Шымкентте жүрген Наурыз – керуен

Среда, 20 Март 2019 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3984 раз

Биыл Наурыздың Наурызы Шымкентте басталды. Мегаполис көшелерімен бұрын-соңды болмаған Наурыз-керуені жүріп өтті.

DSC 0995

Керуен тізбегінде түйелер, ат арба, күймелер мен автокөліктер болды. Зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, әжелер, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, театр әртістері мен жастар – барлығы 100-ден аса адам құрамына енген керуеншілер әуелі Наурыз алаңына жиналды.

Жиналған көпшілік жыл басының басты дәмі – Наурыз көжеден дәм татты. Күбіден түскен май мен табада піскен ыстық нан, бауырсақтан ауыз тиді. Ақсақалдардың ақ батасын алған көш-керуенді Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай мен ардагер журналист Байдулла Қонысбек бастап шықты.

Мерекелік іс-шарада қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, қоғам қайраткері Байдулла
Қонысбек жұртшылықты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.

– Наурыздың тарихы 5 мың жылдан жалғасып келеді. Бұл мереке Орта Азия мемлекеттерінде кең көлемде тойланады. ЮНЕСКО көлемінде 2009 жылдан бері бүкіл дүниежүзілік мереке болып аталып келеді.

Бүгін де Салт-дәстүр орталығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен осынау игі іс-шара өтуде. Еліміздің ырысы мол болсын! Қазақстанды мекендейтін 100-ден аса этнос өкілдерінің татулығы берік болсын! – деді М. Қалмұратов.

Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев: «Көш-керуеннің Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығынан басталып, Қазақстан халқы Ассамблеясына барып тоқтауында бір мән бар.

«Бармақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, елдің ауызбіршілігі, ынтымағы осы әз-Наурыздан басталады. Ұлыстың ұлы күнін ағарған ақтықтың, бал шырын тоқтықтың белгісі деп жатамыз. Жалпыхалықтық мереке – Наурызбен баршаңызды құттықтаймын!» - деп, ыстық ықыласын білдірді.

Бірінші қатарда қос түйе, одан кейін күймелер, аттылардың соңынан жастар қаз-қатар тізбектеліп, «Ақ бүрку» рәсімін өткізу үшін дендросаябаққа тоқтады. Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауды көздеген керуеншілер жол-жөнекей халық әндері мен күйлерінен шашу шашып, бауырсақ таратты.

Ертеде көктем келіп,ағаштар алғаш бүршік атып жатқанда аналарымыз жеміс ағаштарына ақ бүркиді екен. Салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында ерінбей еңбек еткен, Дихан бабаның киесі дарыған, жақсы мен жайсаңдар жиналып, ағаштарға ақ бүркіді. «Табиғатқа нәр беріп, тіршілікке шеру бер!» деп, ақ жаулықты аналарымыз тілек тіледі.

Айрықша сән-салтанаты жарасқан көш-керуен соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алдына табан тіреді. Арнайы дастархан жайып, қала тұрғындарына Наурыз көже таратылды.

Сондай-ақ түркі халықтарының Наурызды тойлаудағы ерекшеліктерін айшықтайтын көрме мен концерттік бағдарлама жұртшылықтың назарына ұсынылды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.