Тұғыры биiктеген көк Туым!

Пятница, 13 Май 2016 08:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7384 раз

Ұлтымыз үшін Тәуелсіздік қандай қымбат болса, мемлекеттік рәміздер де біз үшін сондай қастерлі. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек. Биыл Қазақ елі Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтуде. Тұп-тура ширек ғасырды артта қалдырыппыз. Осынау мерейлі датаны тойлаумен қоса Мемлекеттік рәміздерді төрге оздыру да әрбіріміздің міндетіміз болуы тиіс.

Рәмiздерге қасиет деп қараған халықпыз

Әнұранды әспеттеу, Туды тұғырлы ету – әрбір қазақ жасына сын болмақ.
«Көк Тудың желбірегені, Жаныма қуат береді»... Ел ішінде тарап кеткен бұл рухты әнді көпшілік жатқа айтады. Жүректі қозғар, тұла бойды шымырлатар асқақ ән.

80x60 парк3

Тәуелсіздік пен Мемлекеттік рәміздер егіз ұғымдай. 1992 жылдың 4-маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілді. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды.
Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздердің бірі.
Ту – ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Қазақстанның Мемлекеттік туындағы аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік сияқты қасиеттерді айшықтап тұр.
Қазақтың көк Туы ғарыш кемесімен бірге көкке көтерілді. Альпинистеріміз де қасиетті туды әлемнің ең биік шыңдарына алып шықты. Спортшылардың дүниежүзілік аренаға Туды алып барып, желбіретіп, қайтып жүргені әлемге аян.
Мемлекеттік Туға қасиет деп қараған халықпыз. Рәміздерді құрметтеуде, қастер тұтуда ең алдымен Елбасыдан үлгі алу керектігімізді мына бір оқиғадан аңғарасыз. Академик Мырзатай Жолдасбекұлының өзі куә болған оқиға кім-кімді де тебірентпей қоймайды. «Біз Тəуелсіздікті орнатқан кезде Қазақстанда қазақ халқының саны 39,7 пайызды құраған еді. Осындай аз пайызбен Тəуелсіздігін орнатқан халық менің білуімше әлемде жоқ. 1991 жылы 1 желтоқсандағы сайлаудан кейін инаугурация өткізу керек болды. Онда ант беретін мінберді ақ киіздің үстіне қояйық деп келістік. Сонда ол ақ киіздің үстінде тұрып ант берді, көзіне мөлтілдеп жас келді... Содан кейін орнына барып отырғанда арғы жағынан жел соғып кетті ме екен шымылдық қозғалып кетті де, соның сыртында тұрған байрағымызды құлатып бара жатты. Оны қоярда талай тексерген едік, біздің жүрегіміз тоқтап қала жаздады. Сөйткен кезде артында көзі бар адам сияқты Нұрекең туды ұстап қалды. Артынша ұйымдастырылған кеште мен Нұрекеңе барып «Нұреке, онсыз да табанға тапталып жатқан ту еді ғой. Бүгін сіз қисайып бара жатқан туды қалай ұстап қалдыңыз... Енді қазақтың туы жығылмайды екен!» дедім. Құдайға тəубə қазақтық туы сол күйі желбіреп тұр!».
Мінекей, қасиет деп қараған Туымызды қастерлей білудің жарқын үлгісі осы болса керек.

«Мен жеңiлсем ту жығылмай ма?»

Биыл тамызда Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында қазақтың көк байрағы тағы да желбірейді. Рас, туды ұстап шығушы қай спортшы болмасын өзіне тапсырылған ұлттың рухы екенін жадында ұстауы тиіс.
Ең алғаш Тәуелсіз ел ретінде 1996 жылы АҚШ топырағында дүбірлеп өткен ғаламдық ойындарда туды ұстап шығу бақыты шойынжұдырық Ермахан Ыбырайымовқа бұйырыпты. Ермахан да нағыз жігіт қой, тұңғыш рет Олимпиадаға қатысып тұрып, қола жүлдені мойнына ілді. Кейіннен араға төрт жыл салып, жасыл құрлыққа аттанар алдында Елбасы жуан жұдырық боксшыға тағы да туды сеніп тапсырады. Ермахан ер екен, Сидней төрінде қарсы келгенді тоқпақтап, алтын жүлдені қоржынға салып қайтты. Міне, намыстан жаралған өршіл азамат! Ермахан екі Олимпиадада туды желбіретіп барып, елге құралақан қайтқан жоқ.
– Сидней Олимпиадасында Елбасының тапсырған туын құлатуға хақым жоқ еді. Халқыма уәде бергенімнен кейін қиындықтың бәріне мойымай шыдауға мәжбүр болдым. Еліме қалайша қиянат жасаймын, қалай мен жеңілемін, мен жеңілсем ту жығылмай ма? Сол сындарлы сағаттарда қайткен күнде де, туды құлатпай, төменге қарай еңкейтпеуім керек. Сол кезде тек қана алға деп атой салдым, – деген еді ер Ермахан бір сұхбатында.

120-80

Елдің иесі болса, тудың киесі болатынын естен шығармайық. Бір кездері Ресейдің атақты балуаны, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Сеул (1988), Барселона (1992) және Атланта (1996) Олимпиадаларының чемпионы Александр Карелин Сидней Олимпиадасында күмісті қанағат тұтуының себебін Ту ұстап шықпауынан көреді екен. Өйткені, ол оған дейін екі рет Олимпиада салтанаты кезінде әлем жұртшылығына Ресей спортшыларының мызғымас ту ұстаушысы ретінде танылған еді.
Осы күні әлемнің әр қиырында сәт санап, сағат сайын қазақтың Әнұраны әуелеп, мемлекеттік туы желбірейді. Жеңімпаз ұл-қыздарымыздың құрметіне. Қуаныш па, қуаныш!
Бүгінде әлем чемпионаттары дархан даламызда өтіп жатқаны әмбеге аян. 2013 жылы Алматыда өткен бокстан әлем чемпионатында төрт ұланымыз, 2014 жылы ауыр атлетикадан әлемдік сайыста өз қаракөзіміз жаһан жеңімпазы атанды. Осы сәтті залда отырып тамашалау бізге де нәсіп болып еді. Тұғырда қос спортшымыз – Жасұлан Қыдырбаев пен Владимир Седов екеуі қасқайып тұрды. Екеуі де ет-жүрегі елжіреген күйі Әнұранды қосыла шырқап бергеніне көпшілік куә болған.
Мұның бәрі де бейбіт күннің арқасында қолымыз жеткен жеңістер. Қай спортшы болса да туды төмендетпей, жоғары ұстауға талпына берері де анық. Ең әуелі осындай мамыражай тіршіліктің қадірін ұғына білуіміз керек.

Патриоттық әндердi шырқап, елдiктi паш етiп жүр

Таяуда Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» мектебіне жолымыз түскен. Әскери мектеп интернат шәкірттері Туды құрметтеудің нағыз жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін бағамдадық. Олар күнде таңертең мемлекеттік рәміздерді әспеттейді. Сабаққа кіріспес бұрын Әнұранды әуелетеді. Міне, нағыз патриоттық тәрбие!
Шырайы артқан Шымкенттің көрікті жерінде «Тәуелсіздік саябағы» орналасқан. Қаланы төбеден тамашалайтын нағыз биікте орын тепкен. Саябақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында салынған-тын. Осында мемлекеттік рәміздер алаңы бар. Ортасында заңғар биікке құлаш ұрған, 50 метр биіктікте Көк ту желбіреп тұр. Қала тұрғындарының көпшілігі осы саябаққа серуендейтінін айтып та, жазып та жүрміз. Жастар қауымының патриоттық әндерді шырқап, елдікті паш ету ниеттеріне талай куә болдық.
«Біз қолда барды әлі де бағалай алмай жүргендейміз. Кешкі уақытта көк сеңгір көкте айбыны асып тұрған қасиетті Туды қараңғылық көлегейлеп тұрғанын көресіз». Түнгі уақытта аралағанымызда қала тұрғындары, жастар осындай уәждерін айтты. Расында, күндіз рухтандыратын құндылығымызды түнде де айшықтандыруды қолға алсақ. Сонда желбіреген көк туымыз барша қала тұрғындарының көзайымына айналар ма еді!?

3Біржан ЖАҚЫПОВ, бокстан әлем чемпионы: 

«Көк байрақты Бразилияда желбiретсем деймiн»

– Шетелдік жарыстарда елдің Әнұранын шарықтатып, туын көкке көтеру – біздің басты міндетіміз. Шама-шарқымызша бұл үдеден шығып жүрмін деп ойлаймын. Ұлттық құрамада жүргеніме 11 жылдан асты. Осы уақыт аралығында ірі жарыстардың бәрінен жүлделі қайтып жүрміз. Халықаралық жарыстарда ерлік көрсетіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүруіміз – Тәуелсіздіктің арқасы. Әзірге қолым жетпей тұрғаны – Олимпиада жүлдесі ғана. Сәтін салса, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында осы олқылықтың орнын түзетсем деймін.

Последнее изменение Пятница, 13 Май 2016 09:16
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.