ЦИФРЛАНДЫРУ – ҰЛТТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР МӘСЕЛЕ Избранное

Среда, 21 Август 2024 06:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 334 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде «Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашатынын уақыт көрсетті. Орасан зор технологиялық серпін беретін цифрландыру ісі осындай мүмкіндіктің бірі деп санаймыз.
Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді. Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді. Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін анық түсінеміз. Басқаша айтқанда, цифрландыру біз үшін ұлттық маңызы бар мәселеге айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздеп отырмыз» деген болатын.

SifRR

 

Расында, цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналды. 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Болжам бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады. Міне, осындай үдерістерден еліміздің, оның ішінде Шымкент қаласының да сырт қалмауға тырысатыны белгілі.
Осы орайда, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Шымкент Шымкентке жұмыс сапарымен келіп, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс барысымен танысты.

Министр алғашқы кездесуді Мәделі Қожа көшесінде орналасқан ХҚКО-ның қызметкерлерімен кездесуден бастады. 2022 жылы қайта жаңартудан өткен орталық заманауи техникамен жабдықталған және
мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алу үшін аймақтарға бөлінген. Азаматтар мұндағы «Connection point» секторынан маман көмегіне жүгінбей, қажетті құжаттарды өздерінің алуына мүмкіндік жасалған.

Қажет болған жағдайда орталық операторлары тұрғындарға цифрлық сауат негіздері мен электронды үкімет порталында және «ХКҚО» мобильді қосымшасында жұмыс істеуді үйретеді.
Жыл басынан бері өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 100 мыңнан аса шымкенттік тұрғын қызмет алған.
– ХҚКО-мен қоса біз мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының да жұмысын көрсеттік. ЖЖЕ 3.0 жүйесін енгізу және заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде жүргізуші куәлігін алуға байланысты мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы едәуір жақсарды», – деді Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Еске салайық, Шымкент қаласында 12 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде төртеуі – мамандандырылған қызмет көрсету орталығы. Сондай-ақ, көші-қон қызметтерін көрсету және кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы да бар. Барлығы Kaizen қағидатымен жұмыс істейді.
Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалында 554 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген екен. 29 мыңнан аса азаматқа жүргізуші куәлігі беріліп, автокөліктерді қайта тіркеуге байланысты 82 мың қызмет көрсетілген.

Шымкентте «Shymkent hub» ашылды

Шымкент қаласында өңірлік технопарк іске қосылды. Жаңадан ашылған «Shymkent Hub» орталығы – «Astana Hub-тың» басқаруындағы 15-ші өңірлік хаб. Технопарктың ашылуына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев және Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуді көздейтін сала мамандары үшін орталық үлкен мүмкіндік береді. Жиынға жиналған IT саласының мамандары Tolem, Alaqan, Digital cargo мен iUtest сияқты еліміздің ірі IT-стартаптарының көрмесін ұйымдастырған. Сонымен қатар, TechOrda бағдарламасы шеңберінде IT-компаниялар, робототехника мектебі мен жеке IT-мектептер және Шымкент қаласындағы инновациялық жобалардың жұмысы көрермен назарынан тыс қалған жоқ.

SifRR-1


Министр қазіргі таңда цифрландыру саясатының дара жолға қойылғанын, жасанды интеллектпен жұмыс жасаудың едәуір тиімді екендігін атап өтіп, орталықтың еліміз үшін маңызды екендігіне тоқталды.
– Shymkent Hub-тың ашылу салтанаты – тек Шымкент қаласындағы маңызды оқиға емес, Қазақстанның IT-саласын дамытудағы айтулы кезең. Осы жылдың соңына дейін бұл тәжірибені еліміздің барлық аймағында іске асыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтар инновация катализаторына айналып, жас таланттар жарқын идеяларын жүзеге асыру үшін ең үздік тәжірибелер мен ресурстарға қол жеткізе алады. Бұл бастама өңірлердегі талантты мамандарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жаңадан ашылған IT Hub Шымкент қаласында инновациялық және технологиялық жобаларды дамытуға серпін беретіні сөзсіз, – дейді министр Жаслан Мәдиев.
Shymkent Hub ғимаратында Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламалары жүзеге асырылған. Мұнда митаптар, Pizza Pitch, воркшоптар, Speaker Talks, Idea Battle және IT-қауымдастықтың қалыптасуына ықпал ететін басқа да көптеген түрлі іс-шаралардың өтуіне мүмкіндік бар. Инкубациялық кезеңде стартап-жобаларды құру барысында қатысушылар кәсіпкерлік негіздері бойынша білім мен инвестиция тартуда қолдау алып, қаржылық есеп жүргізу және басқа да қажетті дағдыларды меңгереді.
Көрмеге қатысушылар бұған дейін жасаған жобаларын көпшілікке таныстырды. Мәселен, Орта Азия мемлекеттері арасында алғашқылардың бірі болып, дрон шоуын ұйымдастыруды қолға алған «Sky Lights» компаниясы қыркүйек айынан бастап кең көлемде жұмыстар жоспарламақ. Компанияның негізін қалаушылардың бірі Абылай Жанысбек жоспарымен бөлісті.
– Қазақстанда алғаш рет құрылған компанияға қызығушылардың қатары көп. Осыдан бірнеше ай бұрын «Tulip Hаll» сарайының ашылуында дрон шоуын ұйымдастырдық. Қала азаматтарының қызығушылығы осы шоудан кейін басталды. Қазіргі таңда, жеке инвесторлардың қолдауымен Қытай мемлекетінен қосымша 100 дрон алдыртудамыз. Біз оларға дайын үлгісін жібереміз, олар көшірмесін жасап береді,-дейді Абылай Жанысбек.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын атап өтіп, Astana Hub тәжірибесін кеңінен қолдану міндетін қойған болатын. Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 15 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін Атырау, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында жаңа IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.

Шағын аудандардағы байланыс министр назарында

Министр мегаполистегі байланыс сапасын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Іс-сапар барысында Тұран және Шымсити шағын аудандарындағы интернет-байланыс жүйелерін бақылап, жауаптылармен кездесу өткізді. Министр өз сөзінде сенімді байланыс өңірді цифрландырудың және қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды элементі екенін айтты.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласының шалғайдағы шағын аудандарына жоғары жылдамдықты интернет белсенді түрде қосылуда. Министрлік жүргізген интернет пен ұялы байланыс сапасына жүргізілген талдау жеткіліксіз қамтылған аймақтарды анықтауға мүмкіндік берді. Туындаған мәселелерді тиімді шешу жолдары алдағы уақытта жоспарлы түрде жүргізілмек.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.