АРХИВ – ТАРИХ ҚАЗЫНАСЫ Избранное

Пятница, 02 Август 2024 06:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 609 раз

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы және Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы Өзбекстан архивтерінің күндері өткен болатын.

apxif-1

 

Архив ісі бойынша осындай іс-шаралар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, Өзбекстан мен Қазақстан архивтеріндегі мәдени-тарихи құндылығы бар тарихи құжаттарды зерделеу, екі ел тарихының ашылмаған беттерін айғақтайтын құжаттарды айқындау, Ұлттық архив қорын толықтыру, бірігіп жобаларды жүзеге асыру, архивтерді дамытудың инновациялық идеяларын қалыптастыру, іс-тәжірибемен алмасуды көздейді.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бас ғимаратында республика көлеміндегі тарихшы-ғалымдар, зиялы қауым, архившілер, ЖОО оқытушылары, студенттер, БАҚ өкілдері бас қосқан «Қазақстан мен Өзбекстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Қазақтың қонақжайлығы салтымен іс-шара Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» Агенттігінен келген делегацияны арнайы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің орындауындағы күйімен, дәм-бауырсақ ұсынып, айтыскер ақыны арнау арнап, гүл шоқтарымен салтанатты түрде қарсы алудан бастау алды.
Ғимараттың ІІ, ІІІ-қабаттарындағы фойеде екі мемлекеттің архив қорлары бойынша тарихи құнды құжаттардан жасақталған, екі елдің тарихынан сыр шертетін Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» Агенттігі, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архиві, «Шымқала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Қазақстан архивтеріндегі Өзбекстан мемлекетінің тарихы», «Өзбекстан архивтеріндегі Қазақстан мемлекетінің тарихы», «Тәуелсіздік-ел тұғыры», «Өзбек халқының ұлттық дәстүрі, мәдениеті, тарихы», «Қызылжар өңірінің шерлі тарихы» атты тақырыптық экспозициялардағы құжаттық көрмелерді жиынға қатысушыларға архив мамандары таныстырды.
«Қазақстан мен Өзбекстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы жүргізді.

apxif


Конференцияның пленарлық бөлігінің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілік кеңесшісі Қыстаубаев Ерғали Сапарғалиевич, Өзбек делегациясының жетекшісі, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» Агенттігі директорының орынбасары Садиков Шерзод Гайратович, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Құранбек Сәрсен Абайұлы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы-ректор м.у.а. Нұрманбетов Қайрат Еңбекшіұлы құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста екі ел спикерлері өзекті мәселелер көтеріп, өз ойларын ортаға салды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасының орынбасары Құспан Роллан Қабылұлы «Қазақстан Республикасы архив саласының дамуы туралы» сөз қозғап, Қазақстан мемлекеттік архивтерінің қазіргі таңдағы атқарып жатқан елеулі еңбектерін атап өтті. Келесі сөз кезегін алған Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы "Узархив" агенттігінің ақпараттық қызмет басшысы, директордың ақпараттық саясат жөніндегі кеңесшісі, магистр Алиев Анваржон Орифжонович «Республикасындағы архив ісінің жағдайы» атты баяндамасында Өзбекстан архившілерінің алдында тұрған негізгі әлеуметтік міндеттердің қатарында азаматтардың ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі архивтерде орналасқан ақпараттық ресурстарға кең қолжетімді ету болып табылатынын, ең тиімді құралы – архив саласын ақпараттандыру екендігі жайлы баяндады.
Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, тәуелсіз Қазақстан Республикасында ана тілінде алғашқылардың қатарында докторлық диссертация қорғаған тарихнамашы-ғалым Мұхатова Оразгүл Хасенқызы «Қазақстан тарихын зерттеудегі Өзбекстан архивтік құжаттарының маңызы (XVIII-ХХХ. І жартысы)» тақырыбында тарихи зерттеулер үшін архив құжаттарының маңызы ерекше екендігін, сондықтан тарихи деректерді анықтау және жинақтау жұмыстары мемлекетаралық келісім шарттар негізінде Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығы аясында архив құжаттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері жайлы қозғады.
Өзбекстан Ұлттық архиві/Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясының Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, доцент Исакова Мухаё Сражиддиновна «ХХ ғасырдың басындағы архив құжаттарындағы Түркістан ұлттық интеллигенциясының ағартушылық қызметі» атты баяндамасында – Түркістан ұлттық зиялыларының өмірі мен ағартушылық қызметін ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік тарих контекстінде зерделеу – көп және жиі зерттелетін мәселелердің бірі екенін, олар туралы ақпараттың аздығынан қуғын-сүргіннен (1937-1938 жж.) аман қалғандардың есімдері мен тағдырлары әлі күнге дейін белгісіз екендігін айта келе, Өзбекстан Ұлттық архивінде ғылым, мәдениет және білім қайраткерлерінің 200-ден астам жеке қорлары сақтауда тұрғандығы айтылады.
Мұнан кейін «Қазақстан мен Өзбекстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның «Қазақстан және Өзбекстан: екі ел арасында архив саласын дамыту аспектілері» тақырыбындағы Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілік кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» Агенттігінің басшылары мен өкілдері, Қазақстан және Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивінің басшылары, ғалым-тарихшылар, архившілер қатысты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасының орынбасары Құспан Роллан Қабылұлы «Архив ісі саласындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, келісімдерді іске асыруды қамтамасыз ету бойынша практикалық іс-қимылдар жоспарының орындалуы туралы», Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» Агенттігі директорының орынбасары Садиков Шерзод Гайратович «Өзбекстан- Қазақстан тарихын зерттеу тұжырымдамасы туралы, архивтік құжаттардың жарияланымдарын дайындау», Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Жуматаева Баян Амантаевна «Химик ғалымдар» архивтік құжаттардың бірлескен көрмесін әзірлеу және тұсау кесерін өткізу» тақырыптары ұсынылды.
Екі ел арасындағы архив ісі бойынша ынтымақтастықты дамыту, іс-тәжірибемен архивтерді дамытудың инновациялық идеяларын қалыптастыру туралы айтылды. Өзбекстан мен Қазақстан үшін мәдени-тарихи құндылығы бар тарихи құжаттарды зерделеп, тиісті органдар арқылы тең негізде архивтік құжаттардың көшірмелерімен алмасуды, бірлескен іс-шараларды, көрмелерді ұйымдастыру жолдары талқыланды.
«Қазақстан мен Өзбекстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция - біздің ортақ тарихымыз бен ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан бай мәдени мұрасымен дәлелденген халықтарымыз арасындағы бауырластық байланыстардың жарқын көрінісі болып табылады.

Айпар АМАНГЕЛЬДИЕВА,
Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.