және соттарды республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бекітілді.
Мемлекеттік қызмет түрлерінің көпшілігі цифрландырылып жатқан тұста, сот саласы да осы жаңашылдықтан сырт қалып отырған жоқ. Сот процестерін жедел және қашықтан ұйымдастырудың оңтайлы тұстары да өз пайдасын тигізуде. Электронды сот төрелігін іске асыру халықтың сотқа деген сенімін, сот төрелігіне қолжетімділігін, оның ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз етеді.
Сот жүйесінде енгізілген барлық ақпараттық-инновациялық технологиялар азаматтар мен заңды тұлғалардың сот қорғауына өз құқықтары мен заңды мүдделерін барынша ашық және ыңғайлы іске асыруға мүмкіндік береді.
Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы. Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі Кеңесте сот жүйесіндегі маңызды реформалардың табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты екенін атап айтқан болатын.
Осы ретте судьяларға және судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді. Судьялар қызметін мерзімді бағалау тетіктері енгізілді. Сот төрелігінің сапасы бойынша комиссия құрылды. Судьялардың тәуелсіздігі мен оларға қол сұғылмаушылық жөніндегі кепілдікті қамтамасыз ету үшін құрылған дербес мекеме ретінде Жоғары Сот Кеңесінің мәні мен мәртебесі күн санап артып келеді.
Заң үстемдігі орын алған мемлекетте халықтың, азаматтардың сотқа деген сенімі артатынын, ел экономикасы мен инвестициялық ахуалы жоғары болатынын өмір дәлелдеген. Сондықтан, сот жүйесін жаңғырту мен заманауи тетіктерді пайдалану алдағы уақытта да өзекті болып қала беретіні сөзсіз.
Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру – қазіргі күні мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстардың барысын айтсақ. Екі мыңыншы жылдардың басынан бері бірқатар қылмыстық істер құрамын қылмыстық сипаттан арылтудан, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуден, жазалау, баламалы бас бостандығынан айыру шараларын кеңінен қолданудан тұратын қылмыстық саясатты ізгілендіру кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Бұл мақсаттарға қылмыстық заңнаманы қылмыстық сипаттан арылту, оның жазалау сипатын төмендету, құқық қорғау стандарттарын енгізу есебінен қол жеткізіліп отыр.
Заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін тәуекелдерді есепке ала отырып, ең алдымен экономикалық қылмыс саласында қылмыстық саясатты бұдан әрі ізгілендіру мүмкіндіктері айқындалуда.
Ізгілендіру ең алдымен алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты жүргізілуде.
Ізгілендірудің ерекше бір мысалы ретінде, бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, қасақана қылмыс жасағаны үшiн екі жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалатыны туралы қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгертулерді айтуға болады.
Яғни, алғаш рет ауыр қылмыс жасаған адамдар, бұрын қылмыс жасаған адамдармен бірге жазасын өтемейтін жағдай жасалды. Бұрын мұндай сотталғандарға жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу тағайындалатын.
Бұл мәселе, алғаш рет қылмыс жасаған адамдардың түзелу жолына түсуіне өзінің оң ықпалын тигізеді деген сенімдеміз. Әрі қарай қылмыстық заңнаманы ізгілендіру процесі Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары аясында өз жалғасын таба беретіні сөзсіз.

Самат МЫРЗАХМЕТОВ,
Шымкент қалалық сотының судьясы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.