Шымкентте коттеджді қалашық салынады

Пятница, 21 Июль 2017 11:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3671 раз

Халқымыз «Үйі бардың күйі бар» деп бекер айтпаса керек. Кейінгі жылдары елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде мемлекет қолдауының нәтижесінде баспанаға қолы жетіп, қуанышы қойнына сыймай жүргендердің қатары аз емес. Ендігі бір жаңалық – биылдан бастап мемлекеттің барлық тұрғын үй бастамалары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Аталған бағдарлама 5 негізгі бағытты қамтиды.

shymkentte-kotedj-57Соның ішінде Тұрғын үй құрылысы-жинақ банкі несиелік баспана бағытын жүзеге асыруға мүдделі. Ал биыл сәуірден бастап, үй құрылыс жинақтары шартын жасау ақысыз болмақ. Шарттық соманы арттыру үшін алынатын комиссия көлемі 0 теңге болып бекітілді.

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі» АҚ ОҚОФ кеңесшісі Шәрипа Қожамжарованың мәлімдеуінше, облыста мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы екі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі жергілікті әкімдік арқылы болса, екіншісі – «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша салынатын үйлер. Биыл жергілікті билік арқылы жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метр болатын 558 пәтерлік 11 үй тапсырылады. Үйлі болудың қарапайым шарты, есеп-шотыңызда пәтер құнының 30 пайызы жинақталған болуы керек.

– «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» салымшыларының баспаналы болуға деген сенімін арттырып отыр. Бұл бағдарлама арқылы кез келген азамат есепшоттағы қаржысының көлеміне қарамай, конкурсқа қатыса алады. Төлем қабілетіне қарай, пәтер алуға мүмкіндік көп, – дейді Ш. Қожамжарова.
Ал «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша биыл 180 мыңнан астам шаршы метр болатын баспана тапсырылмақ. Банк өкілдерінің айтуынша, 2018 жылға дейін 3086 пәтерлі 55 үй ел игілігіне беріледі. Осылайша, алдағы 15 жылда ел тұрғындарын толығымен баспанамен қамту жоспары бар. Пилоттық жоба ретінде Шымкентте екі коттеджді қалашық бой көтеретін болады.