Ұлы дала қырларынан... бір үзік Избранное

Среда, 20 Март 2019 04:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3390 раз

ҚР Тәуелсіз ел болғалы бергі ширек ғасырдан астам уақытта халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде танылып, өзінің саяси және әлеуметтік экономикалық мәдени жетістіктерімен тәуелсіз мемлекеттер арасында жетекші рөлге ие болды.

Осы жылдарда қоғамның алдында тұрған басты міндет, бірінші кезекте бұрынғы нұсқаулы-жоспарлы, экономиканы түбегейлі қайта құрып, бұрын соңды бастан өткізбеген нарықтық экономика деп аталатын жаңа жүйеге көшу қажеттілігі тұрған еді. Бұл айтуға оңай болғанымен Елбасы сөзімен айтқанда бәрінде тақыр жерден бастап жаңадан ұйымдастыруға тура келді.

Осы кезде Президентіміз «алдымен экономика, сосын саясат» деген қағиданы ұстана отырып тез әрі қысқа мерзімді халықтың әл-ауқатын арттыру үшін экономика саласын модернизациялауға басымдық беріп отырды.

Өткені, ХХ ғасырдың 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басындағы дағдарыстардан шықпайынша өзге бағыттарға көңіл бөлу мүмкін емес еді.

Осы ерең еңбек өз жемісін беріп, ҚР өңірлік көш басшыға айналып, халықаралық беделді ұйымдар БҰҰ,ЕҚЫҰ, Европарламент, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік қайта құрылу және Даму банкісі секілді, көптеген әлемдік саясатта салмағы бар мекемелердің қолдауына ие болды.

Дегенмен, экономикалық өсімнің жоғарғы деңгейге жетуі қоғамның рухани сұраныстарын қамтамасыз ете алмайтыны белгілі еді. Ұлттық мәдениет, өнер, дін, қоғамдық саяси қозғалыстар бағытына жол сілтейтін, бағдар көрсететін идеялық ұстанымдарды қалыптастыратын адамдардың рухани сұраныстарын қамтамасыз ететін идеологиялық жаңғырту қажеттілігі күннен күнге арта түсті.

Екінші жағынан ҚР-ның халықаралық қауымдастыққа енуі, ашық есік саясатын ұстауы түрлі қоғамдық саяси және діни ағымдардың елімізге еніп, халықтың әсіресе жастардың санасын улап, түрлі мәдениетімізбен рухани құндылықтарымызға зиян келтіретін ұйымдарға тартуы, тіптен халықаралық деңгейдегі діни фанатизммен экстремизмге баулыйтын ұйымдарға тартуы ішкі тұрақтылығымызға күн өткен сайын қауіп төндіре бастады.

Осындай жағдайда зиялы қауым көкейінде жүрген рухани жаңғыру мәселесі біртіндеп қолға алына бастады. Елбасының «Еңбек қоғамына 20 қадам», «Ұлт жоспары: нақты жүз қадам», «Мәңгілік ел» секілді мақалалары жарияланып, идеологиямыздың көкжиегі айқындала бастаған еді.

Десекте, осы салада шамшырақ болатын нақты бағыт-бағдар көрсететін идеялар жетіспегендей болғанда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланып, қалың елмен шығармашылық интеллигенцияның көңілінен шығып, үлкен энтузиязымға жол ашты.

Бұл, жалпы ұлттық идеяларға тұнып тұрған аса маңызды ұлттық иделарды жүзеге асыруды мемелекет деңгейінде жаппай қолға алды.Соның ішінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің елімізде алғашқылардың бірі болып, қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобалық кеңсесін ашты.

Жобалық кеңсе рухани жаңғырту мәселесі бойынша жастарды тәрбиелеу мәселесін ауқымды және жоспарлы түрде жүзеге асыруда.
Жоғарыда аталған мақалада көптеген мәселелер жалпы бағыттар ретінде ұсынылса, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры атты мақаласында қазақ қоғамының көкейкесті мәселелері көтеріліп, көкейімізде жүрген көптеген сұрақтарға жауап таптық.

Мақаладағы ең басты маңызды мәселе өткен тарихқа нақты баға беріліп, Қазақстан териториясы қазақ халқы ғана емес бүкіл түркі әлеміне ортақ байырғы протомемлекеттер пайда болған жер екенін астын сыза көрсеткендей болып отыр.

Ия, Елбасымыз айтқандай Ежелгі Греция гректер үшін, Ежелгі Рим италяндықтар үшін түп-тамыры болса Ұлы Ғұндар мен Сақтар империялары қазақтардың түп тамыры ретінде неге біздің байырғы мемлекетіміз бола алмайды.

Ол аз десеңіз, Әбілғазы Баhадұр ханның «Түрік шежіресінде» көне дәуірдегі алғашқы қағанымыз Оғыз(Уыз) ханның мемлекеттік билігі пайғамбарымыз Мұхамед Мұстапа Салауғалейкүм қайтыс болған 622 жылдан 3400 жыл бұрын болғанын жазады.

Ол дегеніңіз біздің эрамызға дейінгі 2700-2800 жылдар бұрын, яғни үшінші мың жылдық, сол дәуірде европалықтардың мемлекет құрмақ түгілі әлі «сайда саны – құмда ізі жоқ» еді.

Салыстырмалы түрде алғанда ежелгі прото мемлекеттеріміз көне шығыстағы Шумер Аккад өркениетімен бір қатар мезгілде өмірге келгенін, Ежелгі Қытайдың мемлекеттілігі бізден көп кейін пайда болған аңғарамыз. Бүгінгі ғылымда көне Шумердің қалыптасуы Шу бойынан қоныс аударған ғылымда арийлер немесе ежелгі турлар аталып жүрген арғы түп аталарымызбен байланысты екені мойындалуда.

Елбасы мақаласында осы сұрақтарға нақты жауап ретінде «Жеті қырдың» біріншісі «Атқа міну мәдениеті» Ұлы далада қалыптасуы желмен жарыса ұшқан тұлпарларға мінген бабаларымыздың алғаш рет халықаралық қатынас негізін қалап, өздері қол жеткізген жетістіктерді әлемге таратқаны түсінікті болып шығады.

Атқа міну мәдениеті өз кезегінде ыңғайлы атта жүру үшін қажетті киім үлгісін өмірге әкеліп, ол қазіргі заманғы адамдардың сырт киімнің түрлерінің негізін қалады.

Бұған қоса, аса ірі жетістік ретінде мақалада бабаларымыздың атты игеру арқылы шалбарды ойлап тауып, Ұлы даладан бұл жетістік алдымен Қытайға шамамен біздің эрамызға дейінгі 2000 жылдай бұрын таралып, Қытайдан Таяу және Орта Шығысқа өтіп, біздің эрамыздың 5-6-шы ғасырларда Европаға жеткені мәлім.

Осылайша атқа міну көптеген қазіргі заманғы жетістіктердің негізін қалап, адамзат баласының оқшауланудан шығып өзара байланысқа түскенін айтсақ та, бұл өркениеттік жетістіктің мағынасын тереңірек түсінуімізге мүмкіндік береді.

Осындай өркениеттік маңызы бар жетістіктерімізді бүгінгі жастарымыздың санасына құю, олардың шынайы мақтанышына айналдыру бүгінгі аға ұрпақтың басты міндеті болуы керек.

Осы тұрғыдан алғанда, біздің университеттің сирек кездесетін мамандық халықаралық қатынастар саласы бойынша мамандар даярлауда Елбасы мақаласының көмегі зор.

Мысалға, біз осы заманғы дипломатия, геосаясат, халықаралық қатынастар жүйесін оқыта отырып, оның қайнар бастаулары біздің ежелгі мемлекеттерімізден басталғанын жастарымыздың санасына сіңдіріп, арнайы курс ретінде көне дәуір мен қазақ хандығы кезегінде сыртқы саясаттың жетістіктерімен әдіс-тәсілдерін қолға алуымызды қажет етіп тұрғанын айтуымыз керек.

Г.Мамашарипова,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Халықаралық
қатынастар және кеден ісі» тарих
ғылымының кандидаты, доцент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.