Қоғамдық көмекші – қызықты да қауіпті жұмыс

Понедельник, 10 Апрель 2017 05:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5065 раз

Шымкент тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалада көптеген кешенді жобалар қолға алынғаны белгілі. Осы орайда «Қауіпсіз қала» жобасы нәтижесін бере бастады. Жоба аясында тәртіп сақшыларының қатарын толықтыру үшін көмекшілер тарту жөнінде шешім қабылданған. Қуантатыны – қоғам тыныштығын сақтауға полицейлермен бірге қала тұрғындары да жәрдемдесуде. Ақпан айынан бастап, Шымкентте 200 қоғамдық көмекші жұмыспен қамтылды.

kogamdyk-komekshi 27

Облыс прокуратурасы мен Шымкент қаласы әкімдігі қолға алған жоба аясында көмекшілер қатарына 18-ден зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар тартылған. Оларға арнайы қызметтік киім беріліп, 6 ай көлемінде 40 мың теңге айлық төленеді.
 Қазір құрылған жасақ белсенді жұмыс жасауда. Полиция көмекшілері тәртіп сақшыларымен бірге халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қылмыстың алдын алуға атсалысады. Шымкент қалалық жергілікті полицияның аға инспекторы, полиция капитаны Сапархан Ғапашовтың айтуынша, ұсақ-түйек құқық бұзушылық азайған.
– Қоғамдық көмекшілердің нәтижесі жаман емес. Бір айда жасақтардың жауапкершілікпен атқарған жұмысының арқасында тәртіпбұзушылық оқиғалары айтарлықтай азайды, – дейді Сапархан Қалданұлы.
Дегенмен қоғамдық көмекшілер күн сайын сан түрлі оқиғалармен бетпе-бет кездеседі. Сондай сәттерде олардың ұстамды болуы, адамдармен тіл табыса білуі маңызды. Осындай талаптардың үдесінен шығу әрине үлкен сын. Ауладағы балалар, қауіп төндіруі мүмкін бұзақылар қоғамдық көмекшілердің жіті назарында. Мәселен, №61 учаскелік полиция пунктінде 63 азамат қала тыныштығын сақтауға көмектеседі. Ал көмекшілер бекітілген аумақ бойынша жұмыс істейді.
Таңертең сағат 9-дан бастап қоғамдық көмекшілер учаскелік полиция және инспекторларынан тапсырма алып, қызметіне кіріседі. Полицияның ерікті мүшелерінің арасында егде жастағы кісілер де бар. Мәселен, «Нұрсәт «шағынауданының тұрғыны Бағила Алтыбаеваның жасы алпыстан астан. Бір жылдан бері қоғамдық көмекші болып жұмыс істейді. Ол стадионның аумағын, көпқабатты үйлердің аулаларын бақылайды. Тәртіп бұзған балалар болса, оларға ескерту жасап, өздерін қалай ұстау керектігін түсіндіреді.
– Қоғамда тәртіп бұзушылық орын алса, кейбір адамдар оның «бізге қатысы жоқ» деп көпшілік бей-жай қарайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қызметтік киім жақсы болды. Тәртіп бұзушылардың мысын басады. Ал арнаулы киімдегі көмекшілерді көргендер аяғын аңдап басады, – дейді Бағила Алтыбаева.

Облыс прокуратурасы мен Шымкент қаласы әкімдігі қолға алған жоба аясында көмекшілер қатарына 18-ден зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтартартылған.
Оларға арнайы қызметтік киім беріліп, 6 ай көлемінде 40 мың теңге айлық төленеді.

Шынында да Бағила апай бір жылдан бері полиция бөлімшесінде өзін жақсы қырынан көрсеткен. Бірақ ол қоғамдық қызметі үшін ақы алмайды. Зейнеткердің туған қалаға деген сүйіспеншілігінің арқасында шағынауданда көпқабатты үй аулаларының тазалығы қалыпқа келтірілген. Тұрғындар бұрынғыдай қоқысты бей-берекет тастамайды.
Ал көмекшілер апта басынан жұмаға дейін кезекшілікке шығады. Атқарған жұмыстарының есебін полиция учаскесіне өткізеді. Шағын дәптердегі ең құнды жазба – заң бұзушылықтар туралы ақпарат. Осы орайда қоғамдық көмекші Гүлжазира Құдайберген Қаратау ауданы бойынша облыстық балалар ауруханасы, «Шахан» сауда орталығы, Бәйдібек би, Арғынбеков көшелерінің тәртібін бақылайды. Ол екі аптада 7 құқықбұзушылықты анықтапты. Сондай-ақ қоғамдық көмекші Жалғас Кенжебай да бұл жұмыстың бір жағынан қиын әрі қызықты екенін айтады. Ол қоқыс тастаған, қоғамдық орында ішімдік ішіп, тәртіп бұзған 10 адамды анықтаған.
– Әлеуметтік көмекшілердің пайдасы көп. Өйткені біз барлық аумақты түгел қамти алмаймыз. Белгілі бір үйлердің ауласында әлдеқандай оқыс жағдай, құқық бұзушылық орын алып жатса, көмекшілер бізге келіп хабарласады. Болған жайды баяндайды не жазбаша түрде өткізіп отырады. Сол арқылы біз шара қолданамыз, – дейді Қаратау аудандық №61 учаскелік полиция пунктінің полиция капитаны Бекзат Жүсіпұлы.
Бұрын ерікті жасақтар қызметін тегін атқарған болса, кейінгі кезде оларға қаржылай қолдау жасалуда. Ал полицейлер қатарын толықтырғысы келетін еріктілер қатары күн санап көбеюде.Жұмыс барысында өзін жақсы қырынан көрсеткен, заңгерлік жоғары білімі бар көмекшіні болашақта полиция қатарына жұмысқа алу жоспарланып отыр.
– 18 жастан асқан азамат қоғамдық көмекші бола алады. Ерікті көмекшілер наркологиялық санатта тұрмаған, жүйке сырқатына шалдықпаған адамдар болуы қажет. Бұл ретте олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны қатаң ескеріледі, – дейді полиция капитаны Б. Жүсіпұлы.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.