Қызмет сапасын арттыру талап етiледi Избранное

Понедельник, 12 Октябрь 2015 10:34 Автор  Опубликовано в Барлық мақалалар Прочитано 24874 раз
Үстіміздегі жылы жол-патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғаны үшін жалпы саны 74 894 көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырып, 524 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Дегенмен, күні бүгінге дейін тек 148 миллион теңге қаржы мемлекет пайдасына өндіріліпті. Яғни, бұл бастапқы белгіленген көрсеткіштің 29 пайызын құрайды. Осы және өзге де мәселелер қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен қала әкімдігінің мәжілісінде кеңінен талқыланды.

DSC 0264-1-1Аталған мәжіліске әкім орынбасарлары, аппарат басшысы және мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Алдымен қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Арман Бейсенбаев үстіміздегі жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Баяндамада белгілі болғандай, тек биыл қала аумағында 381 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 35 адам қаза тапса, 394 адам түрлі дене жарақаттарын алыпты. Мұндай келеңсіздіктердің жиілеу себебін басқарма басшысы қаладағы автокөліктер санының артуымен байланыстырды. Нақтырақ айтқанда, 2011 жылмен салыстырғанда, бүгінде көлік саны 84 пайызға артып, 190 мыңға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш, өз кезегінде, белгіленген нормаға мүлдем сәйкес келмейді.

Қалаішілік көлік қозғалысының тәртібі мен тиімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, 7 мыңға жуық автокөлік айыптұрағына қойылыпты. Жол қауіпсіздігін жақсарту мақсатында 667 жол белгісі, 22 бағдаршам, 3 аспалы жаяу жүргіншілерге арналған көпір орнатылған. Жалпы ұзындығы 469 метрді құрайтын жол кедергілері салыныпты. Дегенмен де, қызмет сапасын жақсартуға ықпал ететін, шешімін табуы тиіс мәселелер де баршылық. Мысалы, қала тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жол-патруль қызметіне қосымша 100 автокөлік пен 5 эвакуатор қажет. Бұл орайда, қала әкімі Ғ.Әбдірахымов қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол-патруль қызметкерлері қандай да бір мұқтаждықты сезінбеуі тиіс екенін, яғни, сала қызметі барлық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілетінін атап өтті.

– Бұл ретте, сіздерге айтылар алғашқы сын – айыппұлдарды өндіру көрсеткіші анағұрлым ұлғайтылуы тиіс. Жол жиегіндегі автотұрақтар орнын қарастыру, жол кептелістерінің алдын алу бағытында аялдамаларға жол қалташаларын салу, электр жарығы өшкен кезде қосылатын бағдаршамдардағы аккумуляторлар санын арттыру мәселелері бойынша толыққанды ұсыныс енгізу үшін басқарма басшылығына желтоқсан айына дейін уақыт мерзімін белгілеймін, – деді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Күн тәртібінде сондай-ақ, қала аумағында қоғамдық жолаушылар тасымалын ұйымдастырудың және жол қауіпсіздігін сақтаудың барысы бойынша қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың баяндамасы тыңдалды. Өз баяндамасында бөлім басшысы қаладағы жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарына 237 миллион 706 мың теңге қаржының бөлінгенін атап өтті.
DSC 0268Қоғамдық көліктердің қызмет сапасын арттыру мақсатында автопарк басшыларына бағытқа жаңа автобустарды қоюды барынша талап ететін боламыз. Ал, мұндай талапқа көнбейтін автопарк басшылары үшін біз келісім-шартты бұзуға да дайынбыз. Дәл қазіргі күні бірқатар азаматтар Шымкентте соңғы үлгіде жабдықталған жаңа автобустарды жол бағытына қоюға мүдделілік танытуда. Ендеше, жол ақысын қымбаттатуды сұранған қауымдастық басшыларының өтініш-тілектерін қабылдауға негіз жоқ. Бұл ретте, жауапты сала басшыларына кемшіліктерді түзеу үшін жыл соңына дейін уақыт беріледі, – деді қала әкімі.

Мәжілістің күн тәртібінде, сондай-ақ, қала аумағын көгалдандыру туралы қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров, бөлімдер тарапынан дайындалған қала әкімдігінің қаулыларын талқылау және бекіту туралы қала әкімдігі аппаратының басшысы Рашид Аюпов баяндама жасады. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов талқыланатын мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
 
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Последнее изменение Понедельник, 12 Октябрь 2015 10:45
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.