ШЫМКЕНТ және қызыл автобус Избранное

Пятница, 19 Июнь 2015 10:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 10740 раз
Шымкентке алыстан ат арылтып келген туыстарыңыз бен олардың бала-шағаларын қыдыртуға көліктің реті болмай жүрсе, қам жемеңіз. Өйткені, қос қабатты туристік автобустар қала тұрғындары мен қонақтарына өткен аптадан бастап қызмет көрсете бастады. Игілікті шарада ОҚО кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков пен қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай тұсауын кескен болатын.
 
Біз де арнайы экскурсиялық автобуспен шаһардың көрікті жерлерін аралауға шықтық. «Қиял әлемі» саябағының алдында орнатылған касса дүңгіршегінде кезекте тұрғандардың қатары қалың. Немересін ерткен әже, кішкентайын жетектеген ата-ана, достарымен қаланы аралауға асыққан жастар... Қызыл автобус кешкі сағат 18.00 мен 19.30-да жолға шығады екен. Біз 19.30-да жүретін автобусқа билет алып жайғастық.
 MG 3638Бұл жоба Шымкент қаласы әкімдігі, ОҚО кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық және туризм басқармасы мен «Жібек жолы» туристік компаниясының арасындағы келісім бойынша жүзеге асыпты.
 
Компания директоры Әсел Ибоходжаева Малайзияның беделді оқу орындарының бірінде бизнес саласы бойынша білім алған. Оқуын табысты аяқтаған ол туған қаласына келіп, тың идеясымен көпті таңқалдырып, ішкі туризмге үлес қосқысы келеді.
 MG 3608– 2010 жылы Шымкенттегі дарынды балаларға арналған қазақ-түрік қыздар лицейін аяқтадым, – дейді ол. – Сосын Малайзияда білім алдым. Әрине, Алматы, Астана секілді үлкен қалада қалып, қызмет етуге болар еді. Бірақ менің өз қалама, Шымқалаға қайтқым келді. Біздің қаламыз үшінші мегаполиске айналып, күн өткен сайын көркейіп келеді. Әлемнің біраз елінде болдым. Бәрібір Шымкентке жетпейді. Қала тұрғындары мен қонақтары шаһарымыздың әсем жерлерін тамашалап, танысса деген оймен, осы екі автобусты Қытайдан арнайы алдырттық, – дейді жас кәсіпкер. 
 
«Қызғалдақ» субұрқағы, Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университет, «Мега» ойын-сауық орталығы, «Кең баба» саябағы, «Шәмші әлемі» гүлзары, «Тәуелсіздік» саябағы артта қалды. Қонаев гүлзары бойындағы әсем ғимараттарға қызыға көз тастадық. Зообақ, дендросаябақ, «Наурыз» алаңынан өткенде бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын аралап,  Бәйдібек би ескерткішіне тірелдік. Он минут аялдап, суретке түсіріп, автобусқа қайта жайғастық. Күн сайын бой көтеріп жатқан әсем ғимараттар, қаланың түнгі көрінісі, қызу тіршілігі бәрі-бәрі әдемі көрінеді екен.
 
– Лондонның көркіне айналған екі қабатты саяхат автобустарын еліміз бойынша бірінші біздің қаламызда көргенімізге қуаныштымыз. Бала-шағамызбен, улап-шулап, таза ауада серуендегенге не жетсін, – дейді жолаушылар.
 MG 3613Айтпақшы, ашық аспан астында серуендеу үшін билет құны ересектерге 500, балаларға 400 теңге екен. Ал, 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер үшін тегін. Ал, жаңадан отау құрып жатқан жастар арасында той серуеніне осы қызыл автобуспен шыққанды құп көргендер де табылуда. Жалдау құны – 60 мың.
 MG 3621Компания қызметкерлері жақында агротуризм деген бағыт ашып, оқушыларды, студенттерді жылыжайларға, зауыттарға арнайы апармақ. Сондай-ақ Түркістан қаласына саяхат ұйымдастыруды да жоспарлап отыр. Шетелдік туристерге арнап қазақ, орыс, француз, ағылшын және түрік тілдерінде аудио-экскурсия ұсынбақ.
 
Ал, біз екі сағат бойы қаланың тарихы мен көрікті жерлері туралы мәліметті орыс тілінде тыңдауға ғана мүмкіндік алдық. Келесі жолы гидтің қаланы қазақ тілінде таныстыратынына, көңілдегі олқылықтың орны тезірек толатынына сенеміз. 
 
Әйгерім БЕГІМБЕТ
Последнее изменение Пятница, 19 Июнь 2015 11:39
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.