Қиялға қанат бiтiрген қала Избранное

Среда, 18 Май 2016 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5647 раз

Шымкентте «SHYMKENT ART DAYS 2016» өнер күндерi өттi

Стрит арт, жария өнер, граффити, өнердің визуальды түрлері, бейне-арт... Шымкент қаласының тұрғындары бұл өнерді күнделікті өмірде тек ғаламтордан, бейнеклиптерден ғана тамашалайтын. Енді аталмыш өнер туындыларын Шымкент көшелерінде де кездестіруге болады.

Таланттарды танытқан шара

13-15 мамыр аралығында қала әкімдігінің қолдауымен алғаш рет SHYMKENT ART DAYS 2016 атты өнер күндері өтті. Алғашқы күні Орталық саябақта заманауи сурет өнерінің танымал тұлғалары – шымкенттік «Қызыл Трактор» суретшілер арт-тобының негізін қалаушы Саид Атабеков және оның әріптестері Арыстанбек Шалбаев «Мұнай кереге», Смаил Баялиев «Түнгі шарықтау», Сырлыбек Бекботаев «Жұмыртқа», сондай-ақ, Бақыт Бүбіханова «Аспан күмбезі», Алексей Шиндин «Атавизм» атты туындыларын паш етті. Сондай-ақ,

Ә. Қастеев атындағы колледж студенттері гобелен, картина, қолөнер туындыларының «Жылжымалы галереясын», «П.Н.И.» арт-тобы «Хаос – тәртіп» атты перформансын көрермен назарына ұсынды. Қала тұрғындары сүйікті суреттерін ақ қағазға түсірді. Ал балалар арасында асфальттағы граффитиден сынға түсіп, байқау жеңімпаздары қала әкімдігінің арнайы жүлделерімен марапатталды. Бұдан әрі орталық саябақта флешмоб билеген жастар көңілді демалысын жалғастырды. Ал журналистер мен блогерлерді Гүлмира Ақбердиева тамаша өнер туындыларын тамашалайтын саяхатқа шақырды.

«REPAS» арт-тобының стрит арт жанрында бейнелеген «Болашаққа жолдауы» Ш. Қалдаяқов Кремль көшелерінің қиылысында, ал «Тәуелсіздік» саябағының бір бұрышында Алпамыс Батыров салған «Болашақ біздің қолымызда» атты граффитиі сыр шертіп тұр.
– Көңіл күйіңіз қалыпты кездерде сіз бұл бейнелерден ештеңе ұқпауыңыз мүмкін. Бірақ, күйбең тірліктен қатты шаршап, жабырқаған жанға суреттер «сөйлейді» деуге болады. Тіпті, «қиындықтан шығар жол қалмады, тұйыққа тірелдім» деп келген жанның өзі қабырғадағы суреттен «Болашақ біздің қолымызда» дегенді оқи алады. Яғни, мұңайған адамға үміт сыйлайды, ойын бөледі, шабыттандырады. Туынды 5 жылға дейін өңін бермейді, жалпы 20-30 жылға дейін сақталады, – дейді А. Батыров.
Өнер күндері бұдан әрі RIXOS қонақүйінің конференц-залында жалғасын тапты. Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған іскер азаматтар мен қала қонақтары, кәсіпкерлер қатысты. «Қызыл трактор» арт-тобының жетекшісі Саид
Атабеков, Арт-сыншы Валерия Ибраева, арт-дизайнер Аяжан Жақсыбай және Александра Цай Шымкент қаласында көркемөнерді дамыту жайын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

Шымкент қаласындағы іс-шараны өткізуге ұсыныс білдірген алматылық әйгілі дизайнер Аяжан Жақсыбай:
– «Мәскеу бір күнде салынған жоқ» десек те, урбандалу процесі жүріп жатқан индустриалды аймақ стрит арт, граффити өнеріне қызығушылық танытпай қоймасы анық. Өйткені, мұнда жастар көп. Ақ пен қара түске қарағанда түрлі-түсті бояу мен бейнелеу өнері әрбір жасты, көңіл-күйдің адамын бей-жай қалдырмайды. Яғни, осы өнердің бұдан әрі жалғасын табуына жастардың ықпалы болады, болашақта қаланың дамуына өнертанушы, суретші-дизайнерлер де белсене атсалысады деп ойлаймын. Іс-шара балалар үшін қолға алынды, өмірімізді жақсы жағына қарай өзгертуге балаларымыз себеп бола берсін. SHYMKENT ART DAYS 2016 өнер күндерін ұйымдастыруға қолдау білдірген қала әкімдігіне және қатысушыларға алғыс білдіремін, – деді.

Өнерліге шабыт берген шаһар

Бұдан кейін журналистер мен блогерлер қала ішіндегі саяхатын өнертанушы Кендебай Қарабдоловтың этномузейінде жалғастырды. Ежелгі қазақ мәдениетін дамытумен ғана шектелмей саз балшықтан құмыра жасағанын ерекше атап өтуге болады. Сазсырнай, қобыз, домбыра, гитара, шаңқобыз сынды оннан астам музыкалық аспапта ойнай білгені саяхаттаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлай алатын жан-жақты Кендебай мырзаны да «қазақтың қазынасы» екенін мойындатқызады.
Саяхат соңында «Оңтүстік Қазақстан облысының Туризм индустриясын дамыту орталығы» ассоциациясының атқарушы директоры Ақбердиева Гүлмира өз пікірін білдірді.

– Біздің облыста туризм саласының күн сайын алға ілгерілеп келе жатқанының бір дәлелі – жақында Қазақстаннан Түркияға қонақүй бизнесін дамыту бойынша дәріс алуға 30 адам барады, соның 13-і Шымкент қаласынан. Біз қала қонақтарына жоғары деңгейде қызмет көрсету мен қонақүй бизнесін қатар алып жүруіміз қажет. Сапалы қызмет көрсете білетін, түрлі бағыттағы қызығушылықтарды қамтыған, мәдениет пен өнерге бай қалаға кез келген қонақ қайта келгісі келіп тұрары сөзсіз. Стрит арт, граффити, өнердің визуалды түрлерін қолға алу арқылы Шымкент қаласы бүгін тағы да алға ілгеріледі, – дейді Г. Ақбердиева.
Иә, қонақтардың, саяхатшылардың Шымқалаға деген қызығушылығын оятуға әрнәрсе себеп бола алады. Тек, сол себептер жақсылықтың жаршысы болғай. Шымкентте туризмнің дамуы инвестиция тартуға сеп, ал бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қала халқының әл-ауқатын бүгінгіден де арттырып, қала көркін еселей түсуге жол ашатыны сөзсіз.
Айтпақшы, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мырза алдағы уақытта стрит арт, граффити, бейне-арт, жалпы визуалды өнер бағытында осы іс-шараның жалғасын табуына тілек білдірген жергілікті тұрғындарға қолдау көрсететінін жасырмады.

WP 20160514 122– «Ең сүйікті» деген атқа лайықты болуы үшін Шымкент қаласында қамтылмаған сала болмауы тиіс. Шымкентте әр адам өзіне қажеттіні тауып, сүйікті ісімен айналыса алса, әр күнін сәтті әрі көңілді өткізуге мүмкіндік алса, қаламыздың даму деңгейі бүгінгіден де арта түсетіні рас. «Үшінші мегаполис» болғандықтан қаламыз жан-жақты дамып, өнер саласында да жаңа ойлар мен шығармашылық жаңалықтарға бай болуы шарт. Осы орайда қала әкімдігі түрлі-түсті бояуларды сөйлете білген шығармашылық адамдарына қолдау көрсетіп, қаламызда өнер күндерін ашық деп жариялады. Қала қонақтары, өнер саласының өкілдері қала тұрғындарымен тәжірибесін бөлісті. Бұл іс-шара балаларды да бей-жай қалдырмағаны байқалады. Көпшіліктің көңілінен шыққан іс-шара алдағы уақытта жалғасын табады, – деді Қайрат Нұртай.

Ендеше, әйгілі көркемөнер шеберлерінен алған тәжірибемізді дамытайық, шымқалалықтар!

 

Последнее изменение Среда, 18 Май 2016 05:38
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.