«Әдемi Life» – Шымкенттiң шырайы

Пятница, 18 Март 2016 06:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3753 раз

Қаламызда кәсіпкерлікке бет бұрған жігерлі, тәуекелшіл жастар көбейіп келеді. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері Ақгүл Мырзахан мен Қаламқас Досанова – сондай жастардың бірі. Апалы-сіңлілі екеуі қала орталығынан «Әдемі Life» атты әсемдік салонын ашып, 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.

zhsa kasipker– Сіңлім Ақгүл кішкентайынан әсемдікке, сұлулыққа құштар болды. Анамыз, туысқан әпкелеріміз тойға, мерекелік іс-шараларға барса, қасы мен көзін бояп, бет-аузын әрлеп, шашын сәндеп беретін. Ал мен құжат жағына ұқыптылық таныттым. Сосын біздер ойласып, сән салонын ашуды жөн көрдік. Бұл ұсынысымызды ата-анамызға айтқанда олар біздің талабымызды қолдап, қуаттады. Қаржылай көмек көрсетті, – дейді Қаламқас Өсерқызы.
Ақпанның бел ортасынан қызмет көрсеткен сән салонына екі апта ішінде 200-ге жуық адам бас сұққан. Көктемнің алғашқы күніне ашылу салтанатын жоспарлаған олар, тұтыншылардың әрқайсысына қоңырау шалып, іс-шараға шақырыпты. Осылайша, Алғыс айту күнінде қала тұрғындарының алғысын алып, оларға түрлі сыйлық ұсынып, сән салонының «тұсауын» кесті.
– Кішкентайымнан өз ісімді жүргізіп, өзгелерге қуаныш сыйлағанды жақсы көретінмін. Бүгінде сол мақсатымды іске асырып, арманыма біртабан жақындап келемін. Болашақта Шымкенттен «Жібек» немесе «Тұмар» деп аталатын қыз-келіншектер институтын ашқым келеді. Алғашқы іргетасынан бастап өзіміз қаласақ деймін. Болашақ аналарға артылар жауапкершілік үлкен ғой. Сондықтан онда аруларымызды отбасылық өмірге дайындап, ас мәзірі, тігін тігу, құрақ құрау, моншақтармен түрлі бұйымдар жасау, шаш сәндеу, тағы да қыз баласына қажетті істер үйретілсе дейміз. Қыз-келіншектер, апа-әжелер клубын құрып, психологиялық қолдау көрсетіп, бала тәрбиесіне қатысты кеңестер берілсе, аруларымыздың бойына ізгі қасиеттерді сіңіретін орталық болса деп армандаймын, – дейді жас кәсіпкер.