Сарапшылар бас қосты Избранное

Среда, 15 Май 2019 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 325 раз

Шымкентте ҚР Президенті сайлауына қатысты сарапшылар жиыны өтті.

DSC 6143

Алқалы жиынға Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев, Шымкент қалалық Азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жұмағали Білісбеков, Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, ОҚМПУ проректоры Баршагүл Исабек, журналист, блогер Сырым Иткулов, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мүшелері мен зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

«Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр жүргізген жиында «Шымкент қаласы Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков 9 маусымда өтетін Президент сайлауы бірінші кезекте еліміздің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

– Шымкент қаласы бойынша «Аманат» азаматтық платформасының эксперттік талқылауы еліміздегі елеулі саяси оқиға – ҚР Президентін кезектен тыс сайлау науқаны қарсаңында өтуде. Аты айтып тұрғандай, аманатқа қиянат жасамауға тиіспіз. Елдің жарқын жолда дамуы үшін сайлау науқанында сергектік танытуымыз қажет.

Шымкентте қазіргі таңда 45 ҮЕҰ жұмыс істейді. Қоғамдық ұйым өкілдері сайлаудың әділ өтуіне атсалысып, бақылау жасауға ниет білдіруде. Бұл науқан еліміздегі демократиялық құндылықтарға сай, дамудың алғышарты бола отырып қазіргі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуетін ортақ арнаға тоғыстырады, - деді Ж. Білісбеков.

Нұрғазы Бұқарбаев Шымкентте жұмысын бастаған «Аманат» азаматтық алаңының маңыздылығына назар аударды.

– Алдымызда Президент сайлауы тұр. Таяуда Шымкентте «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Бұл – әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық қоғам белсенділері кірді.

Бұл - еркін пікір алаңы. Осы жерде сайлауға қатысты мониторинг жүргізіліп, тұшымды ақпарат берілетін болады. Аталған тұғырнаманың белсенді жұмыс істеуіне Шымкенттегі қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытып отыр, - деді Н. Бұхарбаев.

Басқосуда Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова сөз алып, алдағы сайлауда ел ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір адамның дауыс беріп, таңдау жасауы азаматтық парызы екенін атап өтті.

– Шымкенттіктер барлық сайлауда белсенділік танытып келеді. Бұл жолы да халықтың белсенділігі жоғары деп айта аламын. Әлеуметтік желілерден байқағанымыздай, жастардың да қызығушылығы, қолдау білдіруі, азаматтық ұстанымы айрықша екенін аңғаруға болады. Биылғы сайлауға Шымкентте 122 мың жас қатыспақ.

Жалпы 9 маусымда өтетін Президент сайлауында Шымкент қаласында 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Шымкентте және қалаға қосылған елдімекендерде сайлау кезінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ. Әр сайлаушының дауысы елдің тағдырын шешеді. Сондықтан белсенді азаматтық ұстаным танытып, ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісім үшін дауыс беруге тиіспіз, - деді Айгүл Қапбарова.

Сарапшылар атап өткендей, демократиялық сайлау және дауыс беру құқығы – демократияға қажет элементтер, қазақстандық мемлекеттіліктің басты қағидасы. Жиынға қатысушылар әрбір қазақстандық елдегі жоспарланған саяси оқиғалардың мәнін және оның Отанымыздың одан әрі өркендеуі үшін маңызын түсінуі керек екеніне тоқталды.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.