Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак Қазақстан тәуелсіздік жылдары татулық пен келісім формуласын ұқыпты іске асырып, биік белеске жеткенін айтады.
«Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту» атауымен өтетін биылғы сессияда тақырыбы айтып тұрғандай, әлеуметтік-рухани мәселелерге ерекше назар аударылады деген ойдамын.
Ел тұрғындары тыныштық пен қоғамдық келісімнің мәнін ұқты. Өзара сыйластық пен бірліксіз қоғамда береке болмайтынын әрбір қазақстандыққа түсіндіру жолында ауқымды жобалар іске асты», - дей келе ол Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары жыл сайын өзіндік ерекшеліктерімен өтетінін атап өтті.
Роза Пактың айтуынша, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен абыройы айрықша. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен құрылған бұл институт қазақ жерінде татулық пен келісім идеясының қалыптасып, іске асуына сүбелі үлес қосып келеді.
«Жүзден астам этнос өкілдерін берекелі шаңырақ астына топтастырып, елдің қарыштап өсіп-өркендеуіне септігін тигізді. Этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстануына, дәріптеуіне жағдай жасалды.
Осындай байсалды бастамалар үшін қазақстандық этнос өкілдерінің барша қазақ еліне айтар алғысы айрықша. Бірлік бар жерде нәтижелі тірлік болатынын бүгінде барша ел ұғынды.
Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, берекелі бірлік пен тұғырлы татулық жолын насихаттап, Ассамблея Төрағасы жүктеген абройлы міндеттерді іске асыратын боламыз», - дейді Роза Пак.