Қазағымның шұбаты мен қымызы-ай!..

Среда, 19 Июль 2017 05:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4958 раз

дертке – дауа, көңілге – жай

kymyz-56

Қаланың іргесіндегі «Бозарық» шағынауданында жағымды жаңалық көп. Асфальт жол жөнделіп, күзде көгілдір отын тартылмақ. Ал ең бастысы мұнда тұрғындарға бие және түйе сүтінің дәмін татқызған екі бірдей жеке кәсіпкерлік ашылды. Ашылғанына енді екі ай болса да, түйе мен биенің саумал сүтіне сұраныстың көптігінен келушілер саны күн санап артуда.

Алдымен түйенің сүті мен зәрін қосып сататын ағалы-інілі Жүнісбековтер жайлы сөз етсек. Қазіргі таңда түйенің сүтіне ғана емес, зәріне де зәрулік зор екен. Мың бір дертке ем деседі. «Ежелде, медициналық залалсыздандырушы заттар пайда болмай тұрып, арабтар өз жараларын жас түйе (тайлақ) зәрімен тазалап залалсыздандыратын болған. Оған қосымша, денесінің әлсіреуін немесе ішектегі ауырсынуды сезгенде олар түйе зәрі мен сүтін ішіп дерттерінің жазылуын байқаған», – дейді осы шаруашылықтың басшысы Бекжан Жүнісбек.
Қаржы полициясынан зейнетке шығып, жеке кәсіпке мойын бұрған ағамыз – Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылының тумасы. Оның түйе шаруашылығына келуі кездейсоқтық емес. Өз денсаулығы қатты сыр беріп, бауыр циррозына шалдыққан. «2015 жылы Үндістанда, одан бірер уақыттан кейін Кореяда емделдім. Шетел емінің шипасы болмады демеймін, бірақ, елге келгеннен екі жылдан кейін ауруларым қайтадан қозып, жағдайым күрт нашарлады. Аурухана жағалап, тіпті, сол жақтан шықпайтын болдым. Ағзада холестерин көбейіп кеткендігі сараптамадан белгілі болды», – дейді кәсіпкер. Ақыры ешнәрсе ауруын емдеп жаза алмаған соң, сол Сарыағаштағы Еламан деген кісінің түйесінің сүтін зәрімен қосып 20 күндей ішеді. Бауырындағы 12 млн зиянды бактерияның саны 4 млн-ға бір-ақ түседі. Содан қаланың шетіндегі «Бозарық» елдімекенінен 2007 жылы алған осы жер теліміне «Шымкент тұрғындарының сауабын алайын» деп Шардарадан түйелер әкелген. Қазір мұнда 5 боталы інген бар. Осы айдың аяғында 2-3 түйе әкелу жоспарда тұр. «Біздің қорамыз 30 түйеге дейін ұстауға лайықталған. Қазіргі уақытта 15-20 адам жатып емделетін үстіңгі қабаты тұрғынүй, астыңғы қабаты стационар болатын ғимарат салудамыз», – дейді Б.Жүнісбек.

 

Қолда бардың қадірін білсек...

Жүнісбековтердің түйелерінің барлығы да сауынға байланған. Таңғы 5-те, түскі 2-де, кешкі 8-де сауылады.
– Аурудың түріне қарай әркім әр түрлі мөлшерде ішеді. Біреулер 40 күн ішеді. Енді бірі сырқатынан 20 күнде айығып кетеді. Жарты литр саумалы зәрімен бірге 500 теңгеден сатылады, – дейді атакәсіпті жанына серік еткен Бақтыбек Жүнісбеков.
Біз барған таң алакеуімде қора басына әжептәуір көп адам жиналып қалған екен. Жасы да, қарты да, күбірлесіп, бір-бірінің жағдайын сұрасып жатыр.
Мақтарал ауданынан келген орта жастағы Феруза Ахипованың түйе сүті мен зәрін қосып ішкеніне 40 күннен асқан. Көкірек безі қатерлі ісігінің қауіпті түріне шалдыққан ол ем іздеп Ташкентке, Алматыға да барып қайтыпты. Бірақ, ол жақтағылар «жүрегіңде ақау бар» деп ота жасамапты. Өмірден үмітін үзуге айналған келіншектің қазіргі халі көңіл қуантады.
– Алдыңғыдан тәуірмін. Ісіктің көлемі жұмыртқадай болып тұратын еді, қазір кішірейді. Басында 20 күндей 3 мезгіл іштім, қазір 2 мезгіл ішіп жүрмін. Өзімді әлдеқайда сау әрі жеңіл сезінемін, – дейді ол. Феруза секілді жер бауырлап келіп, бірер күннің ішінде еңсесін көтергендер бұл жерде баршылық. Солардың бірі 25 жастағы Қанат дейтін жігіт бауыр циррозына шалдығып, емін осы жерден тапқанына балаша қуанады.
Осыдан жеті жыл бұрын шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоханов түйе сүтінен лактоферрин затын алу әдісін ойлап тапты. Сол кезде дәрігерлер оны қатерлі ісікке қарсы қосалқы ем ретінде пайдалануға болатынын айтқан еді. Одан кейін ғалым қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістері бойынша инновациялық патентке ие болды.
Маманның айтуынша, қазақ арасында ұлттық сусын ретінде ықылым заманнан үзбей пайдаланылып келе жатқан шұбаттың емдік қасиетін қазір әлем мойындап отыр. Шұбатты көптеген ауруларды, атап айтқанда рак, Альцгеймер дерті, сары ауру, өкпе ауруларына шалдыққандарды емдеуге пайдалануға болатындығы, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған.
Түйе сүтінің көкөніс пен жемістердің орын алмастырушы тағам екені ғылыми дәлелденген. Онда витамин және тұздардың мөлшері сиыр сүтімен салыстырғанда 3 есе, әйел сүтімен салыстырғанда – 1,5 есе жоғары.

 kymyz-1-56

Саумал мен қымызғасұраныс көп

«Бозарықтың» екінші тұсында бие сүтімен айналысатын шаруашылық Бақытжан Жантеліге тиесілі. Былтыр күзде «бала-шаға саумал ішсін» деп алған бір бие бұл отбасына құт боп дарыған.
– Саумалы мен қымызынан артылғанын саттық. Қарасақ, әжептәуір пайда бар екен. Сөйтіп биенің санын көбейте бастадық. Ораза кезінде 10 бие сауғанда күніне 70 литрдей сүт шықты. Қазір сұраныс азайып қалды, жеті бие сауылуда. Жіп көрмеген тоғыз асау биені бір үйірден алған едім. Өзім үйреттім. Соның төртеуі жуас, сүтті болып шықты. Тағы үш биені Тараздан әкеліп, оны да үйретіп алдым, – дейді жеке кәсіпкер.
Жантелілердің кәсібі – отбасылық. Әйелі Нәйлә жеті биені әр екі сағат сайын күніне жеті рет сауады. Әр сауғанда бие басынан бір литрдей сүт шығады. Саумалы сүтін сұрағандар таңертең келіп, сол жерден сіміріп алады. Ал қымызға қызығушылар арнайы тапсырыс береді. Нәйлә бие сауу мен үй тірлігінен қолы қалт ете қалғанда күбіні киікоттап ыстап, қымыз піседі.
Жеке кәсіпкер Бақытжан бұл кәсіпке бірден келмеген. Мемлекеттік басқару және инженер-механик мамандықтарын алған соң алғашқы қызметтік жолын Шымкент қалалық әкімдігінің Кәсіпкерлік бөлімінде бастайды. Онда қызмет еткен жеті жылда инструктор, жетекші маман, бас маманға дейін сатылап өседі. Жас отбасы ол уақытта пәтер жалдап тұратын. Еңбектен бақыт іздеген отағасы жеке кәсіппен айналысуға бел буады. Темір-терсек алып-сатады, саудамен де айналысады. Ақыры пайдасы көп әрі сауабы мол осы кәсіпке тұрақтайды.
– Алдағы уақытта жайылымы кеңірек ауылды жерден де осындай қора-жай салып, шаруашашылықты көбейту жоспарда тұр, – дейді Бақытжан Асқарбекұлы.
Мұнда да таңертең келушілердің қарасы көп. Саумалы қымызға құмартқандардың бір парасы денсаулығын қалыпқа келтіру үшін, енді бірі ауру-сырқаудың алдын алу мақсатында келген.
– Қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Қуаттандырады. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Салданудың алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы мол. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы, – дейді Нәйлә Сейтбекова.
Ал ауыл ақсақалы Жұмахан Мұқымбеков жас болса да, бие сауып, қаншама адамды саумалы мен қымызбен қамтамасыз етіп отырған еңбекқор отбасының бұл тіршілігіне сүйіспеншілікпен һәм ризалық пейілмен қарайды. «Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін жұмыс. Өз үйінен осындай кәсіп ашып, дүйім жұрттың алғысына бөленіп жүргеніне Алла разы болсын!» – дейді Жұмахан ата.
Ғылыми әдебиетке көз жүгіртсек, қымыз 40 түрлі ауруға ем. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар.
«Тіпті аяғы ауыр келіншектер де биенің саумалы қымызын 10-15 күндей тоқтатпай ішсе, жүрек айнуын басып, жағдайы дұрысталады. «Жүкті әйелдерге саумал ішуге болмайды» деген бос сөз», – дейді Ш.Әбішұлы атындағы халықтық және аштықпен емдеу орталығының Бас дәрігері Шолпан Әбсаматова.

kymyz-2-56 

Тобықтай түйін

«Бозарықтағы» ұлттық сусынның қадірін арттыра түскен қос шаруашылықтың берекелі көрінісі расында көз сүйсінтеді. Бір уақытта ашылғанымен, екеуі шағынауданның екі бұрышында. Кәсіпкерлер жеке кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, қаншама адамның сауабын алуда. Қала іргесіндегі бір ғана «Бозарықтың» өзінде осындай бәсекелі орта қалыптасып жатса, тұтас ұлтымыздың толағай табыстарға жете берері даусыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, «болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады».

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.