«Рәмiзге құрмет – елiңе құрмет»

Пятница, 03 Июнь 2016 06:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4770 раз

Ербол Дайрашұлы басшылық жасайтын Шымкенттегі «Ернияз» баспа үйі тоғыз жылдан бері қала тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде мемлекеттік рәміздерді қажет етсеңіз, осы мекемені іздейтініңіз анық. Өйткені, бұл өзінің атын қалыптастырған, бірден-бір үздік мекеме. Бір-екі сауалымызды мекеме басшысына жолдаған едік.

erbol dairashev– Ербол Дайрашұлы, қай уақыттан бері мемлекеттік рәміздер шығаруға ден қойдыңыздар? О баста қандай қиындықтар кездесті?

– «Ернияз» баспа үйінің құрылғанына биыл тоғыз жыл. Осы уақыт аралығында баспа, жарнама салаларында өз орнымызды айқындап, сапалы өнімдеріміз арқылы тұтынушылар көңілінен шығуға тырыстық. Ал мемлекеттік рәміздерді материалдық обьектілерге бейнелеу лицензиясын 2010 жылы сәуір айында алдық. Кейінірек көлемді елтаңба жасауды зерттей бастадық. Ал былтыр лицензиямызды жаңартып, ең соңғы үлгідегі мемлекеттік рәміздерді дайындау лицензиясына ие болдық. Өндіріс саласында сан қилы қиындықтар мен қызықтар қатар жүреді ғой. Оның ішінде мемлекеттік рәміздерді жасап шығару аса бақылауды, жауапкершілікті, ұқыптылықты талап етеді. Алғашқы кезде материалдың құрамын анықтауда, оны жасауда қиналдық. Бір қалыпқа түсіріп алғаннан кейін, ісіміз дөңгеленіп жүре берді.

– 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа үлгідегі Елтаңба енгізілгені белгілі. Енді қандай өзгешеліктер, айырмашылықтар болады?

– Иә, енді ескі үлгіде жасалған Елтаңбаларды 2017 жылға дейін ғана пайдалануға рұқсат. Мемлекеттік рәміздің пішіні мен түр-сипаты бұрынғы қалпында сақталады. Сондай-ақ, 40-тан астам атау берілді. Әр атаудың өзіндік өлшемі, өз орны, сипаттамасы бар. Бізге сызбаша нобайы мен 3D нұсқамасы берілді. Өндірістік жағынан жеңілдетілген. Материалдың құрамына көңіл бөлінген. Күн сәулесіне, суға шыдамды, төзімді болуы керек.

– Сіздердің шығарып жатқан өнімдердің дұрыс-бұрыстығын кім қадағалайды?

– Қазақстан Республикасының Техникалық реттеу және метрология комитетінің әр облыста филиалдары бар. Біз жасаған өнімдерден бір қателік, кемшілік кететін болса, ұсыным тастаймыз. Апарып береміз. Комитет қызметкерлері 15 күннің ішінде өнімнің қате жерін анықтап, түзетулер мен өзгертулер енгізеді. Мемлекеттік рәміздерді мемлекеттік лицензиясыз жасау мүмкін емес.

– Бір елтаңбаны жасап шығуға қанша уақыт кетеді. Ал мамандарыңыздың тәжірибесі қаншалықты мол?

– Біздің баспа үйімізде Елтаңбаны жасайтын екі маманымыз бар. Олар алыс-жақын шетелде осы сала бойынша тәжірибе алмасып келген, білікті мамандар. Елтаңбаны қалыпқа құю, кептіру, бояу, тағы басқа жұмыстарын қоса есептегенде бес-алты күн уақытты алады. Көбіне мемлекеттік мекемелер мен рәміздерді қастерлейтін жеке тұлғалардан тапсырыс түседі. Алдағы уақытта өзге де өңірлерге өз өнімдерімізді шығармақпыз. Әзірге келісімшарт түзу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

– Сіздіңше, мемлекеттік рәміздерге құрмет қандай болу керек?

– Рәмізге құрмет – еліңе құрмет. Қазақстан Республикасы Конституциясының 34 бабында «Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп тайға таңба басқандай жазылған. Сол себепті әрбір адам мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді отбасынан бастау керек. Ұл-қызының санасына кішкентайынан рәміздердің құндылығын сіңіріп, құрметтеуді үйретсе екен деймін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз шарықтай берсін.