МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ЖЕТІЛДІРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Пятница, 02 Август 2024 06:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 621 раз

Мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру – уақыт талабы екені анық. Елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға бағытталған түбегейлі қайта құрулар мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту қажеттілігін көрсетеді.

 

Мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшуде мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді.
Осы орайда Мемлекет басшысының 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді.
Тұжырымдамада мемлекеттік қызметті одан әрі дамытудың проактивті, түпкілікті нәтижеге бағдарланған, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізу, HR-процестерді басқару және цифрландыру, бюрократиядан арылған мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру бағыттары айқындалған. Бұл жүйе әкімшілік рәсімдерді түбегейлі өзгерту және цифрландыру, мемлекеттік басқарудағы командалық-әкімшілік тәсілдерден бас тарту барысында қабылданып жатқан шаралармен қатар жүргізіліп отыр.
Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру барысында мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдету, бюрократияны қысқарту және кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі енгізілді.
Ел мүддесіне адал қызмет ететін кадрларды ұстап қалуды және кәсібилендіруді қамтамасыз етуге бағытталған Тұжырымдамада мемлекеттік қызметтің ағымдағы жүйесін институционалдық қайта қарау талап етіледі. Азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда ресурстар мен процестерді неғұрлым нақты және мақсатқа бағыттап басқаруға мүмкіндік беретін жаңа институттарды енгізу қажеттілігі де қарастырылған.
Мемлекеттік қызмет сапасын арттырудағы басты аспектілерінің бірі - электрондық үкіметті пайдалану. Электрондық үкіметті енгізу барысында мемлекеттік қызметшілер мен халық арасында сыбайлас жемқорлықтың көрінісі біршама төмендейді.
Тұжырымдамада мемлекеттік қызметті одан әрі дамытудың және заманауи, тиімді, ашық мемлекеттік қызметті құру үшін үш негізгі бағыт қамтылған. Олар мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, HR-процестерді жетілдіру және басқару.
Бүгінде әлемдік практикада мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген модель барынша белсенді дамып келеді. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттің ортақ ресурстарын, активтерін басқаруды сеніп тапсыра отырып, олардан қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес келетін сапалы қызметтерді күтеді.
Сонымен қатар, шет елдердің тәжірибесінде қазіргі заманғы әлемдік трендтерге жауап беретін құзыреті бар жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Мұнда Жапония мен Сингапурдың тәжірибесі ерекше - мемлекеттік қызметке дарындыларды іздеу мектептерден басталып, жоғары оқу орындарында жүреді.
Мемлекеттік қызметті кәсібилендіру гибридті модельге көшу арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл жүйе жоғары білікті кадрларды тартуға мүмкіндік беретін меритократия қағидатын толық іске асыруды көздейді. Сондай-ақ, мектеп кезінен бастап дарындыларды анықтау, қолдау және тәрбиелеу бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда.
Ал, мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделі шеңберінде мемлекеттік қызметтер тек жеке қызметтерді ғана емес, сондай-ақ бүкіл қоғамның мүддесі үшін мемлекет көрсететін қызметтерді де қамтитын болады.
Мемлекеттік қызметті жетілдіруде қабылданып жатқан мұндай шаралар халықтың билікке деген сенімін арттырып, реформаларды жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтеді.

Сауле РЫСБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы
Шымкент қаласы бойынша филиалының доценті, саяси ғылымдар кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.