Бар жақсылық – балаларға Избранное

Пятница, 03 Июнь 2016 06:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5196 раз

Биыл балалардың төл мерекесі Шымкентте ерекше өтті. Жылдағы дәстүр бойынша бұл күні түрлі іс-шаралар мен ойын-сауықтар өткізілді. Мерекеге орай «Нұрлы болашақ» акциясы мен «Бақытты жас ұрпақ» шарасы Орталық саябақта кең ауқымда ұйымдастырылды. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов балаларды мерекемен құттықтады.

DSC 0707

– Қаланың жас тұрғындары еліміздің нағыз патриоты болып өссін, бізді оқудағы табыстарымен, зияткерлік, шығармашылық және спорттық жетістіктерімен қуанта берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бейбіт аспан, балаларға жайдары жаз сыйлаған жарқын сәттер тілеймін, – деді қала басшысы.
Бұл күні балалар саябақта сахна жұлдыздарына айналып, ән шырқап, би биледі. Бірі сурет байқауында асфальтқа сурет салып, өнерін көрсетсе, епті де, мықты балалар эстафеталық спорттық ойындардан сайысқа түсті. Республикалық жарыстарда топ жарған таэквондошылар көрініс ұсынып, кішкентай палуандар кілемде белдесті. Сондай-ақ, балалар көркемсурет мектебінің оқушылары қылқаламмен өнерлерін паш етті.

Мерекеде 3 балабақша...

DSC 0835

Балаларды қорғау күні Шымкентте 3 балабақша іске қосылды. Соның бірі – «Самал-2» шағынауданындағы №62 Ботақан» балабақшасы. Бөбекжайдың ашылу рәсіміне қала әкімі Ғ. Әбдірахымов, қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай арнайы қатысты. Мектепке дейінгі балалар мекемесі 320 орынға, 16 топқа негізделген. Жаңа нысан заманауи технологиялармен және сапалы балалар жиһаздарымен жабдықталған. Мұнда оқу әдістемелік сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Балабақшаның ашылу салтанатына бүлдіршіндер айрықша дайындалыпты. Өнерлі бағындар әннен шашу шашып, қызықты қойылымдарды қонақтарға ұсынды. Қала басшысы Ғ. Әбдірахымов балалардың құтты мекеніне айналатын балабақшаның жұмысына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Жаңа балабақшаның жұмысымен танысып, аралап көрді. Сол күні қаламызда №61 «Нұртас» балабақшасы мен Тараз шағынауданындағы «Тараз» балабақшасы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Шымкентте жаңа балабақшаларды қосқанда мемлекеттік 87 бөбекжай және 208 жекеменшік балабақша бар. Шымкент қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, кезекте 1 мен 6 жас аралығындағы 28 мың бала бар. Сондай-ақ шілде айында Оспанов көшесіндегі 1800 орынға лайықталған балабақша ашылады деп күтілуде.

Қуанышқа кенелткен күн

DSC 0011

Жыл сайын Шымкент қаласының білім бөлімі жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық акцияларын өткізіп келеді. Сондықтан бұл мерекені балалар асыға күтеді. Осы мақсатта Азия мейрамханасында 100 балаға дастархан жайылды.
Балаларды Халықаралық мерекемен құттықтау үшін қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай, «Жилстройиндустрия» ЖШС-нің директоры У. Валиджанова, сондай-ақ, білім бөлімінің мамандары арнайы келді. Қ. Нұртай балаларға қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың ыстық сәлемін жеткізді. Барлық баланың үлгілі азамат болып өсуіне, тәрибелі де, білімді болуына тілектестігін білдірді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 774, оның 40-ы патронаттық тәрбие бойынша қамқорлыққа алынған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.