ЕҢСЕЛІ МЕКТЕП ЕРТЕҢІМЕН ҚУАНТАДЫ Избранное

Среда, 10 Апрель 2024 05:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 160 раз

Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ауданның бір топ белсенді ардагері осы аудандағы жаңадан ашылған Дінмұхаммед Қонаев атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздарымен, оқушыларымен кездесуге барды. Кездесу рәсіміне Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Тоқмағанбетов, халықаралық «Физули» атындағы сыйлықтың иегері, ақын Құрал Көмек, ҚР білім беру ісінің үздігі Аманбек Ахметбаев, Ескендір Жолдыбаев және тағы басқа да зиялы қариялар қатысты.

ot3r3s

 

Қонақтарды мектеп директоры Казбек Қашқабаевтың өзі қарсы алып, мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Дінмұхаммед Қонаев атындағы жалпы орта мектебі Шымкент қаласының «Нұрсәт» шағынауданда орналасқан. Биыл 24 қаңтарда ашылды.
Мектеп 3500 орынға лайықталып салынған. Мектептің бүкіл құрылыс жұмыстарына демеушілік еткен — кәсіпкер Низамхан Сулайманов деген азамат. Мектептің жайы 2,8 га жерге орналасқан.
— Мектеп бір ауысымда жұмыс істейді дегенімізбен, шәкірттер ұзартылған білім жүйесімен оқып, бос уақытын осында өткізеді. Яғни, сабақ таңғы 9.00-де басталып, кешкі 17.00-де аяқталады.
Балалар сабақтан соң түскі тамағын осында ішіп, бос уақыттарында пәндік, спорттық, өнер үйірмелеріне қатысып, өз талғамдары бойынша білімдерін шыңдайды. Мұнда спорттық шеберлігін арттыруға барлық жағдай жасалынған.
1-6 сыныптың 486 оқушысы, әлеуметтік жағдайы төмен 48 оқушы күніне үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мектепке 1200 бала қабылданып, оларға 105 мұғалім дәріс береді. Мектепте қазір түрлі бағыттағы 21 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Мұғалімдерге түсте бір мезгіл тегін тамақ беріледі. Өздіріңіз көргендей, мектеп асханасында бір мезгілде 400-дей бала тамақтана алады, — деді мектеп директоры.
Директордың айтуынша, балаларға қосымша ағылшын тілін үйренуіне, пәндік олимпиадаларға дайындалуына, пәндік тест жұмыстарын өткізуіне білікті мамандар бөлінген. Ұстаздар шәкірттеріне білім берумен қатар, оларды еңбекқорлық кәсібилік, адалдық, ұлттық салт-дәстүр тәрбиесін беруде бірлесіп жұмыс жүргізеді.
— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Біздің басты мақсатымыз - халықаралық стандартқа сай білім беру бағдарламасын әзірлеу. Енді биылдан бастап «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша мектептер салынады» деген еді. Міне, сіздер көріп отырғандай, біздің мектепте де «Жайлы мектептің» бар критерийі қамтылған, – деді Казбек Қашқабаев мектептің ішін аралата жүріп.
Айтса айтқандай, оқу кабинеттері компьютерлермен, интерактивті тақталармен, түрлі көрнекіліктермен жабдықталған.
8 гимнастикалық зал, жабық футбол, волейбол, баскетбол залдары бар. Балалар, ұстаздар уақытылы медициналық тексеруден өткізіліп тұрады. Психолог, дәрігер де кеңес беруге әзір.
Ал, акт залында ардагерлерді оқушылар күтіп отыр екен. Қаратау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Тоқмағанбетов бүлдіршіндерді осындай барлық жағдайы жасалынған жайлы да сәулетті мектепте оқып жатқандарды үшін құттықтап, алдағы уақытта сапалы білім, саналы тәрбие алуларына, спортта да, өнерде де көптеген жетістіктерге жетуіне тілек білдірді. Осындай типтік үлгідегі керемет мектепті салып берген азамат Низамхан Сулаймановқа, оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізіп келе жатқан мектеп ұжымына шынайы алғасын білдірді. Сөзінің соңында жаңа мектепке қоғам қайраткері Д.Қонаевтың аты берілгенін айтты.
«Д.Қонаев жолдас ширек ғасырдан аса қазақ еліне басшылық жасап, еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Енді осындай аса құрметті азаматтың атына кір келтірмей, мектептің абыройын биік ұстаңдар!» – деді.
Жиын соңында жасы сексеннен асқан елге қадірлі қария Өмірбек Дүйсенов залда отырған жастарға батасын берді.
Қариялар осындай кездесуді ұйымдастырған азаматтарға ризашылығын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Бегалы ӘБДУӘЛІҰЛЫ,
еңбек ардагері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.