ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ ТАҢБАЛАУ – ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ДЕГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ Избранное

Пятница, 02 Август 2024 06:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 566 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе, Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырған болатын. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша бірқатар ауқымды істер атқарылуда. Сол жұмыстың тағы бір бағыты ретінде адам денсаулығына қауіпті, сапасыз әрі заңсыз дәрі-дәрмектің таралуының алдын алуға бағытталған препараттарды міндетті таңбалау шарасын айта аламыз.

dari

 

Бәрімізге белгілі, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда шығарылатын дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау басталды. Дәрі-дәрмекті таңбалау біздің елде ғана қолданылып жатқан тәжірибе емес, дәрі-дәрмек жеткізу тізбегінің ашықтығын бақылауға және қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық тренд екенін бірден ескертейік.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, дамушы елдердегі дәрі-дәрмектің әрбір оныншы пакеті контрафактілік болып келеді. Біздің еліміздегі жағдай да жақсы емес: жалған медициналық препараттардың айналымы 10-12 пайыздан асады. Бұл экономикалық мәселе ғана емес, ұлттың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Таңбалаудың көмегімен пациенттер медициналық көмектің кепілдік берілген медициналық сақтандыру жүйесі арқылы алатын дәрі-дәрмектерінің, оның ішінде тегін дәрілердің өзіне дейін жеткен жолын қадағалай алады. Әрине, бұл мемлекеттік кіріс органдарына фармацевтикалық нарықтағы нақты жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.
Иә, жоба ауқымды және фармацевтикалық нарықтың барлық қатысушылар толық қатысуын және дайындығын талап етеді. Бірақ дәрі-дәрмектер әлеуметтік маңызды және өмірлік маңызды тауар болғандықтан белгілі бір жағдайларда олардан бас тарту немесе ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан таңбалауды және бақылауды енгізу фармацевтикалық қоғамдастықта үлкен резонанс тудырды. Дәрілік заттарды таңбалау неліктен енгізілуде? Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыруда мемлекет қандай мақсаттарды көздейді? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Таңбалау – бұл өндіріс орындарында шығарылатын дәрі-дәрмектің әрбір пакетіне жеке цифрлық DataMatrix кодын беру. Ол тек ел көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде де жүзеге асырылуда. Қазақстанда осы қызметтің барлығын жүзеге асыратын «Қазақтелеком» АҚ-ы, таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы болып анықталды. Өндірушілер таңбалау кодтарын сатып алып, оларды қаптамаға жапсыруы керек. Сандық таңбалау және дәрі-дәрмектерді қадағалау – бұл бос іс емес, өмірлік қажеттілік. Жүйе препараттардың өндірушіден сатып алушыға дейінгі жолын бақылауға, контрафактімен және рұқсатсыз сатумен күресуге мүмкіндік береді. Жетекші елдер мұндай шаралардың маңыздылығын бұрыннан түсініп, таңбалау және қадағалау жүйелерін белсенді түрде енгізуде. Тұтынушы кодты тексеру арқылы өнімнің заңдылығы мен шынайылығына сенімді бола алады. Өндірушілер, мемлекет, дистрибьюторлар және дәріханалар арасында интеграция жүріп жатыр. Бұл жүйе бойынша таңбалау коды жоқ дәрі-дәрмекті сатуға тыйым салынады.
– Таңбалау кодын қолдан жасау да мүмкін емес. Ол әрбір өнім бірлігі үшін бірегей етіп жасалынады және қайталанбайды. Сонымен қатар, қадағалау логистиканы оңтайландыру арқылы өнімнің тасымылдануы мен есепке алынуына байланысты шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл– болашақтың логистикасы. 2021 жылы пилоттық жоба іске қосылды. Отандық өндіруші ретінде оған SANTO қатысты. Нарықта орауыштарында таңбалары бар өнімдеріміздің 7 түрі болды, біз олардың өндірістен дәріханаларда сатылғанға дейінгі жолын қадағаладық. Мемлекеттік орган әзірлеген тегін Naqty onim қосымшасы арқылы таңбалау кодының түпнұсқалығын тексеріп, дәрі-дәрмектің қозғалысын бақылай аласыз. Ол App Store және Play Market-те қолжетімді. Тұтынушының кодтың түпнұсқалығын тексеру мүмкіндігі болады. Кодтың түпнұсқалығын сканерлеп, тексере отырып, ол дәрі-дәрмектің елде тіркелгеніне және нарықта заңды айналымда бар екеніне сенімді боласыз. Заңнамада белгіленген талаптарға, халықаралық стандарттарға сәйкес өндіріледі, тасымалданады және сақталады, – дейді «Химфарм» АҚ-ның өкілі Олеся Киселева.
Ал, таңбалауды еңгізуде компания қандай жұмыстар атқарды, қаржы ресурстары, жаңа техника, бағдарламалық қамтамасыз ету, кадрлар қажет болды ма деген сұрағымызға да жауап алдық.
«SANTO компаниясы айына зауыттан миллиондаған пакет шығаратын ең ірі қазақстандық өндіруші. Таңбалау үшін барлық орау желілеріне арнайы жабдық сатып алынды. Оның көмегімен әрбір пакетке код ендіріледі. Сондай-ақ, өндіріске ғана емес, қоймаға қажетті құрал-жабдықтар да сатып алынған. Ең бастысы, «жүйенің жүрегі» – бағдарламалық өнім алынды. Жалпы фармацевтикалық құрал-жабдықтар арзан емес, сондықтан үлкен қаржылық инвестициялар жасалды. Сонымен қатар, компания кадрларды белсенді түрде оқытып отырады. Біз өндірістен бастап, тауарды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай операторға код саны туралы есеп жіберіп, тауарды дистрибьюторға жөнелтуге дейін толық автоматтандырылған жүйені құрудамыз»-дейді компания өкілі.
Айта кету керек, SANTO компаниясының өнімді таңбалауда бай тәжірибесі бар. Оны Ресей нарығына өнім шығаратын болғандықтан көрші елде таңбалауды әлдеқайда ертерек бастаған. Болашақта дәрі-дәрмектерді Еуропалық нарыққа жеткізуді жоспарлап отырған компания Еуропалық Одақ елдерінде дәрі-дәрмектерді тіркеу процедурасы аясында халықаралық ЕО GMP стандартына сәйкестігін тексеруге дайындалуда.
Қаптаманың макеттерін өзгертуге және тіркеу дерекнамасына қатысты өзгерістерге байланысты кейбір қиындықтар туындағанымен, компания бұл міндетті сәтті орындап, бүгінде бұл мәселеге толығымен дайын.
Таңбалаудың қазақстандық фармацевтикалық нарыққа қалай әсер ететіні бөлек әңгіме. Әрине, жүйені орнату үшін уақыт керек. Ресейде дәл осылай болды. Бастапқы кезеңде қиындықтар болған, бірақ, бірнеше жылдың тәжірибесі қазір олардың таңбалау және бақылау жүйесі тиімді және ақаусыз жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. Өзбекстан мен Қырғызстан да жүйені енгізу сатысында. Біз таңбалау нарықтағы ашықтыққа көмектеседі деп үміттенеміз. Мамандар елімізде тіркелмеген дәрі-дәрмектің нарықта сатылып жатқанын жоққа шығармайды. Ал, ондай дәрілердің таза өнім екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Нарық қатысушылары – өндірушілер, дистрибьюторлар, дәріханалар, медициналық мекемелер, реттеушілердің жұмысының жүйелі болғаны маңызды.
Бүгінде елімізде дәрілік заттар айналымы саласында 19 отандық тауар өндіруші бар. Соның ішінде, Шымкент қаласында 2 ірі отандық тауар өндіруші орналасқан. Олар «Химфарм» АҚ және «Dentafill» АҚ-ы. Одан бөлек елімізде 293 компания дәрілік заттардың көтерме саудасымен айналысады. Оның ішінде Шымкентте«Химфарм» АҚ, «НПО Зерде», «Atamiras.S», «Ak niet group» ЖШС-і сияқты ірі компаниялар бар. Республикада дәріханалардың жалпы саны 8 375 құрайды. Соның 585-і Шымкент қаласында орналасқан.
– Қаламызда дәріханалардың саны көп, яғни, бәсекелестік деңгейі жоғары болғандықтан басқа өңірлермен салыстырғанда, Шымкент қаласында дәрілік заттардың бағасы арзанырақ болып келеді. Сатылымдағы дәрілік препараттардың шекті бағасын бекіту Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен іске асырылады. Ал, оны белгілеу министрлік жанындағы сарапшылық топтың әрекетімен орындалады. Ал, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлердегі департаменті сол шекті бағадан асып кетпеуін қадағалайды. Егер тексеріс барысында заң бұзушылық анықталса, ескерту түрінде хат жолданады, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Қашқымбаева.
Жалпы, Қазақстанда дәрілік препараттардың сапасын тексеру, анықтау қызметі өте күшті. Соның нәтижесінде қауіпті, күмән тудыратын дәрілер ешқашан еліміздің нарығына кіргізілмеген. Сондықтан департамент басшысы айтқандай, таңбалаудың дәрі сапасын бақылауға қосатын үлесі өте жоғары болмақ.
Қорытындылай келе, дәрілік заттардың таңбалануы мен қадағалау жүйесі арқылы халық дәрілік заттардың айналымын бақылай алады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.