ТІЛ МӘРТЕБЕСІ – ЕЛ МӘРТЕБЕСІ Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2024 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 302 раз

Туған тіліңді қорғау – туған Отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отанға қауіп келсе, білектің күшімен ерте ме, кеш пе, әйтеуір, азат етеріңе сенесің.
Ал, тіліңе қатер төнсе, бұл – қиын мәселе. «Ана тілің – арың бұл» деп Қадыр ақын жырлағандай, тіл тағдырына алаңдап, қайтсек тіл тазалығын сақтап қаламыз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қайраткерлеріміздің еңбегі орасан. Тіл үшін күрес нағыз ұлт жанашырларының ісі деп білеміз.

joldaU

 

Тіл – ұлттың жаны, елдігіміздің асыл белгісі, Ата Заңымызбен қорғалатын еркіндігіміздің үні. Оны құрметтеп, қорғау, келешек ұрпаққа жеткізу, біздерге ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан жеткен аманат. Иә, заман өзгерсе де, адам өзгерсе де, тек бір нәрсе өзгермейтіні хақ: ол – ана сүтімен бойымызға дарыған, халықтың қандай қиындықтан өтсе де өзімен бірге алып жүретін басты байлығы – баба тілі, ана тілі.
Ана тілі қанның, қиылған жанның, толқытқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек. Бұл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзі. Халқымыз қиын-қыстау кезеңдерді өткерсе де, тілімнің болашағы – ұрпағымның болашағы деп, бабаларымыздың басын бәйгеге тіге отырып, бізге аманат еткен тіліміздің тұғырын биік ұстамау – ұлтқа сын.
Ел Тәуелсіздігін алып, өз алдына бөлек мемлекет болғаннан кейін 1997 жылы 11 шілдеде “Қазақстан Республикасының Тіл туралы” Заңы қабылданды. Мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірнеше маңызды құжат қабылданды.
Шымкент қалалық Полиция Департаментінде тіл мәселесі өзекті әрі маңызды. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңірдің полицейлері тіл тазалығы жағынан да өзгелерге үлгі болуы керек.
Бүгінде департаментімізде апта сайын өткізілетін аппарат және жедел кеңестер, селекторлық кеңестерді тек қана мемлекеттік тілде өткізуді дәстүрге айналдырып жүрміз.
Департаментте 10-ға жуық өзге ұлт өкілдері бар. Өзге этностар арасында тілді дамытумен қатар, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында мемлекеттік, ұлттық мерекелер қарсаңында әртүрлі тәлімдік шаралар жүргіземіз. Мысалы, Наурыз мейрамы, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні, Тілдер күні, Құрбан айт мерекелері кезінде флешмобтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Тілді меңгеруге тырысып, іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізетін өзге ұлт өкілдерін ынталандыру мақсатында жыл сайын Тіл мерекесі қарсаңында марапаттаймыз.
Сонымен қатар, елімізде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асырылып келеді.
Полиция қызметкерлері қазақ болсын, өзге ұлт өкілі болсын, құжаттарды өздігінен екі тілде жасайды. Алайда Тергеу басқармасының қызметкерлері қылмыстық істерді өтініш келіп түскен тілде жүргізеді.
Жалпы қала бойынша ішкі істер органдары арасындағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 98 пайызды құрайды.
“Тілге құрмет-елге құрмет” . Біз, тәртіп сақшылары қазақ тілінің мәртебесін көтере отырып, елге, жерге адал, қалтқысыз қызмет етеміз.

Думан ТАЕВ,
Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы,
полиция генерал-майоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.