Бауырлас елдің бірлігі бекем Избранное

Пятница, 16 Ноябрь 2018 05:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3001 раз

Шымкентте алғаш рет өтіп жатқан Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының алғашқы форумында бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту бағытындағы меморандум аясында 13 құжатқа қол қойды. Пленарлық отырыста екі елдің облыс және қала әкімдері де бірлесе меморандум түзді.

90

 

Қазақстан –Өзбекстан: достық байланыс дами түседі

Шымкентте алғаш рет өтіп жатқан Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының алғашқы форумында бірқатар келісімдер жасалды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Пленарлық отырыста екі елдің облыс және қала әкімдері де бірлесе меморандум түзді.

91
Екі ел Президентінің бастамасымен өтіп жатқан алғашқы форумның оң нәтижелері бар. Пленарлық отырыста екі ел арасындағы әріптестікті дамыту жайы талқыланды.
Жалпы, 2018 жыл – Қазақстандағы Өзбекстан жылы табысты аяқталуға жақын. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Ұзақбайұлы да осыған тоқталды.
– 2018 жыл әріптестікті дамыту іс-шараларымен есте қалып отыр. Қазақстандағы Өзбекстан жылы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға көп үлес қосты. Бұл мақсатта көптеген іс-шаралар өтті. 9 айда сауда тауар айналымының көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асты. Яғни, 40 пайызға ұлғайып отыр. Бұл көрсеткішті одан әрі көбейтуді көздеп отырмыз. Міне, ең алғашқы форум да Шымкентте өтіп жатыр. Қаланың республикалық мәртебе алуы бұл бастамаларды одан әрі нығайтуға жаңа серпіліс береді деп ойлаймын. Түркістан облысы жаңадан құрылып отыр. Ол да рухани байланыстарды, туризмді түлетуге өз үлесін қосады. Барлық өңірде де әріптестік-ынтымақтастық дамып келеді. Жалпы, түзілген меморандум экономиканың түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосады деп сенеміз. Екі елдің Үкіметі тауар айналымды келесі жылға 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр, – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
Өңіраралық форумның маңызы – сауданың рөлін күшейту, экономикалық әріптестікті, сауда қатынастарын аймақтар арасында дамытуға серпін беру. Қазақстан мен Өзбекстан Орта Азиядағы экономиканы дамытудың локомотивіне айналуы тиіс. Түрлі идеялдар мен жобалардың талқылануы, келісімдер жасауы – бұл екі елдің экономикасына зор серпін береді.
Сондай-ақ, ендігі ретте көлік дәліздерін, инфрақұрылымды және цифрлық технологияларды бірлесе дамыту жоспарлануда.
Өз кезегінде көрші елдің Үкімет басшысының бірініші орынбасары бұл пікірді толық қуаттады. Форум қазақ-өзбек мәдениетін одан әрі нығайта беретінін атап өтті.
– Өзбекстан Үкіметінің атынан зор алғысымды білдіремін. Бұл форум тек қана сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіп индустриясын дамыту ғана емес, екі елдің туыстық-қарым қатынастарын, мәдени-рухани байланыстарды да арттырады. Қазақстан – біздің басты стратегиялық серіктесіміз. Біздің достық қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Бір жылдың ішінде біздің еліміз экономиканың түрлі салаларында жетістікке жетті. 2018 жылы тауар айналымы өсті. Әлі де жыл соңына дейін 3 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл – нақты меже. Бұған дейінгі өткен бизнес-форум да өз жемісін берді, - деді А.Раматов.
Бұл ретте Шымкент пен Ташкент қалалары бірлесе дамымақ. Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов та алғашқы форумның Шымкентте өтіп жатқанына алғысын айтып, көршілес қос мегаполис қаланың бірлесе дамитынына сенім білдірді.
– Алғашқы форумның Шымкентте өтіп жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. 15 наурызда Астана қаласынан басталған Қазақстандағы Өзбекстан жылы көптеген іс-шараларға ұйытқы болды. Елбасы атап өткендей, Өзбекстан біздің басты стратегиялық әріптес елдердің бірі. Басты келісім – ол екі елдің достығы және стратегиялық әріптестігі. Шымкент пен Ташкент бірлесе дами бермек. Ең бастысы, екі мегаполис қаланың арасы бар-жоғы 100 шақырымнан сәл асады. Бұл бізге бірлесе дамуға зор мүмкіндік береді, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Сондай-ақ, екі елдің әріптестігі аясында Шымкент пен Ташкент арасындағы туризм де дами түспек.
Жиын соңында А.Мамин мен А.Раматов ынтымақтастықты дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Жызақ облысының әкімі Ергаш Солиев те әріптестікті дамыту бойынша меморандум түзді.
Айта кетейік, өңіраралық алғашқы форум барысында екі тараптың ауыл шаруашылығы техникалары, өнеркәсіп, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз өндірісінің көрмесі өтті. Көпшілік назарына асыл тұқымды шаруашылық, тоқыма бұйымдары, фармацевтика өнімдері ұсынылды.

Екі ел арасындағы туризм жаңаша түлейді

Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасында туризм саласындағы байланыс жанданып келеді. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы визасыз режим барыс-келісті жақсартты. Енді қолға алынған бірлескен туристік бағыттар саяхатшылар санының артуына септігін тигізбек. Бұл жөнінде Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылының жабылуына орай Шымкентте өткен бизнес-форумда айтылды.
Қазіргі таңда қос мемлекеттің 50-ден астам туристік агенттігі бірлесіп жұмыс істеуде. Олар «Жібек жолы» жобасын жүзеге асырады. Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан туризмді бірлесіп дамытуды жыл басында қолға алған еді. Ол үшін наурызда қос мемлекеттің мамандары бірнеше рет кездесіп, қажетті келісімдерге қол жеткізген болатын. Соның нәтижесінде қазір екі елдің туристік агенттіктері шетелден келген туристерді таңдауына қарай Қазақстан мен Өзбекстанға бірдей қыдырта алады. Ол үшін екі мемлекет тарапынан да мүмкіндік бар.
Шымкенттегі іс-шараға ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, Дүниежүзілік туристік ұйымының Жібек жолын дамыту жобасының жетекшісі (ЮНВТО) Алла Пересолова және т.б. Жібек жолы мемлекеттері бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар панельдік сессияларда Жібек жолы елдерінің өзара серіктестігі, соның ішінде Орталық Азия аймағының Ресей мен Еуропа елдері нарықтарында турөнімдерді насихаттау мəселелерін талқылады. Сондай-ақ осы форумның қорытынды бөлімінде Жібек жолы бойынша Жаңа трансшекаралық тур таныстырылды. Оның бағыты Қазақстан, Қырғызстан,
Өзбекстан және Тəжікстанды жалғайды.
Форум шеңберінде «Ұлы Жібек жолы бойымен» фотокөрмесі де ұйымдастырылды. Оған Қазақстан мен Өзбекстанның кəсіби суретшілері қатысты. Қонақтар жергілікті халықтың бай мәдениеті мен тұрмыстық ерекшелігін, жанға жайлы демалыс орындары мен Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің табиғаты бейнеленген суреттерді тамашалады. Жиында қос елдің туризм саласындағы мамандары өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тығыз байланыс орнатуға уағдаласты. Сонымен қатар, форум аясында Шымкенттегі «Ұлытау» тойханасының алаңқайында «Өзбек тағамдарының фестивалі» ұйымдастырылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент пен Ташкент қалалары арасында саяхатшыларды тасымалдайтын тікелей автобус қатынайды. Көршілерді, әсіресе, зиярат, сауықтыру, эко және экстремалды туризм қызықтыруда.

Ой. Пікір. Ұсыныс.

Еркін Тікенов,
туризм саласы бойынша сарапшы:

– Туризмді дамытып, туристерді көптеп тарту үшін кедендегі кейбір кедергілерді жою керек. Бүгінде Қазақстан ол жұмыстарды реттеп жатыр. Бірақ әлі де шекарадан өтуді жеңілдету қажет деп есептеймін. Мәселен, Жібек жолы кеден бекетінен бүгінде 350-400 мыңдай адам өтеді. Соны миллион адамға дейін көбейтуіміз керек.

Гауһар Жеңісбек,
«Kazakh Tourizm» ҰК АҚ департамент басшысы:

– Ұлы Жібек жолын дамыту – бұл үлкен жоба. Оған қазіргі таңда Қытай тарапы да зор қызығушылық танытуда. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы туризм мен мәдениет саласында достық, бауырластық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Бүгінгі форумның мақсаты – сол байланысты одан ары жандандыру, Жібек жолының бойында орналасқан көршілес елдер арасында ортақ жобаларымызды пысықтап алу, тәжірибемізді бөлісу.


Тимур Мирзаев,
Өзбекстанның туризмді дамыту комитетінің басқарма басшысы:

– Қазір екі ел арасында қатынайтын туристердің саны өсуде. Өзбекстандық туристердің басым көпшілігі Бурабайға, Балхаш пен Алакөл көлдеріне, Түркістан мен Шымкентке, «Шымбұлақ» шаңғы курорт базасына, Астана мен Алматы қалаларына келсе, қазақстандық туристер Ташкент, Самарқанд, Бұхара мен Хиуаны таңдайды. Екі елде де қызығушылық тудыратын бірегей тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Сондықтан, алдағы уақытта қосымша жаңа туристік бағыттарды ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл екіжақты байланысты нығайтып, туризмді жаңаша бағытта дамытуды көздейді.

Қос елді жақындатқан «Бауырлас ел»

Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы мәдени жылы аясында Шымкентте «Бауырлас ел» деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Салтанатты жиынға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, қоғам қайраткерлері Шалатай Мирзахметов пен Бахтияр Қадырбеков, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтың кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтар, бауырлас елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңі көрсетілетін фильмді ҚР Президентінің телерадиокешені түсірген. Идеясының авторы – Зауытбек Қауысбекұлы. Ал «Дустлик» қауымдастығы демеушілік жасаған.

99
– Қазақ-өзбек – бауырлас ел. Биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы жарияланды. Ал келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы жарияланбақ. Осыдан 10 жыл бұрын Өзбекстанда елшілік қызметте жүргенде екі елдің халқын бірлік-ынтымаққа үндейтін «Мәңгілік достық» атты деректі фильм түсірілген болатын. Заман өзгерді, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас та нығая түсті. Туризм, сауда-саттық саласында жаңа келісімдер жасалды. Міне, жаңа фильмде осы кезеңдер баяндалады, – деді З.Тұрысбеков.
Фильмде қазақ-өзбек халықтарының бауырластыққа негізделген тарихи қарым-қатынасы, тамыры тереңде жатқан бекем байланыстардың тəуелсіз жылдарындағы жаңа деңгейі баяндалған. Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев фильмнен алған әсерін былай жеткізді:
– Екі мемлекеттің басшыларының достықты, бірлікті, ынтымақты нығайту барысында атқарған еңбегі, татулығы жарасқан халқымыздың қолдауы фильмде жақсы көрініс тапқан. Осы құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің азаматтық борышымыз.
Осылайша достықты дәріптеген фильм екі елдің көрермендеріне жол тартты. Айта кетейік, бүгінде Өзбекстанда 800 мыңнан астам қандасымыз тұрса, Қазақстандағы өзбек этнос өкілдерінің саны 550 мыңға жуықтайды.

Последнее изменение Понедельник, 19 Ноябрь 2018 08:22
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.