Жәрдемақы қалай төленеді? Избранное

Пятница, 01 Март 2019 03:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2731 раз

ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева көпбалалы отбасыларға 21 мың теңге жәрдемақы қалай төленетінін түсіндірді.

Аида Балаева

Аида Балаева Фейсбуктегі жазбасында ең алдымен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесіне сайланғанын айта келе, партияластарының жоғары сенімін ақтауға тырысатынын сөз етті.
«Іс жүзінде жаңа әлеуметтік доктрина ұсынылды десек те болады. Оның басты басымдықтары - бұл өмір сапасын арттыру және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсету. Мені ең маңызды әлеуметтік бастамалардың осы жылдан-ақ жүзеге асырыла бастайтыны қуантты» деп жазды ол.

Аида Ғалымқызының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бюджет саласының ең төмен жалақы алатын қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға көбейеді (санитар жұмысшылар, мейірбикелер, техникалық жұмысшылар және т.б.), атқарушы органдардың азаматтармен тікелей жұмыс істейтін төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 25 пайызға көтеріледі.

«Бұл мақсаттарға шамамен 980 млрд теңге бөлінеді. Әкімнің бұрынғы орынбасары ретінде бұл цифрлардың тасасында көптеген адамның әл-ауқатын жақсартуға деген үміті тұрғандығын білемін. Мемлекет басшысы айтқандай, реформаның нәтижелерін бүгіннен-ақ әрбір қазақстандық отбасы сезінуі тиіс. Дегенмен, меніңше, ең бастысы – Елбасының балаларға арналған төлемді көбейту жөніндегі шешімі.
Көпшілік үшін төлем тәртібі қалай айқындалатыны түсініксіз. Түсіндіруге тырысып көрейін.

Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы бекітілген кедейшілік шегінен, яғни, 14,8 мың теңгеден немесе күнкөріс минимумының 50 пайызынан төмен азаматтарға көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кедейшілік шегі күнкөріс минимумының 70 пайызына дейін көтерілді және 20 800 теңгені құрайды. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың әрбір баласына 20 800 теңге аударылады дегенді білдіреді.
Бүгінде 4 және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған отбасы көпбалалы саналады. Егер көпбалалы отбасыда 4 бала болса, онда жәрдемақының жалпы сомасы 83 мың теңге болады. Ал егер анасы үйде отырса, онда оның атаулы әлеуметтік көмегі қосылады. Мұндай отбасының жалпы табысы шамамен 103 мың теңге болады» деп жазды Аида Балаева.

Сонымен қатар ол мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға жәрдемақы 30 пайызға көтерілетінін атап өтті.
«Аз қамтылған отбасыларға арналған арнайы 40 мың жалдамалы пәтер құрылысына қатысты бастама да қатты қуантты. Бұған қоса, Тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесі арқылы жылына 2-3 пайызбен тұрғын үй заемдерін берудің жеңілдетілген тетігі әзірленетін болады. Бұл аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуде проблемасын шешудегі маңызды қадам деп санаймын.

Бұл жұмысқа өмір сапасының жаңа стандарттары жалдамалы баспана салу, заманауи жергілікті жолдар желісін дамыту, газ тарту, ауыз суға қолжетімділік сынды жаңа стандарттарды енгізе отырып, барлық өңір жұмылады» делінген жазбада.
Бөлім басшысының атап өтуінше, егер бұрындары автобандар мен республикалық маңызы бар жолдардың құрылысына назар аударылса, ендігі уақытта облысаралық және аудандық деңгейдегі автомобиль жолдарының желісі қарқынды дамытылады. Бұл облысішілік көлік қатынасының деңгейін жақсартады.

«Қорытындысында бұл өңірлердің экономикасына да, дамуына да септігін тигізеді. Бүгін айтылған барлық бастамалар қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына айтарлықтай үлес қосатынына сенімім мол. Бұл ретте партия рөлі – халықпен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттердің жүзеге асырылуын мониторингілеу», - деді Аида Балаева.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.