Тәуелсіздік – ұмарым! Избранное

Пятница, 14 Декабрь 2018 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2892 раз

Тұғырлы еліміз биыл тәуелсіздіктің 27 жылдығын тойлауда. 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өтуге арналған мерекелік іс-шаралар Шымкент қаласының 4 ауданында жаппай өтті.

 007

Сахна шымылдығы 1986 жылғы қазақтың от жүректі, қайсар жастарын сомдаған көрініспен түрілді. Полковник «Айыбыңды мойындап, қолыңды қой!», «Мынаны неге жуасытып алып келмейсіңдер?!» деп ақырғанда көрермен қабағын түйіп, сонау бір қиын кезеңнің ортасына оралғандай, берілмеуге тас түйін болып бекініп алыпты. Ал ақ жейдесі қанға малынған Қайратты соққыға жыққан сайын көрерменнің жүрегі орнынан қозғалып кеткендей беймаза күй кешті.
«Ақтық сөзіңді айт» десе де қайсарлығынан танбаған Қайрат Рысқұлбековтың:
«Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!» деген өлең жолдарынан көңіл толқып, көзге еріксіз жас келді.
Иә, олар Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджановалардың шашынан сүйреп, Қайрат Рысқұлбеков пен Ербол Сыпатаевтың тәнін жалаңаштап, мұз үстінде мұздай су шашып жазаласа да кеудесіндегі отаншылдық отын өшіре алмады. Сол от әр қазақтың жүрегіне ұялап, шамшырағындай маздап тұр.
Қуаныштысы сол, біз бұл күні Тәуелсіз Елміз!
«Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.
Бас-аяғы сол болсын
Басыңа түскен қатердің» деп жырлаған Қайрат сынды Желтоқсан оқиғасы батырларының тілеуі қабыл болды.
Егемендік алғанына 27 жыл толған Қазақстан Республикасы бүгінгі таңда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуді меже етіп келеді. Білім алудың сан мың мүмкіндігі болса, басқа салалардың да жетістігі аз емес.
Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов та сол жетістіктерді атап өтті.
– Бұл – теңдесі жоқ тарихи күн, ұлттық мереке. Әрбір отандасымыз үшін мәртебесі биік мерекеміз құтты болсын! Тəуелсіз Қазақстан деген құдіретті сөздің астарында ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, абыздарымыздың айбынды үні, азаттық жолында шейіт болған талай буын боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр, - деді аудан əкімі.
Бұл күні аудан аумағында атқарылған түрлі саладағы жұмыстарға аянбай тер төгіп, ел дамуына тамшыдай үлес қосып келе жатқан жергілікті тұрғындарға Алғыс хат тапсырылды. Тәуелсіздік күніне арнаған мерекелік іс-шарасын Абай, Еңбекші, Қаратау аудандары да атап өтті. Аудан аумағында ұйымдастырылған салтанатты жиынға аудан әкімдері мен тұрғындар қатысып, еңбегі еленген бірқатар азаматтар алғыс хатпен марапаттады. Ал Абай ауданының әкімі Б.Парманов мерекелік іс-шара аясында мұқтаж отбасы балаларына киім-кешек үлестірді.

017

Последнее изменение Пятница, 14 Декабрь 2018 04:21
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.