Ассамблея тағы да көмек жіберді Избранное

Пятница, 12 Апрель 2024 04:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 252 раз

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек беру жөніндегі өңірлік штаб жұмысын белсенді жалғастыруда. Қазіргі таңда қалада ҚХА белсенділері ашқан бекеттерде құны – 18,5 млн. теңгеден асатын 40 тоннаға жуық зат жиналған.

KoMeK-2

 

Ассамблея мүшелері гуманитарлық көмектің екінші легін Батыс Қазақстан облысына аттандырды.
– Біз «Жүректен жүрекке» жобасына атсалысқан кәсіпкерлерге, игі бастамаға үлес қосқан барша тұрғынға алғыс білдіреміз. Осындай қиын-қыстау кезеңде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», көмек қолын созуға бар ынтамызды салып жатырмыз. Көмек жинау жалғасын тауып жатыр, бекеттер күні-түні жұмыс істеп тұр, – дейді өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев.
Бүгінде бекеттерде жиналып тұрған 20 тоннаға жуық көмекті жақын арада үшінші лекпен тасқыннан зардап шеккен өңірлердің біріне жіберу көзделіп отыр.
Айта кетейік, 6 сәуір күні Шымкент қалалық ҚХА белсенділері алғашқы лекпен құны 10 млн. теңгеден асатын 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті Атырау облысына жіберген болатын.

***
Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенділері су тасқынынан зардап шеккен батыс өңіріне гуманитарлық көмектің үшінші легін жолдады. Бұл жолы «Жүректен жүрекке» жобасы аясында жұртшылықтан жиналған құны 8,5 миллион теңгеден асатын 20 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен аса қажетті заттар жиынтығы артылды.
– Көмекті жинап, ұйымдастыруға осы уақытқа дейін 100-ден аса студент ат салысты. Сондай-ақ еліміздің батыс өңіріне барып та көмек қолын созған волонтерларымыз да бар. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында қазір жастардан құралған тағы бір топ жиналып жатыр. 20-дан аса волонтерді жіберу жоспарымызда тұр. Бірақ көмекке барғысы келетіндер одан да көп, –дейді «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық өкілдігінің төрағасы Нұрболат Мейірбеков.
Шымкент қалалық ҚХА мүшелері бұған дейін 40 тоннадан астам көмекті Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына жөнелткен болатын. Сонымен Ассамблея атынан бір апта ішінде өңірлерге 3 рет – барлығы 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді.
Игі бастамаға өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «АлемТрансЖол», «Алекс», «Kazakhstan Distributors Centre» компаниялары, «Арай» ЖШС, «Яворский & партнеры» адвокаттық конторасы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» ұйымы белсене атсалысты. Сын сағатта алыстағы ағайының қиын жағдайына бей-жай қарамай, шұғыл көмек қолын созған қарапайым тұрғындардың да бірлігі көңіл қуантуда.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.