ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев – Евразиядағы ең белгілі әрі беделді саясаткерлердің бірі. Елбасы туралы Маргарет Тэтчердің «Бүгінде әлемге ықпалды 5 немесе 6 саясаткер танымал. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев бар» деген пікірі бар. Нұрсұлтан Әбішұлының жас әрі қарқынды дамып келе жатқан, болашағы зор мемлекеттің әлем қауымдастығы алдындағы беделін көтеру үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Елбасы – Батыс пен Шығыс арасында, Ислам мен христиандық арасында, әлемдік өркениеттер арасында келіссөз орната алған көсем. Әлемдегі тұрақтылықты сақтау қалудағы еңбегі үшін халықаралық қауымдастық тұтастай алғанда, әлемнің ірі мемлекеттік қайраткерлері жекелей алғанда Елбасы Н.Назарбаевты өзіндік беделі бар, кез келген жағдайға өз көзқарасы бар белді саясаткер ретінде бағалайды.
Тұңғыш Президент өзінің бүкіл ғұмырын Қазақстан халқына арнады, ол Қазақстанды үшінші әлем елдері қатарынан Азия әлемінің көшбасшылығына алып шықты. Қарқындап дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекеттің ұлттық мүдделері мен әлем дамуының жаһандық үрдістері арасынан тең байланыс орнатты.
Қуатты Қазақстанды құрып, елді алдыңғы қатардағы мемлекеттер сапына қосудың ұзақ мерзімді жоспарын ұсынған Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ халқының тәуелсіз, тұрақты және беделді мемлекет құру жөніндегі ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. Қазақстанның дамуының негізгі бағыттарын анықтаған Тұңғыш Президент қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімінің негізін қалады.
Мархабат Байғұт,
жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері