ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН ҮЗІП АЛМАУ Избранное

Пятница, 03 Май 2024 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 202 раз

аға буынның қолында

Шымкентте С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің қабырғасында «Қалалық ардагерлер ұйымы және ұрпақтар сабақтастығы» атты тәжірибе алмасу семинары өтті.

Urpak

 

Семинарды Шымкент қалалық «Ардагерлер кеңесі», қалалық білім басқармасы, «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалы бірлесе ұйымдастырды. Жиынға білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, педагог-ұйымдастырушылар, ата-аналар комитетінің төрағалары және жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Іс-шара қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаевтың баяндамасынан бастау алды. Төрағаның баяндауынша, ардагерлер өңірдегі білім мекемелерімен, мемлекеттік және Үкіметтік емес ұйымдармен бірге ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, жұртшылықтың көзайымына айналуда.
– Ардагерлер ұйымы қазіргі таңда 5 бағытта жұмыс істейді. Соның бірі «Білім» бағыты. Бұл мақсатта бүгінде әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. Ардагерлер ұйымы Шымкент қалалық білім басқармасымен бірге 2023-2024 оқу жылында ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясы ұсынған «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» басшылыққа ала отырып, мектептерде ұлттық құндылыққа негізделген тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар мектептерде ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылып, аға буын өкілдері балаларға өнеге болар әңгіме айтып, тәрбие жұмыстарына үлес қосып жүр, - деді К.Төлебаев.
Семинардың ғылыми-тәжрибелік бөлімінде мектептегі тәлім-тәрбие, заманауи тәрбие жүйесі, отбасылық тәрбие, ұлттық құндылықтар, отбасы құндылығы сынды өзекті тақырыптар сөз етілді.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бақтияр Өнербаев еліміздің болашағы жастар болғандықтан, олардың тәлім-тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтті.
— Бүгінде қаламыздағы 14-35 аралықтағы жастардың саны 381 796-ға жетіп отыр. Өкінішке қарай, жастар арасында бүгінгі қоғамның дертіне айналған суицид, нашақорлық, лудомания, буллинг, зорлық-зомбылық сияқты ұлтымызға жат әдеттер кең етек алып отыр. Осы жылдың өзінде жастар арасында өзіне қол жұмсауға әрекеттенген 18 оқиға анықталған, кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілікке ұшыраған 52 жағдай тіркелді,– деді басқарма басшысы.
– Жастар тәрбиесіне ең алдымен аға буын жауапты. Үлкендердің бағыт-бағдарынсыз жастардың өмірден өз орындарын табуы екіталай. Ата-аналар, ардагерлер, мұғалімдер жастарға ақылын, өмірлік кеңестерін әрдайым айтып отыруы қажет. Ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмау тікелей аға буынға, қарияларға байланысты. Бүгінгідей жиындар сол сабақтастықты нығайта түсетін мықты факторларлардың бірі деп білемін,–деді Б. Өнербаев.
Баяндамалардан бөлек семинардың екінші бөлімінде «Ұлттық дүниетаным», «Ата-аналарды қолдау орталығы», «Әкелер мектебі», «Ұлттық құндылықтар» тақырыбында шеберлік дәрістері өтті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.