SHYMKENT: Тәуелсіздік тартулары Избранное

Пятница, 21 Декабрь 2018 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2970 раз

Егемендік пен елдігіміздің мерекесі үшінші мегаполисте сән-салтанатымен, кең ауқымда аталып өтті.

000366

Ел тәуелсіздігі күніне арналған мерекелік іс-шараларда көптеген азамат марапатталып, жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Ерен еңбегі еленгендер

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара «Түркістан» сарайында өткен салтанатты жиынмен басталды. Мерекелік жиынға қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала тұрғындарын егемендіктің ұлы мерекесімен құттықтады.
– Бұл күн – Отанымыздың әр азаматы үшін қастерлі мереке. Қазір біз батыр бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздік елде өмір сүріп отырмыз. Ынтымақты ұран етіп, татулықты ту еткен қазақстандықтар биыл тәуелсіздіктің 27 жылдығын атап өтуде. Тұңғыш
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатымен Қазақстан экономикасы дамыған, саяси тұрақты, дамыған елдермен терезесі тең дәрежеге жетіп, ынтымағы жарасқан көп ұлтты мемлекетке айналды, - деді әкім

DSC 1476

.Салтанатты жиында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес бірқатар мемлекеттік қызметкерлер, педагогтар, дәрігерлер мен мәдениет саласының өкілдері, әскери қызметшілер мен коммуналды қызметтің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мемлекеттік және қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, елдің әлеуметтік-қоғамдық дамуына сіңірген еңбектері үшін «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында әріптестеріміз – «Шымкент Ақпарат» ЖШС директоры, «Шымкент келбеті - Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы, белгілі журналист Айгүл Қапбарова және «Панорама Шымкента» газетінің жауапты хатшысы Әсел Хамзина да бар.
Салтанатты жиын соңы Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мен қала өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға жалғасты.

Шымкенттіктер «Елбасы жолы. Астана» фильмін тамашалады

Режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмінің премьерасы мерекенің көркін кіргізді. Туындыны тамашалауға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бастаған зиялы қауым өкілдері, депутаттар, ардагерлер мен қала тұрғындары жиналды.
Бұл фильм – «Елбасы жолы» киноэпопеясының бір бөлігі, болған оқиғаның желісінде түсірілген. Шығармада елорданың көшуі, сол кезеңдегі қиындықтар, жаппай құрылыс пен мемлекет құрудағы ілгері істер суреттелген.
Фильмде Елбасының рөлін актер Мұрат Ахманов сомдап шықты. Көркем туындыда Мемлекет басшысының келбетін танымал голливудтық гример Марк Кульер жасаған. Сондай-ақ, фильмге танымал актерлар Азат Сейтметов,
Асқар Ілиясов, Жан Байжанбаев, Олег Ли түсті. Ал туындының сценарий авторлары - Әділбек Жақсыбеков және Тимур Жақсылықов. Түсірілім жұмыстары 2017 жылы желтоқсанында басталып, 2018 жылдың жазында аяқталған.

Жаңа аулалар – балаларға тарту

DSC 1728

Мерейлі сәт мерекеге ұласқан күн. Тәуелсіздік күнінде Шымкенттегі Абай мен Қаратау аудандарында спорт және балалар алаңшалары салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда Гагарин көшесі бойындағы №№141, 141 «а» және 141 «б» үйлер мен Нұрсәт шағынауданындағы №№11, 12, 75 үйлердің аулалары абаттандырылып, заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшаларымен толықты.
Аталған жаңа нысандардың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы тұрғындарды еліміздің бас мерекесімен құттықтады. Шаһар басшысы балғындарға спорттық бұйымдарды сыйға тартты. Осылайша Тәуелсіздікке тарту мерекенің мерейін үстем етті.
Бұл нысандар Елбасының тапсырмасына сәйкес, өңірлерде 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту мақсатында ашылып отыр. Осыған орай балалар ойын алаңшаларын салу және аулаларды абаттандыру үшін биыл әр ауданға 300 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Тәуелсіздікке арналған турнир

DSC 2528

Тәуелсіздік күніне орай Шымкентте шағын футболдан республикалық турнир өтті. Қала әкімінің кубогына арналған сайысты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай ресми түрде ашып беріп, жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қайрат
Ырзақұлұлы салауатты өмір салтын өздері де көпшілікке үлгі етіп жүретін тілшілер қауымына сәттілік тіледі.
«Тәуелсіздік – тірегім» республикалық турнирінің жүлде қоры 2 миллион теңгеге жуықтап, оған еліміздің әр аймағынан келген БАҚ өкілдерінің 13 командасы қатысты.
Тартысты өткен сайыстың жартылай финалында алматылық «Аламан» жəне «Апорт» командалары кездесіп, 3-1 есебімен «Аламан» командасы жеңіске жетті.
Екінші жартылай финалдық кездесуде Қызылордадан келген «Ақмешіт» және «Хабар» телеарнасының Астана командасы кездесіп, 1-5 есебімен «Хабарлықтар» жеңіске жетті. Қызылордалық журналистер үздік үштіктен көрінді. Ал финалда «Аламан» және «Хабар Астана» командалары кездесті. Аса тартысты өткен кездесу 0:1 есебімен «Хабар Астана» командасының пайдасына шешілді.
Сонымен «Хабар Астана» командасы шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Шымкент қаласы әкімінің Кубогы үшін өткен республикалық турнирде жеңіске жетіп, миллион теңгенің жүлдесін ұтып алды.
Турнирде ойын өрнегімен көзге түскен жекелей футболшылар да марапатталды. Жамбыл облысының намысын қорғаған Берік Уәли үздік шабуылшы атанса, «Үздік ойыншы» номинациясы Олжас Култешовке (Астана қаласы, «Спорт 59» командасы) бұйырды. Оралдық Есенжол Елекенов үздік қорғаушы атанып, «Үздік қақпашы» сыйлығын «Егемен Қазақстан» газеті командасының намысын қорғаған Алмас Манап иеленді. Бұл номинация иелеріне 25 мың теңгеден қаржылай жүлде берілді.
Жарыс жеңімпаздарын Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Мұрат Базарқұлов марапаттады.

Азамат ЖАППАР
Фото: Серік ҚОСАЕВ