Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентімен үш рет жүздесіп, тілдесудің сәті түсті. Алғаш рет Мемлекет басшысын 2011 жылы көрдім. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Шымкентте Тәуелсіздік саябағы пайдалануға берілген еді. Елбасы қатысқан салтанатты іс-шарада маған да сөз сөйлеу нәсіп етті. Алғаш рет Елбасының алдында сөйлеп тұрғандықтан, толқып, артық бір ауыз сөз айта алмадым.
Ал екінші рет Түркістан сарайының ашылу салтанатында Мемлекет басшысына алғыс білдірдім. Сол кезде Президентке «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз сізге өміріңізді ұзартатын эликсир дайындадық. Ол шымкенттіктердің Сізге деген махаббаты» дедім. Жүректі жарып шыққан тілегім баршаның көңіл күйін көтеріп тастағандай болды. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Исабекұлы жақындап келіп, «бар ықыласпен айтқан жақсы сөзіңіз үшін рахмет» деді.
2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкенттегі ғимараты ашылғанда Нұрсұлтан Әбішұлы келіп қатысты. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентімен үшінші рет сол жиында кездестім. Ассамблея мүшелерімен әңгімелесіп тұрған Елбасыны «Роза қайда?» дегенін естігеніммен, мені іздейді деп ойламадым. Сол жолы ел мен жерді шарлап жүріп күніне жүздеген адаммен кездесіп, ондаған адамды тыңдайтын Нұрсұлтан Әбішұлының есте сақтау қабілетінің мықтылығына да тәнті болдым. Елбасы сонау бір кездесуде айтқан эликсирді ұмытпаған болар.
Біз шынында да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы көреміз. Құрметтейміз! Қадір тұтамыз. Кезінде Қазақстаннан пана тапқан кәрістердің бұл күнде бесінші ұрпағы өмір сүріп келеді. Жуырда Кореяға барып, Сеулдің мэрімен кездестім. Олар «Елге қашан қайтып келсеңіз де, қуанамыз» деді.
Ал біздің түп тамырымыз кәріс болғанымен, менің туған жерім – Қазақстан. Мен – қазақстандықпын! Осындай тату, ымырашыл елімнен ешқайда кеткім келмейтінін Сеулдегі қандастарым естіп, Отанға деген құрметімізге бас иген болатын. Біздің елге, туған жерге деген махаббатымызды оята білген Елбасының даналығы, салиқалы саясаты деп білемін.
Елді ұйыстырып, өркениетке бастаған Нұрсұлтан Әбішұлына тағы да алғыс айта отырып, Ұлы дала халқын 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Роза Пак,
кәріс этно-мәдени бірлестігінің төрайымы