Сайлауға келіңіз, дауыс беріңіз!

Среда, 29 Май 2019 04:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4390 раз

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымы күні өтеді. Сайлауды әзірлеу мен өткізу мәселелері 1995 жылғы 28 қыркүйекте қабылданған «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттеледі.

big 8ff071e3e5be95344b55f3781d519403

Осы Конституциялық Заңға сәйкес ел азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып саналады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ, оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.

Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдайларға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы бар.

Сайлауға тек қана сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар ғана қатыса алмайды.
Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейiн өткiзiледi.

Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы дауыс беру өткiзiлетiн күнге дейiн 10 күннен кешiктiрмей сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен хабардар етуге тиiс.
Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға сайлаушылар тiзiмдерi негiзiнде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi. Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат 12:00-ден кешiктiрілмей берiле алатын жазбаша өтініші бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру кезiнде сайлау комиссиясының мүшелерi, сайлау бюллетеньдерiнiң бүлiнуi мүмкiн екенi ескерiле отырып, олардың қажеттi мөлшерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру кезінде бюллетень (бюллетеньдер) сайлаушыларға сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсету арқылы, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiш негiзiнде берiледi, олар бұл туралы өтiнiшке қол қояды.

Есептен шығару куәлігі бір елдімекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беретін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының бюллетень алғаны жөнiнде қолы қойылады.

Сайлаушы өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ, оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады және осы әрекет жасау арқылы сайлаушы өзінің Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сайлау құқығын жүзеге асырған болып есептеледі.

Басында айтылғандай әрбір азаматтың сайлауға қатысуы немесе қатыспауы өз еркіндегі мәселе. Дегенмен, алда өтетін сайлау Президент сайлауы екенін, ал Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға болып табылатынын, сондықтан бұл сайлаудың өзге сайлаулардан маңызы еркеше екендігін де атап өту керек.

Алдағы бес жылда елімізді кім басқарып, еліміздің ішкі және сыртқы саясатын айқындайтын тұлға кім болатыны Отанымыздың әрбір саналы азаматы үшін маңызды мәселе саналады деп ойлаймыз. Осыған сәйкес біз оқырмандарымызды ҚР Президенті сайлауына қатысуға және өзі таңдаған кандидатқа дауыс беру арқылы еліміздің өсіп-өркендеп дамуына жетекшілік жасайтын лайықты көшбасшыны таңдауға өз үлестерін қосуға шақырамыз.

М.Зұлпыхар,
«Шымкент қаласының заң
консультанттары палатасының» мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.