«Желтоқсаншыларға аллея ашылса» Избранное

Пятница, 14 Декабрь 2018 04:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3377 раз

Тәуелсіздікке қол жеткізген күнді еске алғанда Желтоқсан оқиғасының құрбандары мен оған қатысушылар туралы айтпай кете алмаймыз. Уақыт өткенімен, ел тәуелсіздігін талап етіп, алаңға шыққан азаматтардың жан жарасы толық жазыла қоймағандай.

2

...«1986 жылдың желтоқсаны аязды болды. Сондай қыстың қаһарын әлі сезінген жоқпын...» «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы филиалының төрағасы Батырхан Сағынтаевпен әңгімеміз осылай басталды.

«Жаланы мойындамадым»

Ауыл баласы Батырхан Сағынтаев 1986 жылы Алматыда Қазақ политехникалық институтының екінші курсында оқып жүрген. Болашақ гидрогеолог маман болсам деген жігіт айналасы бір айда тағдыры тәлкекке түсетінін білген жоқпын дейді.
– Сессияның кезі болатын. Кешкілік уақытта алаңға жиналған жастар «Әрбір республиканы өз көсемі басқарсын!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деп ұрандатып жатты. Өзімізбен түйдей құрдастарымыз «Менің елім, менің жерім!» деп Шәмшінің әнін айтып жатқанда сырт айналып кете алмай, қасымда болашақ жарыммен қол ұстасып, топқа біз де қосылдық. Шынтуайтында, ол кездегі жастарда патриоттық сезім басымырақ болды деп ойлаймын. Содан түн қараңғылығында алаңнан кетпеген жастарға қысым көрсету басталды. Бір кезде жастар мен әскерилер арасында қақтығыс басталып кетіп, мұздай қаруланған жендеттер жастарды алаңнан қуып, ұрып-соға бастады. Мені бірнеше сарбаз жабылып ұрып, аяусыз тепкілеп, басымнан шоқпармен ұрғанда есімнен танып қалыппын. Есімді бір жисам, сүйреп бара жатыр екен. Бір уақытта мұздың үстінде жатырмын. Тепкіден қабырғам сынған болуы керек, тұрудың өзі мұң болды. Тізерлетіп отырғызды. Айналамда мен секілді қан-жоса болған өрімдей ұл-қыздар. Ол жерде тағы соққыға жығып, барлығымызды көлікке тықты. Машинаға сыймай жатырмыз, жендеттер итеріп, нығыздағанда ине шаншар орын болмады. Маған қарама-қарсы отырған екіқабат келіншек жанұшыра айқайлап жатыр. Қолыммен адамдарды тіреп, ішіне зақым келтірмеуге тырыстым. Сосын бізді Калинин ішкі істер бөліміне әкелді. Сол жерде қатты соққыдан келген зақымнан есімнен танып, №4 ауруханаға түстім.
Қабырғам сынған, басымның күп болып іскені соншалықты, көзімді аша алмадым. Ауруханада 20 күндей жатып шыққаныммен азапты күндер алда екен. Тағы 17 күндей органда жертөледе тергелдім, - дейді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Батырхан Сағынтаев.
Батырхан жас кезінде еркін күрестен КСРО спорт шебері атағын алған. Өзі шымыр, мінезінің қайсарлығы болар, жабылған жаланы мойындамайды. Дегенмен, сессия уақытында сабаққа қатыспағаны, алаңға шыққаны бар – оқудан шығарылады.

Жастардың жадында жүрсе

1986 жылдың желтоқсаны қаншама қыз-жігіттің тағдырын өзгертті. Ол күннің естелігін айту қай-қайсысына болсын оңай тимейді. Сол күндердің қасіретін, көрген қорлығы мен жәбірін қайта еске түсіру жүректегі жараны сыздатады.
– Күні бүгінге дейін өзін Желтоқсан оқиғасына қатыстым деп айтуға қорқатындар бар. Сол күндер, әсіресе, қыз балалардың жүрегіне жара салған, - дейді Батырхан Сағынтаев.
Батырхан Сағынтаев төрағалық ететін қоғамдық бірлестіктің жұмыс істеп келе жатқанына биыл үшінші жыл. Желтоқсан оқиғасына күні бүгінге дейін тарихи тұрғыдан баға берілмеген. Сондықтан оған қатысушыларда ешқандай статус жоқ өзі.
– Өткен жылы Астана қаласында «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты ғылыми-конференция өткізіліп, 10-нан аса мемлекеттің тарихшылары қатысты. Ғалымдар Қазақстанда 1986 жылы болған қырғынды Желтоқсан көтерілісі екенін дәлелдеп берді. Желтоқсанға қатысушылар арасында әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер көп, денсаулығына зақым келгендер бар, саяси жаламен оқудан шығарылып, тіпті, әлі күнге дейін көбісі ақталмаған. Біздің мақсатымыз – оларға мемлекеттік тұрғыдан қолдау жасауға ықпал жасау, - деді әңгіме арасында кейіпкеріміз.
Шымкенттік азамат қаламызда Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу орны болғанын қалайды. «Жыл сайын тәуелсіздік күнінде Қайрат Рысқұлбековтың тақтайшасы орналасқан көшеде жиналамыз. Олар үшін қала билігіне арнайы жер бөлініп, ескерткіш орнатып, аллея ашсақ деген ұсынысымызды айтсақ» дегенді алға тартты төраға.
Батырхан Сағынтаев желтоқсаншылардың жетекшісі ретінде қолға алуы қажет жұмыстардың көп екенін сөз етті. Солардың ішінде маңыздысы - жастарға патриоттық тұрғыда тәрбие жұмыстарын күшейтуді жоспарлауда. «Ұрпақты отансүйгіштікке баулып, ата-бабаларымыз жылдар бойы армандаған тәуелсіздіктік құндылығын түсіндіру – басты парызымыз. Дегенмен, оқиғаны жылына бір рет еске алып емес, білім ошақтарында, жоғарғы оқу орындарында тарихтың куәгерлерімен тұрақты кездесулер өтсе, ұрпақ тәуелсіздіктің ұғымын тереңірек сезінер еді» деген тілегін білдірді Батырхан Сағынтаев.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.