«Мұғалім – күннің құдіретті сәулесі сияқты» ал оның қоғамдағы беделі қандай? Избранное

Пятница, 26 Октябрь 2018 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3842 раз

«Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс».

ҚР Президенті  Н.Назарбаевтың
2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауынан

Ұстаз – ең қастерлі ұғымның бірі. «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген екен орыстың атақты педагогы В.А.Сухомлинский. Әрбір адамның өмір жолына сәуле шашқан сол мұғалімнің қоғамдағы беделі қандай?

Ия, бұл мәселе жайлы соңғы кезде аз айтылып жүрген жоқ. Елбасының Қазақстан халқына жасаған биылғы Жолдауында да мұғалім мәртебесіне ерекше назар аударылып отыр.
Нақты айтқанда Мемлекет басшысы 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Шынында да соңғы жылдары педагог мәртебесін көтеру бағытында мемлекет деңгейінде көптеген жұмыстар атқарылды. Мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, біліктілігін арттыру, тұрмыс жағдайын жақсартудың нақты іс-шаралары жүзеге асырылды. Яғни, педагог мәртебесі мәселесін шешудің экономикалық, басқару-ұйымдастырушылық, әлеуметтік тетіктері жасалынып, жүзеге асырылды. Дегенмен мәселе әлі де толық өз шешімін тапқан жоқ. Білім беру мазмұны, оқыту технологиялары халықаралық стандарттар деңгейіне көтерілгенімен, педагог мәртебесі мәселесінде мән беретін аспектілер аз емес.
Педагогтардың еңбекақысы өндіріс саласындағы мамандардан әлдеқайда төмен. Бұдан ондаған жыл бұрын мұғалімдердің материалдық тұрмыстық деңгейі тіпті төмен болды. Соған қарамастан олар өз мамандықтарына деген адалдық сезімін жоғалтқан емес.
Шынын айту керек, мұғалімнің жұмысы оңай емес. Педагог тұлғасына, оның еңбегіне қойылатын талап та күшейіп келеді.
Мұғалімдердің бос уақыты да көп бола бермейді. Жұмыстан тыс уақытта алдағы сабағына дайындалады, іс-қағаздарын, жоспарларын жасайды. Қала берді кейбір әкімшілік кедергілер, жөнсіз тексерулер, ата-аналардың мектеп тәрбиесіне жеткілікті қолдау көрсетпеуі – бәрі педагогтың жұмысқа деген ынта-жігеріне, еңбегінің нәтижесіне әсер етеді.
Енді «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалім мәртебесін көтеруде салмақты фактор боларына сенім мол. Бұл заң педагогтың қоғамдық мәртебесін заңды түрде қолдауды қамтамасыз етеді.
Дегенмен, салмақтың барлығын қоғамға артып қою да қисынсыз. Абыройының артуы негізінен мұғалімнің өзіне де байланысты екені дау тудыра қоймас. Аға буын үнемі айтып отыратын, «Алдынан бала кесіп өтпейтін» мұғалімдер» қазір де бар. Басқаны айтпағанда, өзіміз мектепте түрлі мұғалімнен дәріс алдық.
Балалар шулап отырса да алдыңғы қатардағы партаның оқушыларымен сабақ өте беретін оқытушылар да болды. Соңғы партадағы бала күбірлеп қалса, орнынан тұрғызып қойып, жәй сөзбен-ақ «жүгендеп» алатын мұғалімдер де сабақ берді. Немесе, тәртіп бұзған оқушыға ләм-мим деместен, журналға 2 қойып, жазалайтын апайлар да болатын. Яғни әр мұғалімнің тәрбие тәсілі әртүрлі.
Мұны айтып отырған себебіміз– кей мұғалімдердің өздері үлгі болудан қалып барады. Көпке топырақ шашуға болмас, бірақ, оқушысына қол көтеріп, жазаға тартылған мұғалімдер туралы естіп те, оқып та жүрміз. Тіпті, өз шәкіртін алып қашқан жігіт те болды. Ал жуырда ғана Денис Тенді өлтіргендерді жақтап, әлеуметтік желіге жазба салған шығысқазақстандық мұғалім 4 жылға шартты жазаға кесілді. Балаға тәрбие беретін жандардың өзі осылай шалыс басып жатса, үлгіні қайдан іздейміз?
Бұл тұста мұғалімдерге ата-аналар көмекке келуі тиіс екені даусыз. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтыны құпия емес. Күнкөріс қамымен көбінесе сыртта жүріп, баласының тәрбиесін босаңсытып алғандар қаншама. Міне, осы тұста «Мұғалім – ата-ана», «Мұғалім – қоғам» байланыстары дамымай, тәрбиенің тізгінін берік ету қиын. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі мен мұғалім мәртебесі секілді аса маңызды тұста көп болып, бірікпесек болмас. Себебі, ұрпақ болашағы – ұлттың болашағы.

Арман СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.