РҰҚСАТСЫЗ ҚОҚЫС ТАСТАЙТЫН 26 НҮКТЕ ТАЗАРТЫЛДЫ

Среда, 10 Апрель 2024 05:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 136 раз

Шымкентте 2023 жылы арыз-шағымдар бойынша экологиялық талаптарды сақтамаған 20 кәсіпкерлік нысанға, 4 коммуналдық мемлекеттік мекемеге тексеру жүргізіліп, 48 әкімшілік іс қозғалған. 44 әкімшілік іс бойынша жалпы сомасы 37,5 млн теңгеден аса айыппұл салынған. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев баспасөз брифингінде мәлімдеді.

 

Департамент басшысының айтуынша, Шымкент қаласының атмосфералық ауасының жағдайы және ауаның ластануына «Казгидромет» мекемесінің 6 стационарлық бекеттері арқылы мониторинг жүргізіледі.
Мегаполистің ұлғайып, өнеркәсіп орындары мен көліктің көбеюі де экологияға әсер ететіні аян. Индустриалды аймақтар маңындағы аудан тұрғындары түнгі уақытта ауа ластанып, тыныс алу нашарлайтыны жайында көп шағымданған. Осындай талап арыздар негізінде департамент тарапынан индустриалды аймақтардағы 13 кәсіпорынға тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 32,2 млн. теңгеден астам 29 әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ, департамент тарапынан ЖАО-мен бірлесіп стихиялық қоқыстарды жою бойынша рейдтер жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру орындарының ғарыштық мониторингі деректерінің көмегімен рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 26 нүкте анықталып, қазіргі уақытта аудан әкімдіктері барлық нүктелерді тазартты, – дейді Ермахан Тастанбекұлы.
Басқарма басшысы полиция департаментімен бірлесіп, көлік түтіндерін бақылау бойынша рейд жүргізудің де оң нәтиже бергенін атап өтті.
Қала аумағында жыл сайын 120 мың көшет егу, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстары жоспарға сәйкес уақытылы атқарылған.
Шымкент қаласының ортасынан ағып өтетін Қошқар ата өзеніне тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Былтыр өзенге жоспарға сәйкес 4 рет зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысында Қошқар ата өзеніне темір жол маңындағы «Тиара» қонақ үйінің жанындағы белгісіз кәрізден және ескі қала аумағындағы өзен жағалауында орналасқан тұрғын үйдің (Бостандық көшесі, №27 үй) кәрізінен сарқынды су түсу деректері анықталды.
Жиын барысында Қошқар ата өзеніне құйылған белгісіз қып-қызыл сұйықтықтың әлі де тексеріліп жатқандығы айтылды.
– Қан ба, бояу ма, әлі нақтыланған жоқ. Зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Ермахан Қозыбаев.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.