Цифрлы Қазақстан: Кітапты QR-кодпен оқыңыз Избранное

Среда, 30 Январь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 12799 раз

Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында мобильді smart кітапхана жұмысын бастады. Қаланың бас мәдени-ағартушылық мекемесінде QR-код стенді орнатылған. Енді оқырмандар жергілікті қаламгерлердің 55 шығармасын смартфон арқылы оқи алады. Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

IMG 1046

Жұмыстан қолы қалт еткенде кітапханаға асығатын Ұлбала Қалшабекқызы бұл жаңалықты қуанышпен қабыл алды. Ол алғашқылардың бірі болып мобильді кітапхананың қызметін пайдаланып көрді. Оқырманның айтуынша, ғаламторда жергілікті қаламгерлердің шығармашылығымен танысу оңай емес. Бірлі-екілі өлеңдері мен әңгімелері жарияланбаса, тұтастай кітапты табу мүмкін емес еді, дейді ол.

– Бұл жобасы қаламгерлер мен оқырмандардың арасын жалғайтын алтын көпірдің баспалдағы десем де болады. Кітапханаға келіп-кетуім көп уақыт алады, онымен қоса, кейде бірнеше кітапты көтеріп әкетуге тура келетін. Мобильді кітапхананың тиімділігі де осында. Жұмыста немесе үйде, басқа да орындарда оқуға ыңғайлы. Ол үшін кітапты арқалап жүрмейсің. Технологияның дамыған тұсында осындай кітапхана жастар үшін қажет-ақ, әрі тиімді. Ендігі тілегім smart кітапхананың қорын арттырып, халық көп шоғырланатын орындарға орналастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Жаңашылдыққа жаны жақын кітапхана ұжымына алғысым шексіз, – деп кітапхана оқырманы өз әсерімен бөлісті.

IMG 1061

Жуырда кітапханада өткен «Даму векторы – цифрлық кітапхана» даму көкжиектерінің таныстырылымы барысында кітапхана директорының орынбарасы Гүлмира Алпысбаева қаламгерлер қауымы мен оқырмандарға Қазақстан ұлттық электронды кітапханасының жұмысы жөнінде әңгімелеп, электронды қордың сандық форматқа көшірілген басылымдар көрмесімен таныстырды. Кітапхана жанынан ашылған коворкинг орталықта 500-ге жуық басылым дискіге көшірілген. Мұнда оңтүстік өңіріне белгілі ақын-жазушылардың еңбектері еніп отыр.

– Біз өңіріміздегі ақын-жазушылармен келісім-шартқа отырып, қаламгерлердің еңбектерін насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бұл жоба соның жалғасы. Негізгі идея оқырманды кітапханаға тарту, жастарды кітап оқуға шақырудан туды. Ол үшін жаңа технологияның көмегіне жүгінуді жөн санадық. Оқырмандарға ұнайды деген ойдамыз. Бұл бастамасы. Алдағы уақытта оларды қаладағы ірі ойын-сауық-сауда орталықтары мен халық көп шоғырланатын орындарға орнатуды жоспарлап отырмыз, - дейді Г.Батырбайқызы.

Мобильді кітапхананың бір ерекшелігі – кітапхананың www.otyrarlib.kz сайтымен байланыстырылған. Тақтайшадағы кітаптардың төменгі тұсында штрих-код орналасқан. Әуелі смартфоныңызға QR-сканер қосымшасын жүктеп алып, қосымшадағы сканер батырмасына басасыз. Одан кейін өзіңіз оқығыңыз келген жинақтың төменгі тұсында орналасқан штрих-кодқа алып барсаңыз, бірнеше секунд ішінде кітаптың электронды нұсқасын жүктеуіңізді сұрайды. Кітапты телефон жадына сақтау арқылы оны кез келген уақытта оқуға мүмкіндік аласыз. Айта кетейік, стендтегі кітаптар тізімінен белгілі қаламгерлерден Мархабат Байғұттың «Қозапая», Ханбибі Есенқарақызының «Жыр кітабының» І томы, Шойбек Орынбайдың «Заман ертегілері», Нармахан Бегалиевтің «Ботагөз бұлақ», Күлия Айдарбекованың «Анаға тағзым», «Аманат» сынды еңбектері мен басқа да ақын-жазушылардың шығармашылығымен танысуға болады.

Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың 2018 жылы жеткен жетістіктері мен атқарған жұмыстары айтуға тұрарлық. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының тұңғыш рет республика бойынша ұйымдастырған байқауының қорытындысы бойынша «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, жазушы, журналист, «Құрмет» орденінің иегері Күлия Смайылханқызы «Ең үздік кітапхана басшысы» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, жоғары дәрежелі кітапханашы, кітапханадағы құжаттарды өңдеу, каталогтарды ұйымдастыру секторының басшысы Гауһар Медеуова «Ең үздік кітапханашы» номинациясына қол жеткізді.

Бұдан бөлек «100 есім – 100 ғұмырнама» жобасы аясында «100 жаңа есім» жеңімпаздарымен кездесу кештерін, «Кедергісіз кітап» әлеуметтік жобасы арқылы кітапхана ұжымы жасөспірімдер, қарттар үйінде, мүгедектерді оңалту орталықтары, түзету мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтарға кітап жеткізуді қолға алған. Жылжымалы кітапхана пунктерін ашып, жас оқырмандарға әдеби-мәдени кештерін ұйымдастырып отыруды да оң жолға қойған.

Жиналған көпшілікке кітапхана ұжымы 2018 жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндап, «Бір қала – бір кітап» акциясы бойынша талқылау барысында қаламы ұшқыр жазушылар мен қалалық кітапхана өкілдерінің бірауыздан қолдауымен проза жанры бойынша Қ.Қазиевтің «Иман – жапырақ» кітабы, поэзия жанры бойынша Н.Бегалының «Жаз – жалбыз» кітабы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев жария еткендей, «2019 жыл – Жастар жылы» болуына орай айтыскер ақын Біржан Байтуовтың «Бізден де өтер жиырма бес...» кітабы «Жыл кітабы» болып таңдалды. Сондай-ақ, былтыр ұйымдастырылған «Бір өлке – бір кітап» акциясы мен жазушы А.Сүлейменовтың шығармашылығы бойынша жарияланған эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Последнее изменение Среда, 30 Январь 2019 05:10