Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төленеді

Пятница, 26 Июль 2024 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 410 раз

Қазақстан Республикасының заңнамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы ақшалай өтемақы төлеуге кепілдік беріледі.

 

Саяси себептер бойынша елден аласталған, тұрған жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аулақтатылған (айдауға немесе жер аударуға жiберiлген), арнайы қоныс аударылған, бостандығын шектеп еңбекке ықтиярсыз тартылған, сондай-ақ, әкiмшiлiк тәртiппен құқықтары мен бостандықтарынан айыруға немесе шектеулерге ұшыраған, әкiмшiлiк тәртiпте немесе сот емес органдар шешiмдерi бойынша психиатриялық мекемелерде емдеуге күштеп жатқызылған адамдардың бәрi ақталған адамдар деп жарияланады.
Күзетпен қамауға алу, бас бостандығынан айыру, психиатриялық мекемелерге жатқызу, арнайы қоныс аударуға жiберу түрiнде негiзсiз қуғын-сүргiндерге ұшыраған немесе шектеулi бостандық жағдайларында (оның iшiнде "еңбек армиялары", "Ішкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналары" деп аталатындарда) мәжбүрлеп еңбекке тартылған және осы Заңға сәйкес ақталған адамдарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында олармен бiрге отырған балаларға, жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына не ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған балаларға олардың тұрғылықты жеріндегі әлеуметтiк қорғау органдары ақтау және көрсетілген орындарда болған уақыты туралы құжаттар негiзiнде бюджет қаражатынан көрсетілген орындарда болған әр айы үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасаған кезге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің төрттен үш бөлiгi есебiнен, бiрақ айлық есептік көрсеткiштің 100 еселенген мөлшерінен артық емес ақшалай өтемақы төлейдi.
Өтем бiржолғы түрiнде, сондай-ақ басқа тәртiпте, ақталған адам әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасағаннан кейiнгi алғашқы үш ай iшiнде жалпы соманың кемiнде үштен бiрi төленген жағдайда берiледi, ал қалған сомасы кемiнде екi жыл iшiнде төленедi.
Өтемнiң есептелген сомалары айлық есептік көрсеткіштің өзгеруiне сәйкес индекстеледi.
Өтем есептелiп, бiрақ оны ақталған адам қайтыс болуы себептi алмаған реттен басқа жағдайларда, мұрагерлерге төленбейдi.
Ақшалай өтемақы алуға құқығы бар азаматтар ақшалай өтемақы тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне ұсынады:
1) нысан бойынша өтiнiш;
2) жеке басты куәландыратын құжат;
3) ақшалай өтемақы алу құқығын растайтын құжат (прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан Заңда көрсетілген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ақталғаны туралы анықтама).
Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балалары үшін қосымша – туу туралы куәлік не тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан үзінді көшірме, прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан Заңда көрсетiлген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ата-анасының біреуінің ақталғаны туралы анықтама.

Руслан ТҰҢҒЫШБАЕВ
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы
бойынша департаменті басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.