Ғаламға ғашық ғалым

Среда, 20 Март 2019 04:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3756 раз

Адамды кемел келешекке, биік белестерге жетелейтін, өмірге құлшынысын арттыратын – арман. Балалық шақ қиял пырағына мінгізіп, көз жетпес қияға, алысқа сапар шектіреді. Есейе келе сол армандар мақсатқа, болашаққа деген жоспарға ұласады.

Қандай жағдайда да арманынан бас тартпаған жан өмір шыңына шығады. Осындай жанның  бірі, дара жолы бар ғалым-ұстаз – Рамазанова Сара Акзамқызы.

Рамазанова

1944 жылдың көктемінде, қазақтың бағына біткен ғалымдары мен сөз шеберлері Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Б.Майлин, А.Байтұрсынов, М.Дулатұлы туған Қостанай топырағынан түлеп ұшқан С.Рамазанова кейін отбасымен Шымкент қаласына көшіп келді.

1962 жылы орта мектепті тәмамдап, Мәскеуге жол тартты. Аспан әлеміне деген шексіз ғашықтық оны М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика факультетінің астрономия бөліміне алып келді.

Астрономияның алғашқы жетістіктерімен байланысты аталатын Клавдий Птоломейден бастап, қазіргі заманғы астроном ғалымдардың еңбектері оның қолынан түспеді. Мәскеудегі университетті жоғары біліммен аяқтаған С.Рамазанова дипломын алып, 1968 жылы Қазақстанға оралды.

Қазақ КСР-ның білім министрлігінің ұсынысымен М.Әуезов атындағы Шымкент педогогикалық институтының физика кафедрасына оқытушы қызметіне қабылданған ғалым-ұстаз еңбекке белсене араласты. Студенттерге білгенін үйретіп, білімге баули жүріп, ғаламға деген ғашықтық оны ғылымға алып келеді.

Адамзат баласы талай ғасыр бойы сырына үңіліп, құпиясын ашып тауыса алмай келе жатқан, сан қатпарлы, аса күрделі ғылымды меңгеруге деген ұмтылыс нәтижелі болды.

1990 жылы «Ғылым тарихы» мамандығы бойынша «Средневековые методы определения астропунктов» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған Сара Акзамқызы физика-математика ғылымдарының кандидаты атанды. Үздіксіз ізденіспен 1993 жылы доцент атағын иеленді.

Доцент С.А.Рамазанова астрономия, физика, арнайы пәндер курстарының лекцияларын жоғары деңгейде оқитын білікті маман, оның 120 ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік еңбектері халықаралық, республикалық, аймақтық басылымдарда жарияланған.

Сонымен қатар «Астрономия» және «Астрофизика негіздері» бойынша екі оқулығы 10 жылдан астам ҚР бірқатар жоғары оқу орындарында оқу құралы ретінде қолданылуда. «Астрономия» оқулығы жоғары оқу орындары ассоциациясының қолдауымен ағылшын тіліне аударылып, жоғары оқу орындарына таратылды.

Сара апай өз мамандығына жан-тәнімен берілген ұстаз. Ғарышқа қатысты ғылыми журналдардан заманауи зерттеулерді үнемі бақылап отырады. 2015 жылдары физика-математика кафедрасының меңгерушісі едім, бірде Сара апайымыз қолында қызмет хаты бар, кіріп келді.

Қызмет хатта жұлдызды аспанды, күн жүйесінің планеталарын телескоппен студенттерге көрсету үшін аспан ашық күні таңғы сағат 4-5-тер шамасында оқу ғимаратына кіруге рұқсат сұраған екен. Сол сәтте 1990 жылдардағы студент кезім есіме түсті, ол уақытта да Сара апайымыз ерінбестен студенттерді телескоппен жұлдызды аспанды көрсетуге шақыратын.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ОҚМПУ-де бүгінгі таңда күндізгі бөлімде сабақтың 20 пайыздан астамы үш тілде өтеді.

Үштілділікті енгізу қолға алына бастаған жылдары Сара апайымыз жасы 70-тен асқанына қарамастан «Мен де ағылшын тілінде дәріс беруім керек» деп, 2015 жылдары ағылшын курстарына жазылып, «Beginner» деңгейінен бастап «Upper Intermediate» дейінгі деңгейлерді оқып бітірді.

Биыл ОҚМПУ-де ағылшын тілінен IELTS тестін тапсыруға дайындық жұмыстарын жүргізу үшін үміткер мамандар кіріс тестерін тапсыруға дайындық орталығына жіберілген болатын. Тест нәтижелерін талдауда жоғары балл жинаған үміткерлердің алғашқысы біздің С.Рамазанова болып шықты. Сара апаймыз 75-ке толғанына қарамастан IELTS сертификатын алуға бекем кірісіп отыр.

Әлі де қайраты бойында, көпшілікке үлгі, талпынысы баяғысынша, үнемі алғашқылардың қатарында. Барлық шәкірттері ұстазымыз Сара Акзамқызын үлгі тұтамыз.

Ғарыш көкжиегіне көз тіккен, ой санасы аспан әлемін шарлап, құпиясы көп астрономия ғылымын зерттеуден талмайтын Сара Акзамқызына барлық шәкірттері атынан ризашылықпен алғыс айтамыз!

Д.БЕРДАЛИЕВ,
ОҚМПУ оқу-әдістемелік
басқармасының басшысы,
ф.-м.ғ.к.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.