Өмірі көпке өнеге

Пятница, 05 Май 2017 06:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5324 раз

Келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін аянбай қан мен терін төге білген Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ержүрек, батыл ағаларымыз өңірімізде баршылық. Өзі өмірден өткенімен өсиеті сақталып қалған абзал жанды ағаларымыздың бірі – Қаныбек Патсаев.
Әр адам – бір әлем. Мұны бәріміз білсек те, бір-бірімізге, тарихымызға, өмірден озған аға-бауырларымызға көбіне атүсті көз салып, жан дүниесіне тереңірек үңілмей жататынымыз анық. Шын мәнінде оған барлай қарап, мән бере үңілсеңіз, өнеге мен ұқсауға татитын үлгі боларлық ағаларымыздың өмір жолы ғажап-ақ.

omiri-35Патсаев Қаныбек Сағындықұлы 1920 жылы 17 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Қызылқұм ауданындағы Шардара ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Сағындықта 17 ұл-қыз болыпты. Олардың көбі кішкентайынан шетінеп, тек Қаныбек ағамыз бен оның қарындасы 

Қалияш қана қалыпты.Қаныбек кішкентайынан өзімен қатарлас балалардан зеріктігімен, алғырлығымен және білімге құштарлығымен 

ерекшеленген. Анасы Есенқыз үй шаруасына ұқыпты, өте қонақжай жан болған. Асты талғаммен дайындайтын әйелдің қолынан дәм татуға әркімде құштар болғандықтан, сол үйден қонақ үзілмеген екен.

Алайда ел басына күн туған қиын-қыстау, ашаршылық және зорлық-зобалаң кезеңінде туған халқы үшін талай пайдалы істерді жүзеге асыра алатын мыңдағын адам құрбандыққа шалынды. Бұл зардап осы отбасығы да ауыр тиді. Қаныбек ағамыз аштан өлмес үшін Қызылқұм ауданы Арыс қаласындағы жетімдер үйін мекендеді. 1939 жылы Шымкентегі Сатпаев атындағы орта мектепті тәмамдап, Қызылқұм ауданындағы Ленин атындағы орта мектепке мүғалім болып орналасып, сырттай Шымкенттегі Мемлекеттік мүғалімдер институтын 1941 жылы аяқтаған. Ол өзінің саналы ғұмырын білімін жетілдіруге, өскелең ұрпаққа білім беруге, елдің жағдайын жақсартуға арнаған кісі.

Қазіргі тәуелсіз көрші, ағайын және достық мемлекетермен өміріміз, тағдырымыз және еліміз бір болған кеңес дәуірі де тарихта қалды. «15 ел кеңес одағы болып арайлы болашаққа бастайтын қоғамды құрамыз» – деген ұрандарды алға қойып жүрген елдердің қатарында қазақ халқы да еңбегін аянбады.

Барлығы ойлағандай бола бермейді, ешнәрсе ұмытылмайды! Барды жоқ, жақсылықты жаман ететін, тіршілікті жалмап жұтатын зұлым одақтас елдерге – Ұлы Отан соғысы ретінде келді. Сол қанды кезеңде 1942 жылы Қаныбек ағамыз да Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Шыршық соғыс комиссариатында офицерлер дайындайтын училищені бітірген соң, майданға аттанды. Әскер қатарында Степной, Воронеж, Бірінші және Екінші Украина майдандарының кұрамында атқыштар батальоны командирінің аға адьютанты лауазымын атқарды. 

Ардагерлер біледі, соғыста өз-өзіңді мықты ұстау үшін дене күші, мергендік қасиет, ең бастысы өте қаутты рух керек. Соғыс әркімді өз орнына қойды: батыр, ержүрек сарбаз құрметке ие болса, қорқақтар мен екіжүзділер абырой мен беделін жоғалтты.

Қаныбек Сағындықұлы соғыста екі рет жараланды – 1943 жылдың 13 қазан және сол жылдың 7 желтоқсанында. Жараланғанға дейін үш күн бұрын соғыста көрсеткен ерең ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Алған жарақатқа қарамастан ағамыз елге қайтуға мүмкіндігі бола тұра, қатыгез фашисттік жаудың қабырғасын қайыстыру үшін майданға қайта оралды. 1944 жылы 30 қыркүйекте айқас кезінде көрсеткен батылдығы мен тапқырлығы үшін екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 

Айбынды Кеңес әскері қанды шайқаста жаудың екпінін ғана тоқтатып қоймай, өздері қарсы шабуылға шығып,жауды өз жерінен тықсыра қуып шыққаны бәрімізге мәлім. Сол әскердің қатарында ағамыз Венгрияны, Румынияны, Чехословакияны фашисттерден азат етті. Өз ержүректігінің, батылдығының, ерлігінің арқасында сол кезде тек генералдарға берілетін награда «Александр Невский» орденімен марапатталды. Сол шайқаста Венгрияның Клюж қаласында аяғынан жарақаттанып, госпителде емделген соң, ұрысқа қайта кірісті.Соғысты жаяу әскерде «капитан» шенінде аяқтады. Ағамыздың ерлігін бағалаудағы жалғасы ретінде «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.

1945 жылдың 9 мамыр күні еліміздің батырларының қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлердің күні. Солардың қанымен, ержүректігімен, еңіреп жүріп жауды жеңіп, жеңістің байрақ жалауын көтерген күн – Жеңіс күні. Ұлы Отан соғысы одақтас елдердің батылдығы мен төзімділіктерін мақтап жария ететін, тарихта мәңгі қалатын кезең.

Қаныбек ағамыз күрделі әрі қарама-қайшылығы мол, бірақ өзіндік қызығы бар кезеңде ғұмыр кешті. Оны жетімдер үйінде өмірін сақтау үшін кешкен кезеңі мен Ұлы Отан соғысы ерте есейтті. 20 жасында өзінен ересек бірнеше адамдарға жететін өмір мектебін өтті. 

Соғыс аяқталған кезде, елге қайтпай әскери қызметті жалғастыруға бел буған. Соғыста алғырлығымен ерекше көзге түскені үшін оған Әскери академияға түсуге ұсыныс жасалды. Қандай сарбаз «генерал» болғысы келмейді дегендей, ағамыз әскерде қалатын болып шешім қабылдайды. Қалудың тағы да бір себебі болып, соғыс кезінде Қаныбек ағамыздың украин қызына үйленгені еді. Одан бір ұл дүниеге келген. Есімі – Виктор Патсаев. Қәзіргі таңда Житомерде тұрады, ғылым кандидаты, доцент. Алайда ауылдан әкесі мен анасының ауыр хәлі туралы хабар түскен соң, ауылға қайтатын болып шешеді. Келіншегі Қазақстанға келгісі келмей, қалып қояды. 

Елге оралған соң өмірлік жары Құдай қосқан Құндызай апамызға үйленеді. Ол отағасының абыройын ойлайтын тілекшісі, он баланың – 5 ұл мен 5 қыздың аяулы анасы, немере мен шөберелердің алтын әжесі, ағайын-туғанға орны ерекше сйылы еді. Ағамыз бен апамыз ата дәстүрін ұстанып, көздерінен мейірімі, көңілдерінен ықыласы, бойларынан жанашырлығы сезінеп тұратын жандар болған. 

Ағамыз Қаныбек басына түскен ауыртпалықтарды жеңуге күш тауып, өзінің сүйікті ұстаздық жолын жалғастырды. Балаларға білім бере жүріп, туған тілге, әдебиетке деген құштарлығының арқасында С. Киров атындағы Мемлекеттік университетінде сырттай оқып, бітіріп алды. Өзі сөз саптауы салмақтығы, ойы жинақтығы, білімділігі, шешен сөйлейтіндігінің арқасында үлкен лауазымдарды атқарды. Облыс басшылығы оның абыроймен атқарған жұмысына үлкен сенім артып, 1952-1953 жылдар аралығында Шәуілдер ауданының, 1953-1956 жылдар аралығында Ильич (қазіргі Жетісай), 1956-1958 жылдары Арыс ауданының аудандық депутаттар кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеді. Ол тіл маманы болғанымен, совхоз директорлығынан бастап, аудандағы жауапты қызметтерді атқарып жүруіне байланысты, ауыл шаруашылығын игеру қажеттілігін түсініп Ташкенттегі ауыл шаруашылық институтына сырттай түсіп, аяқтап шықты. 

Ол адамдардың еңбекқорлығы мен дарындылықтарын жоғары бағалайтын. Балаларын қарапайым болуға, адамдарға әрдайым қамқор қолын созуға, әркімнің жан дүниесін түсінуге үйретті. «Егер сен біреуге қол ұшын берсең, оның жан дүниесіндегі өзгерістерді түсіне білесің, онда ол адам дүниеде жақсылық барын сезініп, нұрлана түседі, өмірге құштарлығы артады» – дегенақыл сөздерін айтып жүретін. Ұлдары мен қыздарын ұлағатты да парасатты азаматтар қатарында өсіріп жеткізді. 

Қаныбек Патсаев бар болғаны 64 жыл жасында, 1984 жылы 11 тамызда жалған дүниеден озып, мәңгілікке аттанды. Содан бері 33 жылдың мезеті ағып өтті. Оның Ұлы Отан соғысында жасаған ерлігі, елге сіңірген еңбегі, адал басшылығы, адамдарға деген қамқорлығы, ереңді жұмысы онымен қызметтес, сыйлас, туған-туыс болған қаншама адамдардың есінде қалғаны анық.

Өмір деген жақсылығы мен жамандығы, қайғысы мен қуанышы, қысы мен жазыалмасып жатқан дүние. Шоқ жұлдызды, тәрбиелі, өнегелі отбасыда өскен балалар асқар тау әкелерін үлгі тұтып, оның атын өшірмей, беделмен абыройға кенеліп, әкелеріне лайық болуға әрекеттенуде. Оларда өмір жолдарында адалдықты, әділдікті, адамгершіліктіұстанып, жақсылыққа ұмтылыстарымен ерекшеленеді. Қаныбек Патсаевтың үлкен ұлы Әнапия қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық Академиясының химия кафедрасы меңгерушісі, химия мамандығының профессоры. Одан кейінгі  Махамбет мамандығы агроном, мақта шаруашылығының маманы. Тұрсынай көп жылдар бойы мектеп директоры, кейіннен бала-бақша директоры болып істеп келеді. Мұхтар мамандығы инжинер-құрылысшы, Алматы циркі директорының орынбасары. Роза мамандығы педиатр. Ұлықбек мамандығы заңгер, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Арнайы прокурорлар департаментінің бастығы, генерал-майор. Бақытбек мамандығы агроном-гидромелиоратор, мақта шаруашылығының маманы. Клара мамандығы фармацевт, дәріханада қызмет істейді. Жақсыгүл мамандығы фармацевт, дәріхана қызметкері. Сондай-ақ, 33 немересі мен 61 шөбересі тәлім-білім алып, өсіп-өнуде.

Осындай ел ағаларын жиі еске алып, жеткен жетістіктерін, ақыл сөздерін, салауатты да өнегелі өмір жолдарын өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі етіп, қызметтестері мен туған-туыстарының есінде қайта жаңғыртып қою кейінгілердің парызы десуге болады.

Оның соғыстағы ерлігі мен ержүректігі, ел алдындағы адал еңбегі өкімет және билік жағынан жоғары бағаланып, лайықты марапатталды. Ауыл шарушылығын жетілдіруде көрсеткен үлкен жетістіктер үшін ол «Ленин» орденімен және екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көптеген медальдермен марапатталды. Соған қоса 2016 жылы ағамыз өзі 1975 жылы кірпішін қалаған «Өркенді» ауылында орналасқан «Жауынгерлік даңқ мемориалына» Қаныбек Патсаев аты берілді. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қаныбек ағамыздың құрметін, аталған мемориалда ескерткіш ретінде оның мүсіні қойылды.

Қаныбек Патсаевтың ерен еңбегі, өнегелі де салауатты өмір жолы, ұлағатты ісі ұмытылмай, оның ұл мен қыздарының ғылыми жұмыстарында және қызметтерінде жалғасуда. Ұл-қыздарының осы жетістіктері оның ерлігін, батылдығын, адалдығын, адамшылығы мен даңқын қашан да асыра бермек.
Асқар таудай әкенің асыл қасиеттерін ардақ тұтқан Ұлықбек Патсаевтың тағылымға толы әңгімесін тыңдай отырып, қолға қалам алған сәттегі жүрегімізден шыққан жазбамыз, міне, осындай болды.

 

Нұрғали ЕРЕЖЕПОВ,
ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.