Бір шаңырақ астында Избранное

Пятница, 01 Март 2019 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2953 раз

Шымкентте 22 ақпанда, яғни Алғыс айту күні қарсаңында басталған апталық 1 наурызға дейін жалғасты. Апталық аясында әр күннің атауы белгіленіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

6565656

Ұстаздарға мың алғыс!

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы славян этно-мәдени бірлестігімен бірге ұстаздарға құрмет көрсетті. Мерекелік жиынға құрметті, ардагер ұстаздар шақырылып, сый-құрмет көрсетілді.
– Ұстаз – ұлт пен ұрпақ үшін қасиетті ұғым. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда ұстаздардың еңбегі зор. Осыны ескеріп, Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында ардагер ұстаздарға алғыс білдіріп, ерекше ілтипат көрсетуді жөн санадық, – дейді қалалық славян этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова.

Жиын соңы қалалық оқушылар сарайының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Осындай іс-шаралар қалалық әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-де жалғасып, жастар ұстаздармен кездесті, мәртебелі мамандық жөнінде оқушылар арасында шығармалар байқауы өтті.

«Тағдыр тоғыстырғандар»

Ал «Тарихқа тағзым» күні Қазақстан халқы Ассамблеясында депортация жылдары Қазақстанға қоныс аударған этностар туралы «Тағдыр тоғыстырған» атты кітап, фото, тарихи құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге оқушылар, студенттер мен жалпы жастар қатысып, Қазақстанға күштеп қоныс аударылған этностардың бастан кешкендерін, жергілікті халық тарапынан қандай қолдауларға ие болғаны жөнінде деректермен танысты.

Көрмеге өңірлік қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архиві, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы, білім мекемелері және этно-мәдени бірлестіктер 200-ге тарта тарихи-мәдени құжаттарды ұсынған.

Арзу Гурбанова – қазақ жеріне күштеп қоныс аударған әзірбайжан этносының үшінші ұрпағы. Ол қиын-қыстау кезеңде қазақтың дархан даласына тап болмағанда ата-бабаларының тағдыры немен аяқталатынын болжап айтудың өзі қиын екенін айтады.

– Тұтастай алғанда ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға 5,6 миллион адам күштеп қоныс аударылды. Қазақ отбасыларының өздері ауыр экономикалық жағдайларды бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған қудалауға ұшырап жатса да қоныстанушыларға қолдау көрсетті. Қазақ жерінен пана тапқандардың арасында біздің аға ұрпақ өкілдері де бар. Жергілікті халық бас сауғалап келгендердің тілін түсінбесе де өз бауырындай қарап, барымен бөлісті.

Мейірім жылуын берді. Қазір де түрлі этнос өкілдеріне ұдайы қамқор көзбен қарап, бәйтеректей сая болып келеді. Қазақ халқының жақсылығын этностардың бүгінгі ұрпақтары ұмытпауы тиіс, – дейді Арзу Арипқызы.
Басқосуда түрік, иран, кәріс, шешен секілді бірқатар этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде пана болған қазақ еліне ақеділ алғысын айтып, патриоттық тақырыпта өлеңдер оқыды.

Этнос өкілдері қазақ отбасыларында қонақта

Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында басталған апталық «Ықылас күні» атауымен жалғасты. Бұл күні саяси қуғын-сүргін қасіретін бастан өткізген этнос өкілдерінің бүгінгі буыны қиын-қыстау жылдары пана болып, қолдау көрсеткен қазақтардың бүгінгі ұрпақтары тұратын шаңырақтарға барып, алғысын білдірді.

КХА-алғыс айту 2

Мысалы, түрік этносының өкілі Тұрымбек Османов ата-бабалары пана тапқан Ақылбек Ахметбай ақсақалдың отбасына барды. Зұлмат жылдары бауырына басып, айрықша қамқорлық танытқаны үшін ризашылығын жеткізді.
Жанына қалалық кәріс, грек, иран этно-мәдени бірлестіктері мен «Ынтымақ» этносаралық бірлестігінің жетекшілерін ерте барған ол үй иесіне достықтың белгісі ретінде арнайы сыйлық тарту етті.

– Солақай саясаттың салдарынан біздің ата-бабаларымыз 1944 жылы Грузияның Ахысқа аймағынан қазақ жеріне қоныс аударды. 8 баласымен Шымкенттің маңындағы Қызылсай ауылына тап болған біздің бабаларымыз, яғни, Османовтар әулетін сол кезде Ахметбай ақсақал қабылдап, қоржын тамының бір бөлмесін ұсынды. Өздерінің басындағы қиын жағдайға қарамастан бір үзім нанымен бөлісіп, аштықтан, аурудан титықтаған халықты аман алып қалды. Осындай мейірімділігі үшін қазақ халқына шексіз ризашығымды білдеремін, – дейді түрік ақсақалы Т.Османов.

Қайтпас шағынауданында тұратын қос әулеттің ұрпақтары бүгінде өсіп-өнген. Бір туған бауырлардай өзара тығыз байланыста өмір сүреді.
Алғыс айту мекерекесін асыға күтетіндердің бірі – шешен этносының өкілі Разван Амачев. 1944 жылы шешен-ингуш халықтары қазақ жеріне депортацияланғанда Равзан ақсақал 14 жаста болған. Шешен этносының қазақтардан көрген жақсылығын немерелеріне үнемі айтып отырады. Мереке қарсаңында өздеріне қамқор болған Тоғыс ауылындағы Рыскелдиевтердің отбасына арнайы барып, шынайы алғысын жеткізді.

Осы күні қаладағы 16 этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары да Шымкенттегі Қуатбек Қабылбеков, Қуат Сүйеубаев, Өлмесхан Жаныбековтың отбасыларына барып, қазақ халқының жасаған жақсылығын еске алды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.