Отандық туризм дамып келеді Избранное

Пятница, 18 Январь 2019 05:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2368 раз

Шымкентке келген қонақтар қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи ландшафтар жайлы ақпаратты ғаламтордан еш қиындықсыз таба алады. Мегаполиске саяхаттап келген туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында шаһардағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері сынды тарихи 18 нысанға QR-код тақтайшалары орнатылған.

DSC 6952

«Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы киелі жерлер туралы ақпаратты үш тілде әзірлеген. Мамандардың сөзінше, кодты арнайы мобильді қосымша арқылы оқыған кезде мәлімет смартфоннан оқылады. Ал оны оқу үшін смартфонға интернеттен «Neo Reader» немесе «QR Reading» сияқты бағдарламаларды көшіріп, орнатып алуға болады. Бұл нысандарға орнатылған тақтайшалар туристер мен жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда. Олардың пікірінше, бағдарлама өлке жайлы басқа да қызықты мағлұматтарды іздеуге мүмкіндік береді.

DSC 6950

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мәдениет бөлімінің басшысы Раушан Айғазиеваның айтуынша, Қазақстанның киелі жерлері картасына Шымкенттен енген 7 нысанды және музейлердің қоры цифрландырылып, мобильді қосымша әзірленуде. Мобильді қосымша дыбыстық ақпаратпен қоса мәтінмен синхрондалған графикалық бейнелерді қатар көруге мүмкіндік береді.
– Бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғау жұмыстары күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өлкетану жұмыстарын жүргізу, елдімекендерді абаттандыру және тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру көзделеді. Бұл бағытта жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда, - дейді Р.Шәденқызы.

Айта кетейік, мемлекеттік тізімге енгізілген республикалық маңызы бар 7 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар ескерткіштер 29-ды құрайды. 18 нысан алдын ала есепке алу тізімінде тұр. Шымкентте, сонымен қатар, 2018 жылға дейінгі салынған монументтік және мемориалдық 54 ескерткіш бар.
Ал өңіріміз үшін ерекшеленетін археологиялық нысан - «Шымкент қалашығы» ескерткіштеріне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын (археологиялық, сәулеттік, реконструктивтік және реновациялық) жүргізу негізінде 2020 жылға дейін ашық аспан астындағы музей ашу жұмыстары жүргізілуде.

– Шымкент ескі қалашығының орны аумағында археологиялық парк-музей, галерея құрылысын салудың мақсаты – келушілерді цитадельдің негізгі объектілерімен, кешен аумағындағы бағыттармен және археологиялық қазбалармен таныстыру, көрмелер ұйымдастыру, - дейді сала маманы.
Маманның айтуынша, тапсырманы орындау бағытында бірінші кезекте ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізуге Сайрам және Шымкент қалашықтарының номинациялық деректемесі дайындалған. Оған сәйкес 2020 жылы қаланың 2200 жылдық мерейтойын ресми атап өту және аталған жобаның аясында «Ескі қалашық» аумағын қайта жаңғырту мен абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, 2020 жылы салтанатты ашылу рәсімін өткізу жоспарланған.