ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ: ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ

Пятница, 02 Август 2024 06:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 653 раз

Шілде айында Астанада ШЫҰ-ға мүше елдердің саммиті өткені белгілі. Бұл ұйымының тарихы тереңде жатыр. Бес елдің бірлесуінен басталып, бүгінде әлем халқының жартысына жуығын қамтыған үлкен ұйымның басты ұстанымдары әуелде қауіпсіздік мәселесі болды.

 

1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Ресей мен Тәжікстан бірігіп бестік құрып, «Шанхай бестігі» деп аталды. Арада 5 жыл өткеннен кейін Өзбекстан қосылды. Қазіргі таңда ШЫҰ құрамында 9 мүше, 3 бақылаушы және 14 диалог жөніндегі серіктес ел бар үлкен ұйым. Ал Қазақстан бұл ұйымға төртінші рет төрағалық етіп отыр.
Саммиттегі күн тәртібінің басты назары қауіпсіздік мәселесіне арналды. Сонымен қатар, Қазақстан әзірлеген 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы қабылданды.
Халықаралық саясатта өзара тиімді көпжақты ынтымақтастықты білдіретін ШЫҰ қатысушы елдердің егемендігіне нұқсан келтірмей, ынтымақтастық функциясын сәтті атқаруда.
ШЫҰ әлем халқының 45 пайызын қамтиды. Ұйым өз кезегінде Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайту үшін құрылған. Теңдік және әділдік қағидаттарына негізделген мұнда аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелері басым болды. Бұл ұйым ешбір елдің мүддесін алға тартпай, ортақ болашақ үшін ынтымақтасуға мүмкіндік береді. ШЫҰ-ға мүше елдер конструктивті ынтымақтастық өзара сыйластық негізінде мүмкін екенін түсінеді.
ШЫҰ-ға мүше мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық қақтығыстарды шешуде басты қадам жасай алатынын көрсете отырып, елімізге күрделі дипломатиялық жағдайлардан сәтті өтуге, ымыраға және келісімге, бітімге келуге және жаһандық күн тәртібіне ықпал етуге жол ашуға мүмкіндік береді.
Ұйымның негізгі мақсаты – бейбітшілікті, қатысушы елдердің бірлесіп гүлденуін, аймақта және одан тыс жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Әлемнің ШЫҰ-ға қызығушылығын АҚШ-тың 2014 жылы Ауғанстаннан әскерлерін шығару туралы шешімінен кейін айтарлықтай өсті және 2017 жылы Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға кіруі арттыра түсті. Ираннан кейін Беларусь ШЫҰ-ға мүше болды. Бұл ШЫҰ-ның Азияда орналаспаған, территориялық қатысы жоқ және Еуропадағы алғашқы мемлекет болып табылады. Осылайша Ұйым мүшелерінің саны 10-ға жетті.
Саммитке сондай-ақ, Қытай, Түркия және Ресей басшыларынан басқа Үндістан, Пәкістан басшылары, Иран басшылығы және басқа да көптеген елдер қатысқаны мәлім. Дәлірек айтсақ, бұл мемлекет басшыларының алқалы жиыны он бес мемлекет басшыларын біріктірді. Сондай-ақ, саммитке БҰҰ бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Қазақстанның төрағалық қызметіне оң баға берілді. Астана Декларациясы, «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік», ШЫҰ жетілдіру туралы жаңа құжаттарға қол қойылып, жиырмадан аса шешімдер қабылданды.
Бұл Саммиттен әрбір мемлекет жаңа мүмкіндіктер мен тың бағыт, экономикалық өрлеу мен дамудың келесі жаңа бағытын алғаны анық.

Сауле РЫСБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы
Шымкент қаласы бойынша филиалының доценті, саяси ғылымдар кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.