АПАТТАР МЕДИЦИНАСЫ ОРТАЛЫҒЫ Избранное

Пятница, 23 Август 2024 05:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 259 раз

ең қиын сәтте көмекке келетін мекеме

«Апат айтып келмейді» дейді дана халқымыз. Расында да ешбір апатты дәл болжай алмаймыз. Ол адами фактордан болсын, табиғаттың дүлей күші болсын күні бұрын дәл болжап, оның алдын алу мүмкін емес. Сондықтан қауіпсіздікті қадағалап, қала тұрғындарын сақтыққа шақырып жүретін төтенше жағдай саласы қызметкерлерінің жұмысы қашан да қауырт. Сондай қиын шақта көмекке келетін құтқарушылар қатарынан табылатын медицина қызметкерлерінің де еңбегі елеулі. Осы тұста, қалада Апаттар медицинасы орталығы жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмес.

KutKaru

 

Апаттар медицинасы орталығы құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін төтенше жағдайлардан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсетуге байланысты күрделі, маңызды міндеттерді орындап келеді. Республиканың барлық аймақтарында құрылған және жүйелі дамып келе жатқан АМО қызметінің негізгі мақсаты төтенше жағдай кезінде шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру, үйлестіру және қатысу, сондай-ақ, авариялық-құтқару қызметтерінде медициналық және психологиялық көмек көрсету. Орталықта тәулік бойы медициналық бригадалар жұмыс істейді, олардың құрамына дәрігерлер, фельдшерлер және санитарлар, құтқарушы-жүргізушілер кіреді.
Жедел жағдайлар туындаған кезде батыл қимылдайтын орталыққа биылғы 6 айдың ішінде 396 шақырту түскен. Зардап шеккен 127 адамға шұғыл медициналық көмек көрсетілсе, оның ішінде 12-сі бала. Шақыртулардың ішінде суицид жағдайы да жиі кездесетін көрінеді.
– Апаттар медицинасын көбінесе «жедел жәрдем» деп шатасып жатады, бірақ, олай емес. «Жедел жәрдем» дәрігері зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге бағытталған және бұл оның функциялары. Апаттар медицинасы дәрігері, ең алдымен, ұйымдастырушы және үйлестіруші. Біз әрқашан саптамыз. Яғни, кез – келген уақытта, мереке күні, демалыс күні, күндіз-түні, біздің бригада әрқашан әртүрлі жағдайға дайын тұрады. Мамандар оқытылған, білікті. Біздің жұмысымызда жиналу керек, барлық эмоцияларды өшіру керек, өйткені жарақат алғандардың арасында балалар, жүкті әйелдер және қарт адамдар болуы мүмкін. Оларда травматикалық және геморрагиялық шок болуы мүмкін, яғни, Сіз өзіңіздің эмоцияларыңызды басқара білуіңіз керек және жағдайды басқара білуіңіз шарт, – дейді «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы Бексейіт Жаңабаев.

KutKaru-1

Қызметкерлердің жұмысының көбі жұмыс санитариялық автомобильдерде жүзеге асырылады, онда пациенттердің өмірлік функцияларын қолдау үшін барлық қажетті жабдықтар бар. Осылайша жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында медициналық техникалар, электрокардиографтар, дефибрилляторлар, өкпені жасанды желдету құралдары, қарқынды терапия көлігі, далалық медициналық госпиталь үшін пневмо-рамалық модульдер кешенімен жабдықталған.
Құтқарушылардан кейін іске кірісетін дәрігерлер көмек көрсету уақытын «алтын сағат» деп атайды екен. Алтын сағат ережесі тек медициналық көмекпен ғана емес, сонымен қатар қарапайым адамдарға тез көмек көрсетумен де байланысты екенін ескеру маңызды. Алғашқы медициналық көмек дағдылары және болған жарақаттар мен ауруларға жауап беру қабілеті, жедел жәрдем келгенше немесе ауруханаға жеткенше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
– Төтенше жағдай кезінде құтқарушылар болсын, өрт сөндірушілер болсын, жалпы осы салада қызмет атқаратындардың қай-қайсысы да өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігеді. Апаттық медицина орталығының қызметкерлері төтенше жағдайларда жұмыс істеу үшін дайындықтан өткен. Олар алғашқы медициналық көмек, травматология, зардап шеккендерді эвакуациялау және төтенше жағдай кезінде жедел медициналық көмек көрсету дағдыларына ие. Сонымен қатар, олар кез-келген жағдайға дайын болу үшін үнемі жаттығулардан өтіп, біліктіліктерін арттырып отырады. Сонымен қатар, маусымның қай кезеңінде болмасын, түрлі апаттардың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға, оқыс оқиға бола қалған жағдайда алғашқы көмек пен алғашқы әрекеттерді де қала мекемелеріне барып оқытып жүрміз, – дейді Бексейіт Мырзабайұлы.
Ал, осы мекеме құрылғалы жұмыс істеп келе жатқан орталықтың фельдшері Досжан Жұмағұлов жұмысының сан түрлі екенін айтады. Күніне орталыққа түсетін 10-15 дабылдың бәрінде әр түрлі жағдай, әр түрлі оқиға орын алады.
– Біздің басты міндетіміз адам шығынын азайту. Біздің жұмысымыздың мақсаты медициналық, санитарлық және психологиялық көмек көрсету. Бұл жарылыс, апатты жағдай және зиянды заттар мен газдан улану болсын алғы шепте біз жүреміз. Құтқарушылар өз өмірін қатерге тігуге дайын. Кез-келген жағдайда сабырлық танытып, шұғыл әрекет жасай білуі шарт. Күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдау маңызды. Қорқыныш пен үрейді алып тастау жөн. Себебі мамандардың кәсіби іс әрекеті адам өмірін шешеді, – дейді Досжан Бейсенбайұлы.
Биыл құрылғанына 30 жыл болған орталықтың еліміз бойынша ең төтенше жағдайдағы аймақтарында тәулік бойы жұмыс істейтін және жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге медициналық-құтқару көмегін көрсететін 40 магистральдық медициналық құтқару пункті бар. Ол пунктердің барлығы елді мекендерден шалғай үлкен жол бойларында, жол көлік апаты болған жағдайда, жедел жәрдем жете алмайтын жерлерге орналасқан. Мұндағы қызметкерлер жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендерге автомагистральдық пункттің жауапты аймағында тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді, апат болған жерге жедел-құтқару көлігімен барады, сондай-ақ өз бетінше медициналық көмекке жүгінген азаматтарға шұғыл көмек көрсетеді. Жұмыс кестесіне келетін болсақ, бес адамнан тұратын ауысым 15 күн сайын қалыпты жұмыс кестесімен басталады. Үш құтқарушы мен жүргізуші, әрқайсысы өз жұмысын жақсы біледі.
Сөз соңында айтпағымыз, апат айтып келмейтіні рас, дегенмен «сақтансаң сақтаймын» деген де тәмсіл бар. Адам болжап біле алмайтын, кенеттен келетін зілзаладан бөлек, тұрмыс жағдайында да абай болып, түрлі құрылғылардың көмегімен құтқару қызметі болжап, біліп отыратын ауа-райының қолайсыздығы туралы әр біреуіміздің ұялы телефонымызға келетін хабарламаға да мән беріп, сақ жүргеніміз жөн-ау.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.