ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ БЕЙБІТ АТОММЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ Избранное

Пятница, 02 Август 2024 06:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 621 раз

Өткен жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынған болатын. Ал, биыл жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында АЭС салу мәселесіне байланысты кесімді пікірін айтты.

atom

 

Мемлекет басшысы «Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайтынын айтты.
Президент «Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба мұны халық шешеді», - дейді.
Иә, әзірге жалпыұлттық референдумның нақты өтетін күні әлі белгісіз. Дегенмен, бүгінде бүкіл елімізде осы мәселе кеңінен талқыланып, қоғамдық тыңдаулар жүріп жатыр. Атом энергетикасы саласындағы білікті мамандар, сарапшылар мен ғалымдар АЭС салудың еліміздің энергетикалық тұрақтылығына, экономикалық дамуына, экологияға тигізетін әсері мен қауіпсіздік мәселесіне қатысты ойлары мен тұжырымдарын ортаға салып, қарапайым азаматтарды мазалаған барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беруде.
Осы орайда біз Қазақстанда бейбіт атомды қолданудың маңызы неде және отандық атом энергетикасының әлеуеті мен болашағы қандай деген мәселелерге қатысты мамандардың пікірін оқырман қауымға жеткізуді жөн санап отырмыз.
АЭС салудағы негізгі мақсат – халықты, өнеркәсіпті, жалпы елімізді тұрақты, сенімді әрі арзан электр қуатымен жабдықтау. Өйткені, қазірдің өзінде елімізде электр энергиясының тапшылығы сезіле бастаған. Басқаны айтпағанда, Шымкент қаласының әкімдігі шаһарды сапалы электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, соңғы бірнеше жылдың ішінде қалада 4 қосалқы станция салынды. Соның ішінде қуаттылығы 160 МВт\сағатты құрайтын «Бозарық» қосалқы станциясының маңызы ерекше. Мұнан бөлек Шымкентте 2027 жылға дейін бюджет есебінен 6 дана қуатты таратушы қосалқы станция салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен, жергілікті инфрақұрылым дамығанымен, электр энергиясына деген сұраныс та жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Шымкент қаласының электр қуатын тұтыну мөлшері қыс мезгілінде 450 МВт/сағатқа дейін жетеді. Бұл қуаттың 85 пайызы Екібастұз бен Жамбыл ГРЭС-тері және Шардара ГЭС-і секілді сыртқы қуат көздерінен жеткізіліп отыр. Қаланың былтыр қабылданған Бас жоспарында көрсетілген есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай шаһар сағатына 545,7 МВт электр қуатын тұтынатын болады. Демек, қазірден бастап қамданбасақ, тағы бірнеше жылдан ОМ электр стансасында екі контурлы су-сулы реакторлары орнатылады. Бұл реакторлардың қолданылып келе жатқанына 57 жыл болған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына осы типтегі реакторлары бар АЭС-терде бірде-бір апатты жағдай немесе оқыс оқиға тіркелмеген.
– Қорқыныш пен үрей көбіне ақпараттың жеткіліксіздігінен, мәселенің мән-жайын толық білмеуден туады. Атом электр стансасы тақырыбы қозғалса, жұрт бірден Чернобыль мен Фукусимадағы апаттарды еске алып, үрейге бой алдырады. Бірақ, ондағы ядролық реакторлардың құрылымы, буыны мен қауіпсіздік жүйесі мүлде бөлек. Қазақстанда салынуы мүмкін атом электр стансасында екі контурлы су-сулы реакторлар орнатылады. Бұл реакторлардың қолданылып келе жатқанына 57 жыл болған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына осы типтегі реакторлары бар АЭС-терде бірде-бір апатты жағдай немесе оқыс оқиға тіркелмеген, – деді Саябек Қуанышбекұлы.
Оның айтуынша, Алматы қаласында Ядролық физика институтының базасында су-сулы зерттеу реакторы орналасқан. Бұл реактордың ерекшелігі неде екенін С.Сахиев жалпақ жұртқа түсінікті, барынша қарапайым тілмен түсіндіріп беруге тырысты.
– Бұл реактор екі контурдан тұрады. Бірінші контурдағы су ядролық энергияны бойына сіңіреді де, оны екінші контурға өткізеді. Бірақ, арасы темір арқылы бөлінгендіктен, екі контурдағы су бір-бірімен араласпайды. Яғни, екінші контурдағы судың құрамында радиоактивті элементтер болмайды. Кейін екінші контурдағы су буға айналып, қалақшаларды қозғалысқа түсіріп, электр қуатын өндіреді. Дәл осындай принциппен жұмыс істейтін зерттеу реакторы біздің институттың базасында 1967 жылдан бері бар. Оның АЭС-тердегі реакторлардан жалғыз айырмашылығы – онда екінші контурдағы қалақшалар жоқ. Басқа құрылымының барлығы бірдей. Яғни, іс жүзінде Алматының түбінде жарты ғасырдан бері ядролық реактор жұмыс істеп тұр деген сөз. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бізді жылына бірнеше мәрте тексеріп отырады. Осы күнге дейін бірде-бір кемшілік анықталып, оқыс оқиға орын алып көрген емес, – дейді институт директоры.
ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова еліміздің энергетика саласын дамыту үшін алдағы онжылдықта 147 электр стансасын салу жоспарланғанын айтады. Оның 46-сы күн, 59-ы жел, 39-ы газ және 3-еуі биоэлектр стансасы болмақ. Олардың жиынтық қуаты
29 ГВт\сағатты құрайды.
– Бүгінде елімізде электр қуатының басым бөлігі жылу электр стансаларында өндіріліп жатыр. Біріншіден, қолданыстағы жылу электр стансаларының барлығының дерлік тозығы жеткен, екіншіден, мұндай стансаларда көмір жағылатындықтан, оның қоршаған ортаға зияны көп. Біз күн және жел электр стансаларының желісін дамыту бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, бұл стансалардың жұмысы ауа райы жағдайына тәуелді болғандықтан, онда өндірілетін энергия тұрақты емес. Ал, отандық экономиканың дамуына тұрақты, таза және арзан энергия көзі керек. Сондықтан біз қуаттылығы 2,8 ГВт\сағат болатын екі реакторлы атом электр стансасын салу қажет деп есептейміз. Әрине, бұл бағыттағы түпкілікті шешім, Президент айтқандай, жалпыхалықтық референдумнан кейін ғана қабылданады, – дейді Г.Мұрсалова.
Ал, «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС-нің жетекші сарапшысы Аслан Оңғарбекұлы қуаттылығы 1 ГВт\сағат болатын жылу электр стансасы мен дәл сондай қуаттылықтағы АЭС-тің қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарын талдап берді. Сарапшының айтуынша, 1 ГВт\сағаттық жылу электр стансасы жылына ауаға 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 20 мың тоннаға дейін азот тотығын және 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын жібереді. Оған қоса ол жыл сайын 300 мың тоннаға дейін күл шығарады. Ал, атом электр стансасында осы көрсеткіштердің барлығы нөлге тең. Яғни, төмен байытылған ядролық отын толықтай жабық реактордың ішінде жанғандықтан, ол сыртқа ештеңе шығармайды, сәйкесінше, қоршаған ортаға мүлде зиянын тигізбейді.
– Қоғамда «АЭС салынса Балқаш көлі ластанады, ол құрғап қалады» деген шындыққа жанаспайтын әңгіме де айтылады. Біріншіден, реактордың қос контурындағы су көлге қайта құйылмайды. Яғни, радиоактивті элементтердің көлге түсуі мүмкін емес. Екіншіден, Балқаш көлі кемеріне келіп толысқан кезде 112 миллиард текше метр су жиналады. Жыл сайын жаз маусымында соның 18 миллиард текше метрі табиғи жолмен буланып, қыс-көктемде қайта толысып отырады. Ал, АЭС-ті салқындатып отыру үшін Балқаштан жылына шамамен 64 миллион текше метр су алынады. Яғни, АЭС-ке қолданылатын судың мөлшері жыл сайын табиғи жолмен буланатын судың 0,33 пайызына тең, яғни, 1 пайызының үштен бір бөлігін ғана құрайды. Көріп отырғаныңыздай, АЭС салынса, ол көлдің құрғап кетуіне әсер етеді деген бос сөз, – дейді Аслан Оңғарбекұлы.
Сонымен қатар сарапшылар Қазақстанда АЭС салуға қажетті шикізат қоры жеткілікті екенін, Үлбіде төмен байытылған ядролық отын зауыты жұмыс істеп, ядролық отынды әлемнің көптеген елдеріне экспорттап жатқанын, сондай-ақ, елімізде Ядролық физика институты мен осы салаға қатысты 3 ғылыми-зерттеу орталық жұмыс істеп тұрғанын, яғни, Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы ғылыми-тәжірибелік және кадрлық әлеуеті жоғары екенін айтады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, сарапшылар Қазақстан экономикасының болашағы бейбіт атоммен тығыз байланысты екенін алға тартып отыр.
Энергетикалық қауіпсіздік саласындағы сарапшы, «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры Алмас Әбілдаевтың пікірінше, Қазақстан үшін АЭС салу көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Маманның айтуынша, бүгінде біздің еліміз халықаралық энергетикалық нарықтың белсенді әрі маңызды қатысушысы болып табылады. Соған қарамастан еліміздің энергетикалық әлеуеті әлі де ашылмаған күйінде қалып отыр. Қазақстанның осынау мол әлеуетін ішкі энергетикалық емес нарықтарды дамытуға бағыттауға болар еді. Сондай-ақ, энергетикалық инфрақұрылымын дамыту арқылы еліміздің халықаралық саудадағы, қаржылық және инвестициялық ынтымақтастықтағы рөлін әлдеқайда арттыруға болады.
Бүгінде Қазақстанның алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі – атом электр стансасын салу кезінде қай елдің технологиясын, қай елдің мердігер компаниясын таңдаған дұрыс деген сауал. А.Әбілдаевтың айтуынша, бұл жерде екі мәселеге баса назар аударған жөн. Біріншіден, технологияның барынша жетілген әрі қолжетімді болуы, екінші фактор – саяси-әскери егемендік мәселесі.
Сарапшының пікірінше, технологиялары Қазақстанда АЭС салу үшін ең қолайлы елдердің бірі – Ресей. Ол, әсіресе, әлемдік атом технологиялары нарығының үлкен бөлігіне иелік етіп отырған «РосАтом» компаниясының мүмкіндіктері мол екенін алға тартады.
– Менің ойымша, мердігер ретінде екі елдің біреуін, Ресей мен Францияны қарастыруға болар еді. Әрине, Францияны таңдасақ, құрылыс сәл қымбатырақ болады. Бірақ, ондағы мамандардың құзыреттері өте жоғары. Сонымен қатар АЭС құрылысының мердігерін таңдау кезінде еліміздің әскери-саяси егемендігін сақтау мәселесі де өте маңызды. Айталық, біз мердігер ретінде Оңтүстік Кореяны да таңдауымызға болар еді. Олардың да технологиялық, қаржылық мүмкіндіктері зор. Бірақ, күні ертең геосаяси жағдай күрт өзгеріп кетсе, оңтүстіккореялықтардың Қазақстанмен жұмыс істеу кезінде қандай ұстанымда болатынын болжау қиын. Сондықтан да осы саяси факторға ерекше назар аударған дұрыс дер едім, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, өз атом электр стансаларының болуы мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуіне ықпал етіп, оған ғылыми, экологиялық, экономикалық және стратегиялық тұрғыда бірқатар артықшылықтар береді.
А.Әбілдаевтың айтуынша, Ресей, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея және Қытай секілді елдер атом энергетикасы тұрақты дамуды қамтамасыз ететін шешуші фактор екенін әлдеқашан түсініп, бұл саланы дамытуды қолға алған. Аталған елдердің тәжірибесіне қарап отырып, атом энергетикасы экономикалық өсуге ықпал етіп қана қоймай, энергетикалық теңгерімді қамтамасыз ету мен атмосфераға көмірқышқыл газының бөлінуін азайту арқылы экологиялық ахуалды оңалтуда да маңызды рөл атқаратынын көре аламыз.
Расында, атом энергетикасының маңызды артықшылықтарының бірі – оның парниктік газдардың, әсіресе, көмірқышқыл газының бөлінуін азайта алатындығы. Атом энергетикасына көшу арқылы еліміз қазба байлықтарға, соның ішінде көмір мен мұнай сияқты отындарға тәуелділігін азайта алады. Мұнай өңдеу зауыттары және көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансалары – көмірқышқыл газын көп мөлшерде бөліп шығаратын негізгі ластаушылар екенін ескерсек, АЭС салынуы қоршаған ортаның ластануын азайтатыны сөзсіз. Ядролық реакторды салу, пайдалану және ядролық қалдықтарды жою кезінде де ешқандай қалдық бөлініп шықпайтынын ескерсек, АЭС экологиялық тұрғыда ең таза энергия көздерінің бірі болып қала береді.
Біздің еліміз үшін зиянды қалдықтар мәселесі өте маңызды. Мемлекет басшысының өзі біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі тиіс екенін айтты. Олай болса, атом энергетикасын дамыту біздің экологиялық стратегиямызбен де толықтай үйлеседі. Иә, әзірге елімізде екі оқу реакторы ғана бар. Оның бірі – Ұлттық ядролық орталық та, екіншісі Ядролық физика институтында орналасқан. Әрі алғашқы АЭС салынған күннің өзінде ол еліміздің электр қуатына деген сұранысының 12 пайызын ғана өтейтін болады. Соған қарамастан қазіргі уақытта қалыпты ойлайтын, нағыз білікті мамандар мен сарапшылар АЭС салу жөніндегі бастаманы қолдап отыр. Өйткені, ол тұрақты, үздіксіз және сенімді энергиямен қамтамасыз етудің бірден бір көзі болып отыр, – дейді Алмас Әбілдаев.
Сонымен, дамыған елдердің тәжірибесін саралай отырып, атом энергетикасы қазіргі энергетикалық саясатта шешуші рөл атқаратынына көз жеткіздік. Бұл экономика мен энергия теңгерімін қамтамасыз етудің маңызды факторы ғана емес, сонымен қатар ауаға көмірқышқыл газының таралуын азайтудың тиімді құралы екенін де білдік. Демек, озық технологияларды қолданып және экологиялық қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтай отырып, атом энергетикасын одан әрі дамыту арқылы Қазақстан қазба байлықтарына тәуелділіктен арылып, орнықты дамуға қарай сеніммен қадам басады және декарбонизация мәселесі бойынша да алға қойған мақсат-міндеттеріне қол жеткізеді.
Бейбіт атомды пайдаланудың қаншалықты тиімді екенін бірқатар елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып бағалауға болады. Мәселен, А.Әбілдаевтың айтуынша, Ресей мемлекеті атом энергиясы саласы бойынша бүкіл әлемде маңызды рөл атқарады. Солтүстік көршімізде энергия теңгеріміндегі атом электр стансаларының үлесі 20 пайызды құрайды. Бұл бүкіл елді тұрақты және сенімді электрмен жабдықтауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, Ресей ядролық отынның ірі экспорттаушыларының бірі екенін де естен шығармаған жөн.
Сарапшының айтуына қарағанда, Ресей бүгінде Арктика аймағында атом энергетикасын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Бұған мұздақты аймақтың стратегиялық маңыздылығы және ол жерде табиғи ресурстардың едәуір қорының шоғырланғандығы себеп. Сонымен қатар, Ресейде атом энергетикасы саласында жаңа технологияларды ендіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, орыс ғалымдары атом стансаларының қауіпсіздігін, тиімділігін және экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді әзірлеу және оны өндіріске енгізу бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізгендерін атап өткен жөн.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, Ресейдің атом энергетикасы саласындағы қызметінің маңызды аспектісі басқа елдермен ынтымақтастық болып қала береді. Бір сөзбен айтқанда, Ресей халықаралық ядролық қоғамдастықтағы негізгі фигуралардың бірі болып қала береді және бұл ел өзінің атом секторын одан әрі белсенді дамытуды жалғастырып жатыр.
Атом электр стансаларын өзінің энергетикалық жүйесіне сәтті енгізген елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Атом энергиясы бұл елде тұтынылатын барлық электр қуатынының 30 пайызын құрайды. Бұл ел – атом технологияларын экспорттау бойынша да әлемдегі көшбасшылардың бірі. Осының арқасында Оңтүстік Кореяда электр энергиясына арзан тарифтер белгіленген. Ал, бұл өз кезегінде өнеркәсіптің де, экономиканың басқа салаларының да дамуын ынталандырып, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына әсер етіп отыр.
Ал, АҚШ-тың энергия балансындағы атом электр стансаларының үлесі 20 пайызды құрайды. Құрама Штаттарда атом энергетикасының дамуы жұмыс орындарын құруға және ядролық технологияларды дамытуға ықпал етіп келеді. Сондай-ақ, Америка дайын ядролық реакторларды да экспорттауымен де ерекше басымдыққа ие.
Қуат көздеріне деген ішкі қажеттілігін өтеу кезінде атом энергиясын ең көп қолданатын ел – Франция. Бұл елде атом электр стансалары елде тұтынылатын қуаттың шамамен 70 пайызын өндіріп тұр. Олар елдің энергетикалық жүйесінің негізі болып табылады. Бұл Франция аумағында көмірқышқыл газының таралуын едәуір төмендетіп, халық пен өнеркәсіпті тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашып отыр. Сонымен қатар Франция – АЭС-те өндірілген электр энергиясын өз қажеттілігіне ғана жаратпай, сыртқа экспорттайтын бірден бір мемлекет.
А.Әбілдаевтың айтуынша, Қытай да атом технологиясының дамуынан шет қалып жатқан жоқ. Аспан асты елі де соңғы жылдары бұл саланы жылдам игере бастаған.
Бұларды аз десеңіз, Түркияның энергетика министрлігі «Аккую» атом электр стансасының алғашқы ядролық реакторы таяу арада іске қосылатынын мәлімдеді. Түріктер іске асырып жатқан бұл жоба қуаттылығы жағынан әлемдегі ең үлкен АЭС салуға бағытталған. Онда 4 ядролық реактор болады және жиынтығы 4800 МВт/сағат электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде. Ресми Анкараның мәліметі бойынша, 4 реактордың толық іске қосылуы 2028 жылға жоспарланған. Сол кезде Түркия өзінің электр қуатына деген сұранысының 10 пайызын осы станса арқылы өтейтін болады. Бұл түріктерді жыл сайын сырттан 7,2 миллиард текше метр газ сатып алу мәжбүрлігінен құтқарып, ауаға таралатын көмірқышқыл газының мөлшерін жылына 30 миллион тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді екен.
А.Әбілдаев Қазақстанда да АЭС салуға қажетті әлеуеттің жеткілікті екенін алға тартты. Сарапшының айтуынша, Қазақстан әзірге АЭС арқылы электр қуатын өндірмегенімен, еліміздің жалпы атом энергетика саласында мол тәжірибесі бар. Біздің елімізде кеңестік кезеңде қалыптасып, тәуелсіздік жылдарында нығая түскен ғылыми, кадрлық әлеует және айтарлықтай жетілген инфрақұрылым бар. Атап айтқанда, Үлбіде төмен байытылған ядролық отын зауыты жұмыс істеп, ядролық отынды әлемнің көптеген елдеріне экспорттап жатыр. Сондай-ақ, елімізде Ядролық физика институты мен осы салаға қатысты 3 ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп тұр. Жыл сайын Атом энергетикасы халық- аралық агенттігінің (МАГАТЭ) ең маңызды деген конференциялары мен іс-шараларының Алматы қаласында өтуі бекер емес. Оған қоса Қазақстан уран қоры бойынша да әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет екенін ескерсек, еліміздің атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі зор.