Баланың киiмi немесе жеңіл өнеркәсіптегі жағдай неге ауыр? Избранное

Пятница, 29 Май 2015 05:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4989 раз

Мектептерде соңғы қоңырау соғылды, яғни оқушы атаулының ересегі жаңа өмірге қадам басса, кішілері каникулға шықты. Демалыстағылар мектеп формасын үш айға ұмыта тұрмақ. Десек те, балалардың киімі ата-аналардың тамыз айындағы ғана «бас ауруы» емес екені мәлім.

00000565Оқушыларды сапалы әрі денсаулығына қауіпсіз мектеп формасымен қамтамасыз ету де өзекті мәселе. Жыл сайын күзде ата-аналар мектеп формасын іздеу мен оған тапсырыс берудің әлегіне түседі. Ал, ол киімдер бізге Қытайдан, Түркиядан, Қырғызстаннан әкелінеді. Осы орайда, отандық өндірушілер барлық оқушыны мектеп формасымен неге толықтай қамтамасыз ете алмайды, деген сұрақтың туындауы заңды. Инвестициялар және даму министрлігі мектеп формасы нарығының көлемі жыл сайын 30,0 млрд. теңгеден астам болғандықтан да, отандық өндірістің мектеп формасы институты мәселесін пысықтау қажет деп санайды.

Бүгінгі күні сарапшылардың бағалауы бойынша балалар киімі мен аяқ киімі нарығының көлемі жыл сайын 200,0 млрд. теңгені құрайды екен. Алайда, отандық балалар тауарларымен қамтамасыз етілу 1 %-дан аспайды. Сапасы төмен, қауіпсіздік сертификаттары, инвойстары жоқ тауар ұсынылуда. Мектеп формасына балалардың денсаулығына зиян келтіретін синтетикалық маталар жиі қолданылады. Өз өндірушілерімізді қолдаудың орнына, іс жүзінде басқа елдердің экономикасына инвестиция салып, оларды байытып отырмыз. Балалар тауарларының (киім, аяқ киім) барлық импортының, шамамен, 45%-ы заңсыз саудамен жеткізіледі екен. Көптеген елдерде балалар тауарларын стратегиялық санаттарға жатқызады, өйткені киім атаулының өзі де әрі тәрбие құралы, әрі денсаулығын қалыптастыруға әсері мол. Осы орайда, соңғы жылдары балаларда әртүрлі аллергиялық аурулардың қылаң беруін, көршілес мемлекеттерден әкелінетін балалар ассортиментінің сапасыз өнімі аурулар көзі болуы мүмкін екенін ескерген министрлік импортталатын тауарлар сапасы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейтпек.

 

«Оңтүстiк» халықаралық талапқа сәйкестендiрiлуде

Айтайын дегеніміз, балалар киімі ғана емес жалпы жеңіл өнеркәсіптің даму барысы туралы еді. Бұл саланың жағдайы елімізде ойдағыдай емес. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Мәжіліс отырысына отандық киіммен келіп көпшілікті таң қалдырған болатын, жуырда. Журналистер министр киімінің қайда шығарылғанын сұрағанында: “костюм “Казлегпром” өнімі, аяқкиім қарағандылық өнім, қазір көптеген кәсіпорындар костюмді, әсіресе әйелдер киімін жақсы тігеді, әрі көп” деп жауап берген-ді. Сонда ғой, шұлыққа дейін отандық өндірістен шыққан киімдерді кие бастаған министрдің бастамасын өзгелерге өнеге етіп бұқаралық ақпарат құралдарының жарыса жазғаны.

Иә, жағымды жаңалық. Яғни, бұл жеңіл өнеркәсіптің жұмысы «жүре» бастағанын білдіреді. Алайда, статистикалық мәліметтерге жүгінсек, еліміздің жеңіл өнеркәсібінің үлесі өндірістің жалпы көлемінде 0,3 пайызды ғана құрайды екен. Бұл көрсеткіш 1990 жылы 15,8 пайызға тең болған. Сарапшылар бұған өндірістің 1991-1999 жылдардағы жалпы құлдырауы, саланы нақты басқарудың болмауы, инфляция, бақылаусыз импорт ағыны әсер еткенін айтып отыр. Жеңіл өнеркәсіп – кешенді сала. Мысалы, бұл салада тоқыманың үлесі 49% болса, тігін (42%), аяқ киім (9%). Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, 2014 жылы Қазақстан Республикасынан жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты көлемі 175,9 млн. доллар болған, олардың ішінде 55,6%-ы – тоқыма бұйымдар. Ал, Қазақстан Республикасына жеңіл өнеркәсіп өнімі импортының көлемі экспорт көлемінен 12,7 есе артқан 2234,5 млн. долларды құраған.

Осы арада айта кетелік, осыдан он жыл бұрын яғни, 2005 жылы шілдеде Елбасы Жарлығымен тоқыма және тігін өнеркәсібін дамыту үшін жағдайлар жасау және бәсекеге қабілетті тауарлар өндіруге өтуге арналған алғышарттар жасау мақсатында, кластерлік бастама шеңберінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Игі бастаманың жүзеге асырылу барысы қалай? 2014 жылдың қорытындылары бойынша жалпы инвестициялар сомасы 22 млрд. теңгеге 8 жоба іске асырылып, өндіру көлемі 6,2 млрд. теңгені құраған. Бір жарым мың жұмыс орны ашылыпты. Бұдан бөлек, АЭА аумағында жалпы инвестициялар көлемі 89,3 млрд. теңге 10-нан астам жоба түрлі деңгейде іске асырылуда. Биыл 370 жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 4,4 млрд. теңге 2 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі осы аймақты басқару үшін кәсіби шетелдік компанияны тарту жөніндегі мәселені пысықтауда екен. Ағымдағы жылдың басында әкімдік «Шэмрок» түрік компаниясымен меморандумға қол қойғаны мәлім. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Kaznex Invest» АҚ сингапурлық «Джуронг» компаниясымен бірлесіп әзірленген АЭА басқарудың жаңа моделін енгізу жоспарланған. Осылайша, АЭА жұмысы халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келтірілмек. Сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп саласының орнықты дамуын және экономикалық қауіпсіздіктің 30% шекті деңгейін қамтамасыз ету үшін, тоқыма өнеркәсібінде – мақта талшығын өңдеу көлемін жыл сайын 10 мың тоннадан бастап 50,0 мың тоннаға дейін, ал былғары және оған тиесілі өнім өндірісінде - 700 млн. ш. дм. дейін өңдеуді арттыру, жүнді бастапқы өңдеу көлемін жаңа қуаттар енгізу есебінен жыл сайын 25,0 мың тоннаға дейін жеткізу қажет.

 

Импорт үлесi 90%-ден астам

Мәжіліс депутаты, төменгі палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов тоқыма, тігін, былғары-аяқ киім саласында импорт алмасу проблемаларын шешу үшін ішкі нарықтың елеулі бөлігін отандық өнім берушілерге қайтару, сондай-ақ жұмыс күштерін қалпына келтіріп, қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің бұрынғы танымалдығын қалпына келтіру керек деп есептейді. «Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор және ол тұтыну деңгейі бойынша тек азық-түлік өнімдерін тұтынудан кейін екінші орында тұр. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жеңіл өнеркәсібі республика бюджетін 25%-ға дейін қалыптастырғаны бәріміздің есімізде. Оның өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 21%-ды құрады. Республикада 1 000-нан астам ірі және орта
кәсіпорын, оның ішінде қала құрайтын кәсіпорындар жұмыс істеді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіштер бірнеше есеге қысқарды. 2014 жылы аталған салада жұмыспен қамтылғандар саны небәрі 13,7 мың адамды құрады, қысқарту – 15 еседен артық. Жеңіл индустрияның өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 19 есеге қысқарып, небәрі 1,1%-ды құрады. Бұл басқа салалармен салыстырғанда жеңіл өнеркәсіптегі өндірістің құлдырауы аса жоғары болғанын айғақтайды. Мысалға, жеңіл өнеркәсіптің үлесі дамыған елдерде (АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Түркия, Португалия) сақталып, 12-20%-ды құрап отыр», – дейді С. Әйімбетов.

2008-2013 жылдарда елімізде жеңіл өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялар 37 млрд. 910 млн. теңгені құраған. Алайда, отандық кәсіпорындар оң нәтиже көрсете алмауда. Отандық тоқыма және тігін өнеркәсібі республиканың ішкі нарығы қажеттілігінің тек 8%-ын, аяқ киім 1%-ға жуығын ғана қамтамасыз етеді және жеңіл өнеркәсіп өнімінің 90%-дан астамы импорт үлесіне тиесілі. 2008 жылдан бастап 2013 жыл аралығында жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты бес есеге жуық өскен, өсу қарқыны рекордтық көрсеткішті - 481,5%-ды құраса, ал экспорт небәрі 5 %-ға өсіпті.

Ал, 2014 жылғы талдау жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты экспорттан 12 есеге жуық асып түсіп, 2 млрд. 241 млн. 492 мың доллар болғанын көрсеткен. Яғни, еліміз бұл бағытта толықтай импортқа тәуелді болып отыр. Бұрынғы қарқынын жаңғырту үшін барлық алғышарттар бар елімізде жеңіл өнеркәсіптің 2015–2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші кезеңінің бағдарламасына енгізілмеуі де өкінішті жәйт. Отандық жеңіл индустрияның тыныс-тіршілігін жақсарту жөнінде үйлестірілген және нақты іс-қимылдар жоспары жоқ. Бұл да саланың дамуына кері әсер етері анық.

 

Шикiзат мол, дайын өнiм...

Жеңіл өнеркәсіпті дамытуда еліміздің шикізаттық мүмкіндігі мол. Мысалы, бүгінде іске жарамсыз болып қалған теріні алыңыз. Жеңіл өнеркәсіп
кәсіпорындары қауымдастығының деректері бойынша, 2012 жылы елімізде 10 млн. дана өңделмеген тері өндірілген. Оның ішінде 2 млн. дана экспортталған, ішкі өңдеуге 1,7 млн. дана жіберілген. Импорт мүлдем жүзеге асырылмаған дерлік. 6,3 млн. дана өңделмеген тері «көлеңкеде» қалып отыр және «қара» және «сұр» экспорт схемасы арқылы заңсыз жолмен елден шығарылған. Аграрлық елміз, бірақ бізде тері дайындау және өңдеу жөніндегі кәсіпорындар жоқтың қасы. Өңірімізге жақсы мәлім мақтаға келейік. Елімізде жыл сайын шамамен 100 мың тонна мақта талшығы өндіріледі екен, оның 90 %-ы экспортталады. Облысымызда 15 мақта өңдеу зауыты бар, дегенмен олар толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. Өйткені, жабдықтар энергияны көп қажет етеді және шығарылатын талшық сапасы төмен, өз шикізаты жетіспейді. Толық қуатында жұмыс істеген кезде отандық кәсіпорындар мақта талшығы жалпы көлемінің 30 %-на дейін өңдей алады. Сондай-ақ, жыл сайын қырқылатын 40 мың тонна жүннің шамамен 30 %-ы, оның ішінде 17 %-ы жуылмаған күйде экспортталады екен. Депутат С.Әйімбетовтің мәлімдеуінше, жүннің 70 %-нан астамы жоғалады, өңделмейді. Арзан бағамен бақылаусыз және сертификатсыз Қазақстаннан тыс жерлерге, ал түскен қаражаттың айтарлықтай бөлігі «көлеңкелі айналымға» кетуде. Бұл үлкен шығындарға әкеліп, осының салдарынан мемлекет жыл сайын 6,0 млн. доллар жоғалтып отыр. Осы орайда депутаттар Үкімет жеңіл өнеркәсіпті экономиканың басым секторларына қосып, оған деген көзқарасын қайта қарауы қажет деп есептейді.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, жеңіл өнеркәсіп саласында қазіргі заманның талаптарына сай келетін білікті кадрлар жетіспейді. Бұл да Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі үшін өзекті мәселе. Жұмысшылар, тігіншілер, киім пішушілер ғана емес, жоғары және орта буынның техникалық мамандары да тапшы. Егер терең мән бере, зерделей қарасаңыз бүгінгі мектеп бітірген түлектердің жеңіл өнеркәсіпке қажетті мамандықтарды таңдауға құлқы жоқ. Әйтпесе, елімізде әртүрлі деңгейдегі жеңіл өнеркәсіп мамандарын дайындайтын оқу орындары жеткілікті. Жоғары оқу орнын бітіргендерінің басым бөлігі, еңбек жағдайының ауырлығы мен жалақының төмендігіне байланысты басқа салада еңбек етуде.

Последнее изменение Пятница, 29 Май 2015 05:48
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.