Шымкент - жылыжайлар астанасы Избранное

Пятница, 17 Апрель 2015 08:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4586 раз

0054Шымкент көкөніс, жеміс-жидегімен елімізге ғана емес, шетелге мәлім қала. Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекелестікке қабілетті етіп өндірілетініне ілгеріде күмәндана қарайтындар көп болатын. Алайда, енгізіліп жатқан жаңа технологиялар көптің күмәнін сейілткен.

Бүгінде еліміздің өзге өңірлері Шымкентті «жылыжайлар астанасы» деп атай бастапты. Оған шымкенттік өнімдердің барлық өңірлерде жылдың төрт мезгілінде де сатылып жатқаны да себеп болса керек. Қаладағы жылыжайлардың өнімдері бүгінде базар, дүкендерде самсап тұр және жыл бойы үзілген емес. Баға да сұранысқа байланысты құбылмалы, яғни нарық заңына сәйкес. Ал, бүгінгі таңда облыс орталығында қызанақтың бір келісі 300 теңгеге, қияр 200-250 теңге аралығында сатылып жатыр. Жазға жақын бағаның арзандайтыны анық.

Елбасы жуырдағы іссапарында оңтүстіктің көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар екенін, бұған айтарлықтай қаражат бөлініп жатқанын атап өткен болатын. Бүгінде өңірімізде заманауи технологиялар есебінен өндіріс ұлғайып, ауыл шаруашылық өнімдері, әсіресе, көкөніс бес жылдың ішінде 2,5 есе өсіп экспортқа шығаратын облысқа айналып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер арасында жылыжайдың тиімділігіне көзі жеткендер көбейіп келеді. Жылдан-жылға жылыжайлардың саны да, сапасы да артуда. Кәсіптің көзін табамын дегендерге барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі де Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асып жатыр. Облыс бойынша жылыжайлардың жалпы көлемi 910 гектарға жетсе, бұл – елiмiздегi көрсеткiштiң 87 пайызы. Былтыр өңірдегі жылыжай шаруашылықтарынан 150 мың тонна өнiм жиналған.

Биылдың өзінде Шымкент қаласында 6 гектар жылыжай кешені ашылды. Қазір қалада жалпы 93 гектар жылыжай бар. Оның 23 гектары соңғы үлгіде жабдықталған әлеуетті өндірістер. Жаңа технология бойынша, яғни, түркиялық, испаниялық қондырғылармен 10 кешен шаруасын дөңгелетіп отыр. «Асар» жылыжай өнімдері кооперативі» (5,0 га), «Южный полевод» ШҚ (3,995 га), «Аянат» ШҚ (1,3506 га), «Асар KZ» ЖШС (2 га), «КазАгроном» ЖШС (3,04 га) секілді шаруашылықтардың өнімі тұтынушылар тарапынан жоғары баға алып үлгерді.

Осы салаға маманданған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жеңілдік те көбеймек. Мәселен, бұған дейін жаңа технологиямен жұмыс істейтін жылыжайларға жылына 2 млн. 300 мың теңге субсидия беріліп келді. Ақпан айындағы Үкіметтің қаулысына енген қосымша өзгерістерге байланысты, енді оларға берілер субсидия 5 млн. теңгеге дейін артпақ. Ескі технологияға арқа сүйейтіндер бұған дейін 1 млн. 800 мың теңге жәрдем ақша алып келген болатын. Енді олардың жәрдемақысын керісінше азайту көзделуде.

Шымкент қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Мақсат Әбдіқадыровтың айтуынша, кәсіпкерлер жылыжайда негізінен қияр өсіруге ден қоя бастапты. Өйткені, оның шығыны аз, әрі тасымалдауға ыңғайлы. «Қызанақтың шығыны көп. Жарық беретін бір лампасының өзі 250 АҚШ доллар тұрады. Олар жылуды көп қажет етеді. Ал, қиярға кішкене жылу болса болды, тез өседі. Шығыны аз. Қияр қызанаққа қарағанда екі есе көп өнім береді. Бізде қаладағы кәсіпкерлердің жартысынан көбісі қияр егеді. Қызанақты тасымалдау да қиын. Жинап қорапқа салғанда астындағылары езіледі. Ол жағы да кәсіпкерлерге қосымша қиындық тудырады», – дейді Мақсат Әбдіқадыров. Одан кейін сатып алушылардың сүйріктей, жылтыр қиярға бірден көзі түсетіні де белгілі ғой. Міне, жаңа технологияны қолай көргендердің ұтатын тұсы да осы.

Әрине, жаңа әдіс бойынша өсірілген қиярларға сұраныс көп. Олар бәсекеге қабілетті. Өйткені, өнеркәсіпте бәрі автоматтандырылған. Дәрі беруі, суғаруын да компьютер қадағалайды.

– Негізінен, өнімдер қала базарларына көтерме бағамен жылыжайдың басынан жөнелтіліп жатыр. Көтерме сауда орнына жібереміз, олар қалаға базар, дүкендерге таратады. Баға жиі ауысып тұрады, – дейді кәсіпкер М.Қошқаров.

– Әзірге, біздің өнімдер негізінен тек Ресейге ғана шығарылуы мүмкін. Өзбекстанда бізге қарағанда баға арзан, әрі ол жақта да өнімдер көп. Қырғызстанда да солай. Ал, Қытайдың өзінен бізге өнімдер келіп жатыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың айтуынша, біздің өнімдер негізінен Ресейге экспортталады. Ал, басқа елдерге жіберу жолдары қарастырылуда. Жылыжайда көкөніс егушілерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілмек. Облыс көлемінде тек жылыжайдың өзіне 2 млрд. теңгеден астам субсидия бөлінбек.

Мінеки, шымкенттік кәсіпкерлер жылыжайда бір гектардан орта есеппен 470 тонна қияр өндіріп отыр. Бау-бақша егушілер көкөніспен қала тұрғындарын жыл бойы қамтамасыз етуге қауқарлы, еліміздің өзге өңірлеріне де шымкенттік өнімдерді жеткізуге мүмкіндік мол. Ендігі жерде шетелге шығару әрбір кәсіпкердің қолға алған немесе ойында жүрген мәселе. Демек, бұл салаға қызығушылық артпаса кемімейтіні анық.

 

 

 

Тағабай ҚАСЫМ

Последнее изменение Пятница, 17 Апрель 2015 09:06
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.