Ирригация жүйесiне тұрғындар да жауапты Избранное

Пятница, 01 Апрель 2016 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 10554 раз

Шымкент қаласы үшін ирригация мәселесі өзекті. Әсіресе, көктем мен күз айларында жауын-шашын, еріген қар салдарынан арық-атыздар арнасынан тасып, кейбір көшелерді су алады. Осы ретте биыл қаладағы 32 көшеде тұйықталған ирригациялық жүйелерді жою мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынбақ.

DSC 0993Бірнеше күн қатарынан жауған жаңбыр ирригация саласына қатысты мамандарды әбігерге салды. Олар күні-түні төтенше жағдай қалыптасқан аумақтарда ретке келтіру жұмыстарымен айналысуда. Соңғы күндері жауған жаңбыр салдарынан қаланың бірқатар аумақтарында мәселе туындады. Атап айтсақ, 112-орамдағы Жұманов, Вишнев және Акация көшелерін су шайған. Ирригация жүйесіне жауапты мекемелердің қызметкерлері қолда бар техниканың көмегімен су тарту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Өтегенов көшесінде орналасқан «Жаңаша» моншасы маңында жауыннан соң су көптеп жиналып, жақын маңдағы тұрғындар мен көліктің жүріп-тұруына едәуір кедергі келтіруде. Бұдан бөлек, Еңбекші ауданына қарасты Арғынбеков, Шаяхметов және Ерімбетов көшелерінің бойына жиналған су тартылып, ретке келтірілген. Қазір қауіпті жағдайға тап болған учаскелерде 40 адам мен 8 арнайы техника және қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің 10 қызметкері жұмылдырылған. Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша, қазіргі кезде мамандар ол аумақтарды жіті бақылауға алған.
– 31 наурызға қараған түні Қошқар ата өзені маңында, Өтегенов және Дархан көшелерінің қиылысында өз бетінше өзен арнасына салынған үйді су басты. Мамандар дер кезінде көмекке келіп, ол жердегі төтенше жағдайды ретке келтірді. Ал өткен жылы үйлерді су алу жағдайлары тіркелген жоқ. Бірақ жол бойындағы арық-атыздарға жиналған су көшелерді шайып кетті. Бұл сол маңда тұратын тұрғындардың жауапсыздығынан орын алды. Өйткені, олар арық-атыздарды өздігінше жауып қойған немесе шаруашылық нысандар тұрғызған. Бұл мәселе жаңа шағынаудандарда көптеп кездеседі. Онда су өтетін бағыттарда жол салынған, – дейді Ерубай Жұрынұлы.
Жауапты маманның мәлімдеуінше, «Шұғыла», «Самал», «Ынтымақ» және «Қайтпас» шағынаудандарында ирригация жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер туындап отыр. Мәселен, өткен жылы «Шұғылада» тұрғын үйлер арқылы өтетін 350 шақырым арық салынған. «Осы ретте үй, жол және басқа да құрылыс салар кезде арық-атыздарды бөгемесе екен. Осындай жағдайлар бізге қиындық туғызып отыр. Әсіресе, Қошқар ата өзені бойындағы үйлер арнаға жақын орналасқандықтан, онда техникамен кіру мүмкін емес. Өткен жылы Қошқар ата өзенін Арғынбеков көшесінен айналма жолға дейін 4,7 шақырым арна салынды. Жауын-шашында ондағы үйлерді су басатын еді», – дейді әкімдік өкілі.

Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесі қала әкімінің басты назарында. Жуырда ғана Ғабидолла Әбдірахымов Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында: «Ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, Қазақстанның өзге де қалалары үшін өзекті болып отыр. Ирригациялық жүйелер ескіріп, жарамсыз күйге енген. Оларды жаңарту үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, алдағы бір-екі жылдың ішінде бұл мәселе шешімін табады», – деген еді. Бұл орайда алда атқарылар шаруа көп. Мысалы, Түркістан, Іляев, Қазыбек би, Аймауытов және Түркістан көшелерінде жауыннан соң су көп жиналады. Биыл Түркістан көшесіндегі тозығы жеткен ирригациялық жүйе жаңартылады. Яғни, Түркістан көшесі арқылы өтетін ирригациялық өткел Қошқар ата өзеніне дейін созылады. Мемлекеттік сатып алу байқауы өткен соң жұмыс қыза түспек. Сондай-ақ, биыл 32 көшеде тұйықталған ирригациялық жүйелерді жою жоспарлануда. Оған қала қазынасынан 248 млн теңге бөлінген. 

Ирригация жүйесіне қатысты атқарылған ауқымды жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, Қошқар ата өзенінің Самал базарынан бастап, Ынтымақ елді мекеніне дейінгі 12 шақырымды құрайтын аралықтағы арна бетондалды. Осыдан 3-4 жыл бұрын ондағы үйлерді жаңбыр жауған сайын су шайып, тұрғындар әбігерге түсетін. Ал бүгінде бұл мәселе шешімін тауып отыр. Қалада Қошқар ата, Қарасу, Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау және Жағабай сынды үлкен арналар бар. Өткен жылы Жаңашек каналының 1,1 шақырымы бетондалып, 1,3 шақырымына айналма арық-атыздар салынды.
Қазіргі таңда Шымкенттің ирригациялық жүйесіне жауапты үш мекеме бар. Олар – «ЛТД-Тұрмыс», «Бәйтерек ЛБ» және «Югдорсервис». Бұл мекемелердің бәрінде қажетті құрал-жабдықтар мен техника жеткілікті. Мәселен, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі су тартатын 3 техника сатып алынды. Бұдан бөлек, ирригация әр аудан әкімдіктерінің де қатаң қадағалауында. Олар тазалықпен қатар, ішкі орам көшелеріндегі ирригациялық жүйелерді тұрақты бақылауға алған.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.